19 наурызда Мемлекет басшысы Алматы қаласына жұмыс сапары аясында барып, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми әлеуетімен танысты. Сондай-ақ ғалымдармен кездесті.
Президент ғылыми қауым алдында сөйлеген сөзінде бүгінде түрлі мемлекеттер арасында технологиясы озық ел болу үшін қарқынды күрес жүріп жатқанын айтты.
– Біз еліміз өсіп-өркендесін десек, ең алдымен, цифрландыру мен жасанды интеллектінің дамуына баса мән беруіміз керек. Бұл – менің Президент ретіндегі ең маңызды мақсатымның бірі. Жалпы, соңғы уақытта бұл салада ауқымды шаруа атқарылды, әлі де көп жұмыс істеуіміз керек. Кейінгі бес жылда ғылым саласына салынған инвестиция көлемі алты еседен асты. Елімізде зерттеу университеттері көбеюде, олардың нақты өндіріспен байланысы нығайып жатыр. Үкіметтің мәліметі бойынша, қазір 200-ден аса коммерциялық жоба қолға алынды. Осылайша, «Университет – зерттеу – инновация – коммерция» экожүйесі біртіндеп пайда болып жатыр. Ғылым қалашықтары салынып, технология парктері және инжиниринг орталықтарының құрылысы басталды. Бір сөзбен айтқанда, ғылым саласында көп жыл бойы болмаған оң үрдістер байқалып жатыр. Бұл өте маңызды жұмысқа сіздер де белсене атсалысып жүрсіздер. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.
Президент енді еліміздің жаңа Конституциясына сай ғылым саласы бұдан да жоғары қарқынмен дамитынын айтты. Себебі Ата Заңымызда ғылымның өрісін кеңейту басты стратегиялық басымдықтың бірі ретінде көрсетіліп отыр. Бұл университеттерді, зерттеу инфрақұрылымын дамыту, ғалымдардың жағдайын жасау Үкімет жұмысының бір бағыты ғана емес, мемлекеттің конституциялық міндеті ретінде бекітілді деген сөз.
– Қазақстанда 420-дан астам ғылыми-зерттеу ұйымы бар. Онда 27 мыңнан аса ғалым мен ғылыми қызметкер еңбек етіп жүр. Бұл – өте үлкен академиялық корпус. Әсіресе, ғылыми ортаның жасарып келе жатқаны қуантады. Отандық ғалымдардың жартысына жуығы 40 жасқа толмаған. Мен қазақ ғылымының келешегіне үмітпен қараймын. Әйтсе де, халықаралық тәжірибемен жете таныс адам ретінде отандық ғылымның қазіргі жай-күйін асыра бағалаудан, «толайым табысқа жетті» деп айтудан аулақпын. Дегенмен ғылымды дамыту үшін бізде инфрақұрылым да, адами әлеует те бар. Үкімет пен ғылыми қоғамдастықтың алдында ортақ стратегиялық мақсат тұр. Ол – анағұрлым тиімді ғылыми орта қалыптастыру, экономикадағы инновацияны ынталандыру, ғылымды өндіріспен барынша ұштастыру. Ашығын айтқанда, шешімін күткен мәселе шаш етектен, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымды қаржыландыру ісіне қатаң тәртіп керек, қаражатты басымдықтарға қарай жұмсаған жөн деп санайды.
– Мемлекет соңғы алты жылда ғылымға арналған қаржыны бірнеше есе ұлғайтты. Жыл сайын ғылымға 200 миллиард теңгеден астам, тіпті, бұдан да көп, 500 миллион доллардан аса қаржы бөлінеді. Бұл – Қазақстан үшін қомақты ақша. Алайда ғылымды қаржыландырудың нақты нәтижесін әзірге көре алмай отырмыз. Бас прокуратура салалық министрлікте және Ғылым қорында көптеген әрі ауқымды қаржылық заңбұзушылыққа жол берілгенін әшкереледі. Неліктен осылай болғанын тап басып айту қиын. Грант алушыларды аккредиттеуден бастап қаржыландыру үдерісінің барлық кезеңінде кемшіліктер көзге көрініп тұр. Менің түсінігімде, ғылым мен жемқорлық бір-біріне кереғар құбылыс, екеуі қатар аталмауға тиіс. Мемлекет қаржысын жымқырғысы келетін кез келген әрекетке тосқауыл қоятын сүзгі не кедергі жоқ. Ғылыми үдерісті дамытудың тұжырымды көзқарасы қалыптаспаған. «Әйтеуір қаражатты қалайда игерсек болды» деген ұстаным тамыр жайған. Ғылыми жұмыстың нақты пайдасы, жаңашылдығы қандай? Оған ешкім бас қатырмайды. Бұған қоса, сараптама ұзаққа созылады. Жобалар уақытылы іске аспайды. Үкімет аталған мәселелерді егжей-тегжейлі тексеріп, жағдайды түзеу үшін шұғыл шаралар қабылдауы қажет, – деді Президент.
Мемлекет басшысы ғылыми әзірлемелер елге нақты пайда әкелуі керек екенін жеткізді.
– Ғылым бар сияқты, бірақ оның нақты пайдасын көрмей отырмыз. Маған үш мыңнан астам қолданбалы ғылыми жобаның тек 193-і ғана коммерцияландыруға лайық деп танылғаны, ал нарыққа бар-жоғы 29 жоба шыққаны баяндалды. Өкінішке қарай, индустрияға әсері, қайтарымы өте аз. Тағы бір келеңсіз жайт: заманауи өндіріс құруға бөлінген жер телімдері бос жатыр. Ал жұмысында олқылықтарға жол берген Ғылым қоры мемлекет қаржысын қайтармағаны өз алдына, тіпті, құқық қорғау органдарына да шағымданбаған. Ештеңе болмаған сияқты. Алайда құқық қорғау органдары грант ретінде алынған ақшаның кейін Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы мен Ғылым қоры қызметкерлеріне аударылғанын әшкереледі. Тексеріс нәтижесі бойынша 11 қылмыстық іс қозғалды. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында өзім шынайы құрметпен қарайтын ғылыми қызметкерлер туралы осындай ұятты деректерді ашық айту оңай емес. Бірақ Конституциядағы Заң мен тәртіп қағидаты ғылым қайраткерлеріне де қатысты. Ғылыми қоғамдастықтың абырой-беделіне нұқсан келтіретін осы жағымсыз жайт жауапкершіліктің болмауы, бақылаудың нашарлығы және процестерді цифрландырудың төмен деңгейі қайда әкеліп соғатынын анық көрсетті. Барлық ғылыми әзірлеме қолданбалы мәнге ие болуға тиіс. Экономиканың нақты секторларына белсенді енгізілуі керек, – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ Президент стратегиялық мақсатымыз ғылым мен инновацияға келетін инвестицияны еселеу екенін, бұған жеке кәсіпорындар мен кәсіпкерлер де атсалысуы қажет екенін айтты.
Мемлекет басшысы осыдан үш жыл бұрын елімізде әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жөнінде нақты тапсырма бергенін еске сала отырып әр филиал жоғары білім саласындағы бәсекені арттыруға ықпал етуі керек екенін жеткізді. Сонымен қатар кәсіптік, ғылыми, инженерлік-техникалық мамандарды сапалы даярлауға күш салудың маңызына тоқталды.
– Өздеріңізге мәлім, биылғы жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияладым. Менің ойымша, бізде заңгерлер, филологтар мен дипломаттар, яғни, гуманитарлық сала мамандары өте көп. Ұлттың менталитетін өзгертуіміз керек. Осы орайда университеттердің ерекше миссиясын атап өткім келеді. Олар білімді, парасатты, елдің келешегі үшін жауапкершілік арқалай алатын азаматтардың жаңа буынын тәрбиелеп шығаруда айрықша рөл атқарады. Мемлекеттің зияткер қауымы университет қабырғасында қалыптасады. Іргелі ғылымсыз жасанды интеллектіні дамыту мүмкін емес екенін түсінген жөн. Алгоритмдер мен күрделі инженерлік өнімдер, ең алдымен, дамыған ғылыми және университеттік ортада пайда болады. Сол себепті осы бағытқа айрықша көңіл бөлеміз, – деді Президент.
Мемлекет басшысының пайымдауынша, ғылым қалашықтары мен қарқынды дамитын қалалар инвестиция және жаңа технологияларды тарту орталығына айналуға тиіс.
– Осы міндетті іске асыру үшін тиісті тұжырымдама қабылданды. Бұл концепцияға сәйкес мықты ғылыми-технологиялық парктер құру жоспарланып отыр. Менің тапсырмам бойынша Курчатов қаласына ғылым қалашығы мәртебесін беру жұмысы басталып кетті. Парламент осындай қалашықтардың құқықтық мәртебесін және қаржыландыру тетіктерін айқындайтын заң жобасын қарап жатыр. Ғылымды арқау еткен аумақтар құру – біздің стратегиялық басымдыққа ие мақсатымыз. Жаңа Конституцияда қарқынды дамитын қалалар үшін арнайы құқықтық режим бекітілді. Сондықтан Alatau City жоғары технологиялар саласындағы инвесторлар үшін тартымды жобаға айналады деп сенеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, еліміздің ғылыми-академиялық қоғамдастығына үндеу жасады.
– Келер ұрпақ біздің кейбір кемшіліктерімізге көз жұма қарайтын шығар. Бірақ олар Қазақстанды әділетті, қуатты мемлекетке айналдыратын, заң мен тәртіп, тазалық, табиғатты аялау, білім және ғылым салтанат құратын мүмкіндікті мүлт жібергенімізді ешқашан кешірмейді. Қазақстан осындай ел болуы керек. Біздің түпкі мақсатымыз – осы.
Біз адам капиталының сапасын арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз қажет. Еліміздің ғылыми және академиялық қауымдастығының барлық өкіліне қарата айтқым келеді. Қазақстанның ертеңі қандай болады, қаншалықты жаңашыл әрі озық елге айнала аламыз? Бұл сіздердің идеяларыңызға, зерттеулеріңізге, жұмыстарыңыздың нәтижесіне, ашқан жаңалықтарыңызға тікелей байланысты. Баршамыз күш жұмылдыра отырып, Қазақстанды Еуразиядағы жетекші ғылыми және технологиялық орталыққа айналдыра алатынымызға сенемін, – деді Президент.