Инклюзия: бәріміз бірдейміз

/
Инклюзия: бәріміз бірдейміз
сурет: istockphoto.com

Қазіргі қоғамның даму бағыты әрбір адамның, оның физикалық немесе психикалық ерекшеліктеріне қарамастан толыққанды өмір сүру құқығын мойындауға негізделген. Иә, бұл – гуманизмнің басты қағидаларының бірі. Кейінгі жылдары инклюзия ұғымы тек ғылыми ортада ғана емес, мемлекеттік саясат пен қоғамдық дискурстың негізгі тақырыптарының біріне айналды. Елімізде де инклюзивті білім беру адами әлеуетті дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды құрамдас бөлігі саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, әрбір баланы оның қажеттіліктеріне қарамастан қолдау әділетті әрі орнықты қоғам қалыптастырудың негізгі шарты. Біз осы мақаламызда аталған бағытта қандай іс-шаралар жүзеге асып жатқанын, қандай мәселелер барына тоқталмақпыз. 

Ерекше қажеттіліктері бар адамдар – бұл тек медициналық тұр­ғы­дан шектеуі бар жандар ғана емес. Олар да қоғамның белсенді мүшесі, өз арманы, қа­білеті мен мақсаты бар тұлғалар. Де­ген­мен олардың әлеуетін ашу үшін қоғамдық са­на мен ортаның қолайлы болуы өте маңыз­ды. Көп жағдайда адамдар мұндай аза­маттарға жанашырлық танытқанмен, шын мәніндегі қолдау олардың тең дәре­же­де өмір сүруіне жағдай жасау екенін тү­сіне бермейді. Мысалы, ғимараттардағы пан­дустар, дыбыстық бағдаршамдар, ар­наулы білім беру ресурстары мен жұмыс орын­дары – жай ғана ыңғайлылық емес, бұл әлеуметтік әділеттіліктің көрсеткіші.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­­­мы­ның дерегі бойынша, бүгінде әлемде ша­мамен 1,3 миллиард адам, яғни жер ша­­­рындағы халықтың шамамен 16 пайы­зы белгілі бір деңгейдегі мүгедектікпен өмір сүреді. Бұл – әрбір алтыншы адам ерек­ше қажеттіліктерге ие деген сөз.
Көптеген дамыған ел инклюзивті сая­сат­ты мемлекеттік деңгейге көтеріп отыр. Мысалы, Жапонияда компаниялар ерекше қа­жеттіліктері бар азаматтарды жұмысқа қа­былдауға міндетті, ал Еуропада әрбір ме­кеме «қолжетімді орта» қағидатына сай болуы тиіс. Францияда инклюзия саясаты қо­ғамның барлық саласында жүйелі енгі­зіл­се де, әлі де толық бейімделу мәселесі өзе­кті. 
Инклюзивті білім беру – қазіргі за­ман­ның маңызды үрдісі ғана емес, жалпы бі­лім беру жүйесін дамытудың табиғи жә­не заңды бөлігі, арнайы білім қажет­ті­лік­терін меңгерген, ерекше балаларға бі­лім берудің жалпы тәсілі. Атауына келсек, «инклюзивті білім беру» француз тілінен ау­дарғанда «inclusif» «өзіне ендіру» дегенді біл­дірсе, латын тілінен аударғанда «include» «ену» дегенді білдіреді. Ол балалар­дың дене, психикалық, зияткерлік, мәде­ниэт­никалық, тілдік және басқа да ерек­ше­ліктеріне қарамастан, сапалы білім беру ортасына айрықша білім алу қажет­ті­ліктері бар балаларды қосуды, барлық ке­дергілерді жоюды, олардың сапалы бі­лім алуы үшін және олардың әлеуметтік бейім­делуін, социумге кірігуін көздейді. Іс жү­зінде әлемнің дамыған барлық елінде бұл жаңа білім беру бағыты қабылданған. Бү­гінде инклюзияны немесе білім беру ор­­тасына кіріктіруді, ерекше қажет­ті­лік­тері бар балаларды басқа дамуы қалыпты оқу­шылармен бірге оқыту деп те атауға бо­ла­ды. Ерекше білім алуды қажет ететін ба­лалар осындай тәжірибе арқылы басқа ба­лалармен араласады, өседі, дамиды жә­не қалыпты білім беру мекемесіне барып, он­да өз достарын табады. Жалпы айтқан­да, барлық балалар сияқты өмір сүреді. 

Ғылым не дейді?

2024 жылы «Психологическая наука и образование» журналында жарияланған зерттеу инклюзивті және сегрегациялық тә­сіл­дердің тиімділігін салыстырды. Зерт­теу­ге ерекше білім беру қажеттіліктері бар 68 студент қатысқан. Эксперимент аясын­да бір топта аралас (инклюзивті) формат­та, екінші топта сегрегациялық (оқшау­лан­­ған) формат қолданылды.
Зерттеу нәтижесі бойынша сег­ре­гация­лық топтардағы студенттердің пси­хо­логиялық жағдайы айтарлықтай на­шар­лаған. Атап айтқанда көңіл күй дең­гейі төмендеген, өзін-өзі бағалау на­шар­лаған, белсенділік азайған. Ал инклюзивті ор­тада оқыған студенттерде бұл көрсет­кіш­тер әлдеқайда тұрақты болған. Бұл дерек­тер сегрегацияның, яғни адамдарды бө­лек оқыту немесе оқшаулау психоэ­мо­цио­налды тұрғыдан тиімсіз екенін көр­сетеді.
Сарапшылардың пікірінше, тиімді инк­люзия бірнеше негізгі шартқа сүйенеді. Атап айтсақ, білім беру ортасының бейім­делуі, психологиялық-педагогикалық қол­дау, ата-аналар мен мамандардың бір­лескен жұмысы және  кедергісіз орта қа­лыптастыру. 

Еліміздегі жағдай

Қазақстанда кейінгі жылдары ин­клю­зив­ті қоғам құруға бағытталған нақты қа­дамдар жасалуда. Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің дере­гін­ше, елімізде шамамен 740 мыңға жуық адам, яғни халықтың 3,6 пайызы ерекше қа­жеттіліктері бар азаматтар болып тір­келген. 2024 жылдың соңына қарай елі­міз­де 22 мыңнан астам әлеуметтік инф­ра­құры­лым нысаны – мектептер, емханалар, мә­дениет үйлері мен спорт залдары – бейім­делген. 
Сондай-ақ электронды «Әлеуметтік қыз­меттер порталы» арқылы азаматтар оңал­ту құралдарына онлайн өтініш бере ала­ды. БҰҰ Даму бағдарламасының қол­­­дауы­мен мұражайлар мен мәдениет орын­дары ерекше адамдар үшін қолжетімді бо­ла бастады.
Жуырда Мемлекет басшысының тап­сыр­масымен алғаш рет 2026-2030 жыл­дар­ға арналған «Қазақстан балалары» тұ­­­­­жырымдамасы әзірленді. Құжат ба­лалық шақ мәселелеріне бірыңғай көз­қа­рас қалыптастырып, қолданыстағы ша­ра­лар мен бағдарламаларды тұтас жүйеге бірік­тіреді. Биыл қаңтар айында Үкіметтің ше­шімімен бекітілген аталған тұжы­рым­дама балалардың құқықтарын қорғауға, қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге және олар­дың жан-жақты дамуына бағытталған ал­ғашқы бірыңғай стратегиялық құжат бо­лып табылады. Онда 158 іс-шара мен 10 негізгі индикатор көзделген.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұл­дыз Сүлейменова: «Тұжы­рым­да­маның негізгі мақсаты – әрбір баланың бі­лім алу, денсаулығын сақтау, әлеуметтік қор­ғалу және отбасында тәрбиелену құ­қықтарын қамтамасыз ететін жүйелі әрі үйлестірілген тәсілді қалыптастыру. Осы мақ­сатқа қол жеткізу үшін құжат бала­лар­дың қауіпсіздігін күшейтуге, пси­хо­ло­гия­лық және әлеуметтік қолдау жүйесін же­тілдіруге, сондай-ақ ведомствоаралық үй­лестіруді нығайтуға бағытталған. Қа­зақстан бала құқығын қорғауға арналған мақ­сатты ұлттық стратегиясы бар санау­лы мемлекеттердің бірі», – деген еді.
«Қазақстан балалары» тұжы­рым­да­ма­сын­да бала құқығын қорғау сала­сын­да жаңа жүйелі тәсілдерге көшу көзделген. Ал­ғаш рет баланың өмірлік жолын цифр­лық сүйемелдеу тетігі енгізіліп, онлайн қауіп­­­­­сіздік шаралары күшейтіледі, ин­клюзивті орта мен өңірлердегі қолжетімді балалар инфрақұрылымын дамытуға ба­сым­дық беріледі. Сондай-ақ медициналық жә­не оңалту ұйымдарының желісін кеңей­ту жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, мектептерде ерекше на­зар­ды қажет ететін балаларды педа­го­ги­калық сүйемелдеу жүйесі енгізілуде. Бұл жүйе арқылы әрбір бала үшін педагогтар, мек­теп психологтары және ата-аналардың қа­тысуымен жеке профилактикалық жұ­мыс жоспары әзірленеді. Бұл іс-шара тәуе­кел тобына жататын оқушыларды ер­те анықтап, оларға уақытылы психо­ло­гия­лық-педагогикалық қолдау көрсетуге бағытталып отыр.
Жаңашылдық 2025 жылғы 30 жел­тоқ­санда Мемлекет басшысы қол қойған «Құ­қық бұзушылықтардың алдын алу ту­ралы» Қазақстан Республикасының заңын­да көзделген. Норма 2026 жылғы 2 нау­рыздан бастап күшіне енді. Қазір Оқу-аға­рту министрлігі педагогикалық сүйе­мел­деу қағидаларын бекіту бағытында жұ­м­ыс жүргізуде.
Сүйемелдеу аясында педагогтар мен мек­теп психологтары баламен же­ке жұмыс жүргізеді, ата-аналармен өзара іс-қимыл қамтамасыз етіледі, қажет бол­ған жағдайда әлеуметтік қызметтер тар­ты­лады. Бұл іс-шараның мақсаты – кә­ме­летке толмағандар арасындағы құқық бұзу­шылықтардың алдын алу және ба­ла­ларға дер кезінде көмек көрсету.
Сонымен қатар қабылданып жатқан іс-шаралар аясында елімізде ерекше білім беру­ді қажет ететін балаларды қолдау инфра­құрылымы кезең-кезеңімен кеңей­тілу үстінде. Қазір Қазақстанда 537 бейінді ұйым жұмыс істейді. Олардың қатарында 48 балабақша, 99 мектеп, 126 психо­ло­гия­лық-медициналық-педагогикалық кон­суль­тация, 238 психологиялық-педа­го­ги­калық түзету кабинеті, 12 аутизм ор­та­лы­ғы және 14 оңалту орталығы бар. Қол­дау кабинеттерінің саны 1 095-ке дейін артты.
2025 жылдың қорытындысы бойынша елі­міздегі мектептердің 95,2 пайызы ерек­ше білім беру қажеттіліктері бар бал­а­лар­ды оқытуға жағдай жасаған. Инклюзивті ор­тада 94 527 бала білім алуда. Мем­ле­кет­тік тапсырыс аясында 7 775 мүмкіндігі шек­теулі бала психологиялық-педаго­гика­лық қолдаумен қамтылған.
 Қазір еліміздің білім беру ұйым­да­рын­да 3,8 мың педагог-ассистент және 10 275 арнайы педагог қызмет атқаруда.
Сондай-ақ мектептерде мүмкіндігі шек­теулі және өмірлік қиын жағдайға тап бол­ған балаларға жеке көмекші лауазымы ен­гізілді. Нәтижесінде, 129 ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаға физикалық сүйемелдеу көрсетілді, оның ішінде бұрын үйде оқыған 45 бала жалпы білім беретін мек­тептерде білім алуға мүмкіндік алды.
Елімізде ерекше білім беру қажет­тілік­тері бар балаларды қолдауға арналған инфрақұрылым белсенді дамып ке­леді. Бүгінде 516 арнайы ұйым жұмыс іс­тейді. Мемлекет басшысының тапсыр­ма­­­сына сәйкес аутизм орталықтарының желісі кеңейтілуде, сондай-ақ ерте жастан бас­тап мамандық алуға дейінгі балаларды ке­шенді сүйемелдеу тұжырымдамасы бе­кі­тілді. Айта кетейік, инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалған білім беру ұйым­дарының үлесі 93,3%-ды құрайды. Ал ар­найы психологиялық-педагогикалық қол­даумен қамтылған балалар саны 87%-ға жеткен.

Жасанды интеллект – жаңа мүмкіндіктер

Қазір инклюзивті білім беру бағытын­да жасанды интеллект технологиялары үлкен мүмкіндіктер ашып отыр. Бірін­ші­ден, ЖИ инклюзивті білім беруде жеке оқу траекториясын қалыптастыруға көмек­тесе­ді. Арнайы алгоритмдер әр оқушының қабілеті мен даму қарқынын талдап, соған сай жеке оқу жоспарын ұсына алады. Мы­са­л­ы, көру немесе есту қабілеті шектеулі ба­лалар үшін мәтінді дыбысқа айнал­ды­ра­тын, бейнематериалды субтитрмен қам­тамасыз ететін жүйелер тиімді қол­да­нылады. Екіншіден, жасанды интеллект мұ­ғалімге көмекші құрал ретінде қызмет ете­ді. Ол оқушылардың үлгерімін автомат­ты түрде бақылап, қиындық туындаған сәт­те мұғалімге ескерту жібереді. Осы­лай­ша, педагог әр баланың даму ерекшелігін ес­ке­ріп, уақытында қолдау көрсете алады. Со­нымен қатар ЖИ негізінде жасалған вир­туалды ассистенттер мен чатботтар ерек­ше балалардың тілдік және комму­ни­ка­тивтік дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Мұндай бағдарламаларда эмоция­ны тану, сөйлеуді түзету және қарым-қа­ты­насқа үйрету функциялары бар.
Сондай-ақ инклюзивті ортада ақ­парат­қа тең қолжетімділікті қамтамасыз ету маңызды. Жасанды интеллекттің кө­мегімен оқу материалдары бірнеше фор­матта – мәтін, аудио, бейне және тактильді түр­де ұсына алады. Бұл мүмкіндігі шек­теулі балалардың білімге қызығушылығын арт­тырып, оқыту сапасын жақсартады. Мем­лекет тарапынан да бұл бағыт назар­дан тыс емес. «Цифрлық Қазақстан» бағ­дар­ламасы аясында білім беру саласын тех­нологияландыру, соның ішінде инк­лю­зив­ті мектептерге арналған цифрлық ше­шімдерді енгізу қолға алынған. Astana Hub және Bilim Media Group секілді орта­лық­тар осы бағытта пилоттық жобалар әзір­леуде. Болашақта ЖИ мен педаго­гика­ның үйлесімді дамуы – инклюзивті қоғам қалыптастырудың басты шарты болмақ.

Дегенмен мәселе де жоқ емес

ЮНИСЕФ-тің «Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің жағдайын талдау» (2024) есебінде елдегі балалар мен жасөс­пірім­дердің ахуалына жан-жақты шолу ұсынған. Бұл талдауда денсаулық және тамақтану, білім беру, баланы әлеуметтік қорғау және көмек жүйесі, қоршаған орта бейімдеу салаларындағы жетістіктермен қатар, мүгедектігі бар, ауылдық жерлерде тұратын, тағы да басқа ең осал топтардың құқығын толық жүзеге асыруына кедергі келтіретін теңсіздіктер анық көрсетілген.
Есепке сәйкес, 2010 жылы ЕБҚ бар ба­лалар саны 28 175 болса, 2022 жы­лы бұл көрсеткіш 107 839-ға жетіп, 283%-ға артқан. Ал 2023 жылы 6-18 жас ара­лығындағы мүмкіндігі шектеулі бала­лар саны 137 434-ке жетті. Соған қара­мас­тан, 2023–2024 оқу жылында олардың тек 38%-ы (52 655 бала) ғана орта білім беру ұйым­дарына тартылған. Бұл инклюзивті бі­лім берудің қамту деңгейі әлі де жеткі­ліксіз екенін аңғартады.
Мектепке дейінгі білім беру саласында да теңсіздік байқалады. 2021 жылғы де­рек­­тер бойынша, ЕБҚ бар балалардың тек 11%-ы жалпы балабақшалардағы арнайы топтарға, ал 13%-ы арнайы балабақша­лар­ға барған. Бұл көрсеткіштер ерте жастан инклюзивті ортаға қолжетімділік шек­теу­лі екенін көрсетеді, ал дәл осы кезең ба­ла­ның әлеуметтік бейімделуі үшін аса маңызд­ы.
Мәселенің маңызды қыры – жүйелік кем­шіліктер.  Инклюзивті білім беру сая­саты көбіне «жоғарыдан төмен» қағи­да­ты­мен жүзеге асырылады, бұл мектептер, мұ­ғалімдер, ата-аналар мен оқушылардың нақты қажеттіліктерін толық ескермеуге әкеледі. Мұғалімдердің ЕБҚ бар бала­лар­мен жұмыс істеуге даярлығы жеткіліксіз, ал біліктілікті арттыру тәсілдері ескірген, дейді есепте.
Сонымен қатар мектептердегі инклю­зив­ті тәжірибелерді бақылау мен бағалау жүйесі әлсіз дамыған. Инфрақұрылымдық және технологиялық қамтамасыз ету де жет­кіліксіз деңгейде қалып отыр. Кейінгі жыл­дары білім беру саласына бөлінетін қар­жының бір бөлігі цифрландыру мен мұ­ғалімдердің жалақысын арттыруға ба­ғыт­талғанымен, бұл инвестициялар ЕБҚ бар балалардың нақты қажеттіліктерін то­лық жаба алмайды. Қолжетімді орта (пан­дустар, лифттер, арнайы жаб­дықтар) мен көмекші техноло­гия­­лар барлық білім беру ұйым­­дарында бірдей енгі­зіл­меген.
Зерттеуде қо­ғам­дық көз­қарас та маңыз­­­ды фак­торлардың бірі бо­лып отырғанын ай­тады. Мәселен, ата-ана­­­­лар­дың 70 пайызы ерекше қажет­тіліктері бар балалардың балабақ­шаға баруын қол­дай­ты­нын көрсеткенімен, олар­дың тек 33 паы­зы ғана өз ба­­­ласының сол ортамен бір­ге болуына дайын. Сонымен қатар ата-ана­лардың жартысына жуығы мұндай ба­лалармен бірге оқуға немесе ойнауға қар­сылық білдіреді. Бұл қоғамда түсініс­пеу­шіліктің әлі де жоғары екенін дәлел­дей­ді. Мамандар ара­сында да пікір біркел­кі емес: денсаулық сақ­тау саласы қызмет­кер­лерінің тек 17 пайызы және бі­лім беру са­ласының 57 пайызы ғана инклюзивті орта идеясын толық қол­дай­ды.
Халықаралық деңгейде де алаңдау­шы­лық бар. 2024 жылы мүгедек­тер­дің құқықтары жөніндегі комитет Қазақстанда көптеген баланың әлі де үйде оқ­шауланған түрде білім алатынын атап өтті. Сонымен қатар интернаттық ме­ке­ме­лердегі балалардың сапалы білімге қол жет­кізуі де күмән тудырады. Соған қара­мас­тан, жасөспірімдердің көзқарасы инк­люзивті қоғам қалыптастыруда оң өзгерістердің бар екенін көрсетеді. Олар мүмкіндігі шектеулі адамдарды қоғамға толық интеграциялау, тең қарым-қатынас орнату және бұл құндылықтарды ерте жас­тан қалыптастыру қажеттігін атап өте­ді. Жастар білім беру мен еңбек нары­ғын­да тең мүмкіндіктер жасау, қолжетімді инфрақұрылым қалыптастыру және кем­сіту­шілікті жоюды басты басымдық ретін­де көреді. Бір айта кетерлігі, бұл 2024 жыл­­дың есебі болғандықтан қазіргі жағ­дай біршама жақсарған болуы да мүмкін. Ал ЮНИСЕФ-тің өткен жылғы есебі әлі дайын болмаған сынды. Дегенмен жо­ғарыда біз келтірген еліміздегі жетістіктер бұл саланың олқылықтарының орнын жа­бады деп сенеміз.

Түйін: 

Кейде қоғам ерекше адамдарды аяйды, бірақ қабылдай алмайды. 
Ал шын мәнінде, оларға аяушылық емес, тең мүмкіндік пен құрмет қажет. Біз оларды «мүгедек» деп бөлмей, өмірдің түрлі салаларында, білімде, жұмыста, мәдениетте, спортта қатар жүрген азаматтар ретінде көруіміз керек. Мысалы, әлемде ерекше қажеттіліктері бар тұлғалар саясатта, өнерде, спортта үлкен жетістікке жетіп отыр. АҚШ-та Паралимпиада чемпиондары ұлттық батыр дәрежесіне ие болса, Жапонияда және Кореяда ерекше қажеттілігі бар өнерпаздар мен кәсіпкерлерді қолдау арнайы мемлекеттік бағдарламалар арқылы жүзеге асады. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қолдау көрсету бұл тек әлеуметтік міндет емес, адамгершілік борыш. Нағыз өркениетті қоғам – бәріміз бірге өмір сүретін, бір-бірімізді түсінетін және қолдайтын қоғам.

Наурызбек САРША

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары