Қазіргі білім беру кеңістігі цифрлық технологиялардың қарқынды дамуына сай жаңарып келеді. Мектептерде оқушылардың тек теориялық білім алып қана қоймай, заманауи технологияларды еркін меңгеруі маңызды міндеттердің біріне айналды. Осы бағытта мектептерде білім беру үдерісін жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам жасалып жатыр.
Елордадағы №8 мектеп-лицейде CYBERPACK.Ai толықтай заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген жаңа білім беру кабинеті салтанатты түрде ашылды. Кабинеттің дизайны мен техникалық жабдықталуы оқушылардың ыңғайлы білім алуына, шығармашылық және зерттеу дағдыларын дамытуына бағытталған.
Жаңа кабинетте оқушылар STEAM, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект бағытында тәжірибелік жұмыстар жүргізіп, заманауи құралдар арқылы білім алу мүмкіндігіне ие болады.
Бұл бастама білім беру ұйымдарында инновациялық оқу ортасын қалыптастыруға және мектеп оқушыларының заманауи технологиялар саласындағы құзыреттіліктерін дамытуға бағытталған.
Кабинеттің ашуылуымен қатар «Жасампаздық мектебі: STEAM және AI құралдары арқылы білім берудің заманауи моделі» тақырыбында практикалық семинар ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында мұғалімдер жаңа платформаның мүмкіндіктерімен танысып, оны сабақ үдерісінде қолданудың практикалық жолдарын талқылады.
Семинардың негізгі мақсаты – білім беру ұйымдарында STEAM бағыттарын дамыту, жасанды интеллект құралдарын оқу процесіне енгізу және мектептердің цифрлық трансформациясын қолдау. Іс-шара барысында қатысушылар білім беру жүйесіндегі заманауи технологиялардың мүмкіндіктерімен танысып, инновациялық білім беру шешімдері мен тәжірибелерін алмасады.
Практикалық семинар барысында ұстаздар платформаның мүмкіндіктерін нақты мысалдар арқылы көрсетті. Мұғалімдер табиғат құбылыстарын модельдеу, деректерді талдау және интерактивті тапсырмалар арқылы оқушылардың сабаққа қатысу белсенділігін арттыру тәсілдерін таныстырды. Қатысушылар жаңа цифрлық құралдардың оқу процесін қызықты әрі тиімді етуге зор ықпал ететінін атап өтті.