Шу ауданында бейнебақылау камераларының көмегімен "той кортежін" ұйымдастырып, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізушілер анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға барысында көлік қозғалысы қарқынды жолда бірнеше автокөлік ретсіз қозғалып, бір-бірін басып озуға тырысқан. Сонымен қата кейбір азаматтар көлік терезесінен шығып, айқайлап, қауіпсіздік талаптарын мүлде елемеген. Мұндай әрекеттер өзге жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына айтарлықтай қауіп төндірген.
Полиция қызметкерлері жедел шаралар қабылдап, BMW, Toyota Camry, Mercedes, Mitsubishi автокөліктерінің жүргізушілерін анықтап, оларды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Аталған көліктер арнайы айып тұрағына қойылды.
Жамбыл облысы полиция департаменті мұндай "көңіл көтеру" әрекеттері қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін екенін ескертіп, жолдың ойын-сауық алаңы емес екенін тағы бір мәрте еске салады. Сондай-ақ азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, жауапкершілік танытуға шақырады.