Наурыз қарсаңында Ұлттық ұланның Алматыдағы автопаркі заманауи техникамен толықты

/
Наурыз қарсаңында Ұлттық ұланның Алматыдағы автопаркі заманауи техникамен толықты
Ұлттық ұлан

Алматы және Түркістан қалаларында Ұлттық ұланның әскери бөлімдері жаңа автопатрульдермен толықты. Айрықша мәнге ие бұл оқиға жаңару мен бірліктің мерекесі – Наурыз мейрамы қарсаңында өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жаңа автокөліктер Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабековке таныстырылды.

Генерал-майор А. Балтабеков қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттерін атқаратын әскери бөлімдердің техникалық базасын жаңарту маңыздылығына ерекше тоқталды.

– Ұлттық ұлан қоғам тыныштығын, заң мен тәртіпті қорғауда. Қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындау жоғары дайындық пен жедел әрекет етуді талап етеді. Жаңа автопатрульдер бөлімшелердің әлеуетін едәуір арттырып, қызмет тиімділігін күшейтеді деп сенемін, – деді Бас қолбасшы.

Жаңадан келген техника патрульдік қызметтің сапасын жақсартуға, шақыртуларға әрекет ету уақытын қысқартуға және азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, материалдық-техникалық базаны жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Қысқа уақыт ішінде Ұлттық ұлан бөлімшелеріне 336 заманауи техника жеткізілді, оның ішінде 120-дан астамы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдері арасында үлестірілген.

Автопарктің жаңартылуы – елдегі тұрақтылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету міндеттерін орындауда Ұлттық ұланның жауынгерлік әзірлігін нығайтуға және қызмет тиімділігін арттыруға бағытталған кезекті қадам.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары