Колумбияда әскери ұшақ құлап, 34 адам қаза тапты

/
Колумбияда әскери ұшақ құлап, 34 адам қаза тапты
istockphoto.com

Колумбияда бортында сарбаздары бар әскери-транспорттық ұшақ апатқа ұшырады. Соңғы ресми мәліметтерге сәйкес, кемінде 34 адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Hercules C-130 ұшағы Перумен шекараға жақын Пуэрто-Легисамо қаласындағы базадан ұшып шыққаннан кейін көп ұзамай құлаған.Бортта 114 жолаушы және 11 экипаж мүшесі болған.

Колумбия президенті Густаво Петро X әлеуметтік желісінде 77 адамның ауруханаға жеткізілгенін, ал тағы 43 адамның әлі табылмағанын жазды. Құтқарушылар ұшақ сынықтарын аршып, құлаған аймақты тексеріп жатыр.

Колумбияның қорғаныс министрі Педро Санчес ұшақ бортында әскери қызметкерлер болғанын растады. Оның айтуынша, ұшақ аэродромнан шамамен бір жарым шақырым жерде құлаған. Салонда өрт шығып, соның салдарынан оқ-дәрілер жарылған. Сондай-ақ, ұшақты аймақта әрекет ететін көтерілісшілердің атып түсіргеніне қатысты ешқандай белгі жоқ екенін айтты.

Президент Густаво Петро бұл апатқа әскери техниканы, соның ішінде ұшақтарды жаңғырту бағдарламасының жүзеге асуын тежеп отырған «бюрократиялық мәселелер» себеп болды деп мәлімдеді.

«Мен енді ешқандай кідірістерге жол бермеймін, мәселе — біздің жас сарбаздардың өмірі», — деп жазды президент.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары