АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы жүргізілген әскери операция жаһандық қақтығыстың алдын алды деп мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz aljazeera.com-ға сілтеме жасап.
Оның айтуынша, егер АҚШ соққы жасамағанда, Иран бір айдың ішінде ядролық қаруға қол жеткізіп, оны Израиль мен Таяу Шығыстың басқа елдеріне қарсы қолдануы мүмкін еді.
«Егер біз олардың ядролық әлеуетін жоймасақ, олар бір ай ішінде қару жасап, қолданар еді. Бұл ядролық соғысқа, кейін Үшінші дүниежүзілік соғысқа ұласар еді», – деді Трамп Ақ үйдің ресми арнасындағы мәлімдемесінде.
Сондай-ақ ол операцияның негізгі себебі ретінде Иранның зымыран бағдарламасының қарқынды дамуын атады. Президенттің пікірінше, баллистикалық зымырандарды әзірлеу жобалары «өте жылдам қарқынмен» жүргізілген.
Трамптың бұл мәлімдемесіне қатысты ресми Иран тарапы әзірге пікір білдірген жоқ. Сарапшылар мұндай мәлімдемелер халықаралық жағдайдың шиеленісуіне әсер етуі мүмкін екенін айтып жатыр.