Наурызнама: Күлтегінмен құрдас ел

/
Наурызнама: Күлтегінмен құрдас ел

Менің ауылым аспанға бой созған алып таулардың ортасында. Піл сауырлы қыраттардың арасында тарыдай шашылған көп ауыл, әр сайда бөлек жайылған жылқы үйірі сияқты еді. Дұрысы, таң алдында жусап кеткен қалың жылқыдай бұйығып жататын. Сол көп ауылдың арасында менің ауылым ерекше болатын. Маркестің Макондосы сияқты. 

Біздің жоғалтқанымыз көп қой. Біз адам тұрмақ дәуірлерді жоғалттық. Адам­зат біздің ұлы өркениетіміз туралы мүл­де ұмытқан. Енді соны өзіміз де ептеп ұмы­та бастаған жайымыз бар. Маркестің кейіп­керлері сияқты. 
Аңыз өрген даласы, әлі күнге мифтік са­на­дан, ілкітөрден тамырын үзбеген адам­дары болатын. Қазір қайнаған тіршіліктің ор­дасына айналып, қызыққұмар туристердің та­банында қалған ауылымыз бұрын ана­мыз­дың баппен қайнатқан көжесіндей өз қа­за­нында ғана бұрқылдап жататын.
Әкемді ойласам, оның бетіне ақ жауып, бір­неше адам аулаға тігілген киіз үйге шы­ға­рып бара жатқаны ғана көз алдыма келеді. Со­сын шешем оның алты қабат аспанның ар­ғы жағына кеткенін айтты. Мен төртінші сы­нып бітіргенше оны күтіп жүрдім… Бүгінде сол ауылым да әкем кеткен жаққа кеткен сияқ­ты... ал менде бәрін суық ақылмен қа­был­дайтын қаттылық қана қалыпты. Ес­те­лік­тер көңілімнің гүлзарында Отырардың жұр­ты құсап құлазып жатыр.
Қытайды қырық жылға кері шегерген «Мә­дениет төңкерісі» дейтін алапаттың басы біз­дің өлкеде қазақтарды отырақтастырудан, бар­шаға түсінікті тілмен айтсақ, «кол­хоз­дас­тырудың» қытайлық үлгісінен басталған. Хан­тәңірдің бауырындағы ру-ру болып оты­ратын бір уыс қазақ сонда іркіттей іріпті. Ел­­­­дің азғантай ауқатты адамдарымен ешкім бір ауыл болғысы келмеген. Дұрысы, қорық­қан. Сонымен 50 түтін «бай» бөлек ауыл қонған. 
Біздің бала күніміздің өзінде әулет-әулет бо­лып отырып, қит етсе сойылдарын тақым­да­рына қысып шығып, жандаса кетуге даяр тұ­ратын «бай әулеттерінің» кеудесі басыл­ма­ған. Әлғожаның әулеті, Сұлтанның әулеті, Әлі­мақынның әулеті деген дүмді аталар бо­латын. Бірақ бәрі де ары кетсе тоғыз атадан қо­сылатын бір ел еді.
Бір анығы адам рухы өзін іздеуден еш­қа­шан айныған емес. Ал адамның өзін тануы мифтен басталады. Бүгінгі адам да – кешегі адам. Ол ертең де осы адам болып қал­мақ. Өнердің үлгісі қандай болуы керек еке­нін ешкім де білмейді. Бәріміз шарқ ұрып со­ны іздеп жүрміз. Өзімізді іздеп жүрміз. Ал мен өскен ауылдың адамдары мифті де, ер­тегіні де тарих ретінде қабылдайтын. Рас. Бәрі – миф. Ғылым – теориясы жетілген миф. Сая­сат – амал-тәсілдері жетілген миф. Бірақ ақ­шиліктер оған бас қатырып жатпайтын.
Осы болмысы бөлек ауылдың өзгеден ерек салттары мен ырымдары бар еді. Бүгінде қал-қадырымызша кітапқа қанып, ғылыми дүниелерге көзіміз жеткенде сол дәстүр­лер­дің сонау VI-VII ғасырларға табан тірейтін ықы­лым заманның құрдасы екенін біліп, ерік­сіз бас шайқап, таңдайқата боламын. Бала мінезді ауылдың танымы Тоныкөкпен құр­дас, Күлтегінмен замандас болса, қалай таң­дайқата болмайсың?
Мен өскен ауыл наурызды тойлаудан әл­деқайда ерте бастаушы еді. Үлкендер ке­лі­сіп, әр жылы 11 ақпанда  бір әулет наурыз салу­ды бастайтын. Соғымнан қалған кәрі жі­лік асылып, жеті дәмнен көже жасалады. Қа­занның төрт құлағына құйрық май қойы­лып, оны жыл тоқ болады деп балаларға же­гізетін. Сонымен наурыз басталады. Нау­рыз­дап күллі ауыл келеді. Жастарға марқұм ата­ларының, әжелерінің несібесі деп кеселеп кө­же ішкізетін. Сосын түс ауа көкпар бас­талу­шы еді. Осы думан сол аядай ауылда бір ай­ға жалғасады. Ақпаннан басталған наурыз айы­ның әр тақ күні бір әулет көже салып, тура бір айға жалғасатын. Әр тақ күні сондай ду­ман. Сол аядай ауылдың үлкендері күні бү­гін де солай наурыз салады. Жасымызға жас қосылды деп бір-бірін құттықтап жата­тын. Ол кезде туған күн тойлау дегенді біл­мей­тінбіз. Барлық адам наурызда туған деп ой­лаушы едік.
Енді, сіз «Күлтегін» тас бітігінен үзінді оқыңызшы. «Күлтегін қоң йылқа, йіті йе­гірмеке учды. Тоқузынч ай йіті отузқа йоқ ер­­түртіміз. Баркын, бедізің, бітіг таш(ын) бі­чін йылқа, йітінч ай йіті отузқа қой ал­қады(м)ыз» дейді. Ғалымдар оны «Күлтегін қой жылы, он жетінші күні өлді. Тоғызыншы ай­дың жиырма жетісінде жерледік. Мазарын, ою-өрнегін, жазба тасын бешін жылы же­тінші айдың жиырма жетісінде тегіс аяқ­та­дық» деп аударған. Мұндағы күнтізбелік мә­ліметтерді қараңыз:
Қоң йылқа – қой жылы; йіті йегірме – он же­тісі күні; Токузынч ай – Тоғызыншы ай; йіті отуз - жиырма жетісі; Бічін йыл – Мешін жы­лы; йітінч ай – жетінші ай. Қарап отыр­саңыз, сол кезеңнің өзінде он екі мүшелдік жылнаманың орныққанын байқаймыз. Со­ны­мен қатар қазақ ішінде күні бүгінге дейін ауы­зекі айтылатын айларды нөмірлеп айта­тынын байқаймыз. 
Осы мәтінге сүйенген көне түркі жазу­ларын зерттеуші Ғұбайдолла Айдаров өзінің зерт­теуінде «Күлтегін 731 жылдың 27 ақ­па­нын­да қайтыс болды» деп тұжырым жасай­ды. Осындай нақтылау Ю.Зуевтің еңбегінде де бар.  Осындай көптеген деректі саралай ке­ле, ғалым Серікбол Қондыбай «қой жы­лы­ның он жетісі» деген дата «27 ақпан» дейді. «Осы зерттеушілердің көрсеткен датасы дұ­рыс болған жағдайда, жыл басы ақпан айы­ның 10-ынан басталатын болып шы­ға­ды» (10 + 17 = 27 ақпан)» деген қызықты тұ­­жырым жасайды. Демек, осы ескі жыл­наманың жұрнағы тау бауырындағы шағын ел­дің санасында сақталып, көкірегінде қат­та­лып, 14 ғасыр бойы ұмытылмай келе жат­қаны ғой. 
Ал белгілі ғалым Әбутәліп Орынғазының «Қазақ күнтізбе жүйесінің  лексика-фра­зео­логиялық бірліктері» атты диссертациясында «қарт наурыз» күнтізбесінде ақпан айының бірін­ші жартысында, Айдың бір жаңасында қам­бар жұлдызымен тоғысуы жыл басы ре­тінде «ақтың мейрамы» деген атпен тойлан­ған.
Қамбар тоғысы – өзіндік жүйесі бар күн қайыру. Оның басы – бірдің айы. Жыл басын той­лау – айдың бірінші жаңасында бас­та­лады. Яғни, айға тәу ету салты қатаң сақта­ла­ды. Мейрамның аты «Қызыр ата мейрамы» не­месе «Ақтың мейрамы» деп аталған» деген де­рек келтіреді. 
Ал жиһангез Маркополо «ақтың мей­ра­мы күні барша жан үстіне ақ киетін бол­ған. Бір-біріне ақ түсті зат сыйлаған. Бір-бірімен құ­шақтасып, төс түйістіріп көріскен» деп тас­қа қашағандай таңбалаған.
Өздеріңіз аңғарғандай, қазақтың жұл­дыз санауының ескі бір ғұрпы қиян да­ланың бір қуысындағы менің ескі ауы­лым­да жұрнағы сақталыпты. Ескілердің жадына, ел­дің өткен тарихына бойлаған сайын кө­кіре­гің кеңейе бермек. Сол ауылымда ескі­ліктің, ілкі танымның елесі мен жұрнағы көп еді. 
Сондай таңданарлық естеліктің бірі студент кезімде болған. Біздің ауылда жылан әулетін «АБАҚАЙ» деп тергейтін. Тергеу деген бұл күнде құқықтық сипат алып «тергеп-тексеру» мәнін беріп кетті ғой. Дәстүрлі қазақ қоғамында адамның немесе заттың атын атамай, табу сөз қолдануды «ат тергеу» деуші еді. Абақай әулетіне зарар келтірмейтін. Жылан елін өздерімен қоңсы қонған намысқой, кекшіл ауыл деп білетін. Олардың қажет болса, көшкен елдің соңынан айлық жер болса да қуып жетіп, кегін алатынын аңыз қылып айтатын. Белгісіз көршілерінен әрі сескеніп, әрі сыйласып отыратын. Ордалы жыланның тәртібі, жыланмен арбасқан тарымшылардың хикаясы, Кегін қуып келген жыланның әңгімесі ауылда көп болатын. Сол кезде атын тергеп, «АБАҚАЙ» деп отырушы еді.
Әлқисса, арман қуып, Еуразия ұлттық уни­верситетіне оқуға түскен шағымда сол «АБАҚАЙ» алдымнан шықты. Бірақ мен ол кезде оның тамыры соншама тереңге кеткен ескі мәдениеттің куәсі екенін білмейтін едім.
Бірде Журналистика факултетінде сту­дент­­тер ұйымдастырған әлдебір кеш бола­тын болып, сонда бардым. Ертелеу келіп ал­­ған екенмін. Залда адам жоқ. Тек алдыңғы қа­тарда белгілі ақын, сол кезде Филология фа­культетіндегі Қытай тілі кафедрасының мең­герушісі, профессор Дүкен Мәсімханұлы отыр­ғанын көзім шалып, қасына барып сә­лем бердім. Біз әңгімелесіп отырғанда қасы­мызға бір ақ шашты кісі келді. Келді де Дүкен аға­мызға:
– Әй, Дүкен, абақай деген не? – деп төте­сінен сұрақ қойды. Дүкен ағамыз сәл кідіріп қалды да: 
– Білмейді екем, – деді. Сонда әлгі кісі:
– А, сен қызай емес пе едің? – деді. Дүкен аға сырбаз жымиып, мені нұсқады:
– Міне, сізге қызай керек болса.
Ағамыз маған бұрылды.
– Абақай деген не?
– Жылан.
– Ендеше, сен настоящий қызайсың.
Мен түк те түсінбей аңырып қалдым. Ішім­­­нен «менің руымның бұған қан­дай қа­ты­сы бар» деп ойлап тұрмын. Ол кү­дігімді аңғарса керек. Сөзін сабақтады.
– Қай – ескі түркі сөзі. Жыланның әуелгі атауы – қай. Бірақ біздің танымымызға сай, оны тергеу атымен «жылан» деп атаған. Кейін бірте-бірте тергеу аты алға шығып, өз атауы ұмытыла бастаған. Сол мың жылдық ескі сөз тек қызай арасында ғана сақталған. Ал а­ба – басқалқа, сардар деген сөз. Қысқасы, аба­­қай – жылан патшасы. Осы түркі зама­ны­ның ескі атауы тек қызайлар арасында ғана сақталған. Мен шетелден келген ағайын­нан көп сұрадым, – деді. 
Соның арасында ел жиналды. Кеш бас­тал­­ды. Кештен кейін білдім. Марат Уатқан де­ген ағамыз екен. Бұл әңгіме санамның те­рең түпкірінде қалып қойды. Егер ғалым Серікбол Қондыбайдың бір мақаласы кө­кірегімді түртпегенде, мүмкін, ұмытып та ке­тер ме едім. Тамыры мың жылдықтарға жайыл­ған осы қаһарлы сөздің тағдыр та­лайын­да тұтас түркінің жүріп өткен тарихи кешуі жатқандай...
Көне түркі және Алтай халықтарында «қай» сөзі жылан деген мағынаны білдіреді. Про­фессор Жамбыл Артықбаев «Абақай тура­лы ертеректе бір емес бірнеше мақала жаз­ғанмын, ол атаудың этимологиясы тү­сінікті – Аба қай дегеніңіз – Ата жылан. Оны анықтау үшін сөздік аударудың да қажеті жоқ, ол сөздің мағынасын ке­зінде Көкше мен Қараөткел ара­сын, қазір Іленің жоғарғы жа­ғын мекендеп отырған қы­зай­лар сақтап отыр» деген тұ­жырымы да көп ойға түрткі болды. 
Ал, Әбілғазы баһадүр хан­ның атақты «Түрік ше­жіре­сінде» Қайы тайпасының таң­басы сызылып, жылан түрінде бей­неленеді. Бұл ежелгі тайпа­ның атауы мен таңбасындағы осы ұқсастықтар тіптен кездейсоқтық емес. 
Есімізге лингвист Құдайберген Жұбанов­тың «Тарихты тану үшін өлі мәтін­дер­ді емес, тірі халықтың тілін зерттеу ке­рек» деген сөзі осындайда жаңғырып алдың­нан шығады. Шынымен де, қазақтың бір шағын руы қызайдың тілінде тамыры ғұн ке­зеңіне барып тірелетін ежелгі сөз, түркі за­манынан қалған ескі дәстүр сақталып тұр­ған болса, бұл біздің халқымыздың алып те­ректей тереңге кеткен тамырын білдірмей ме? 
Арғы жағы талапты зерттеушілерге ама­нат. Туған ауылымызды еске алғанда, кө­кірек­те қатталып қалған естеліктер осылай жүрек тебіренте бермек. Тәмат-тамам.

Ербол АЛШЫНБАЙ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары