Павлодар облысында ауыл тұрғындары өздерін құтқарған учаскелік инспектордың көмекшісіне шынайы алғыстарын білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ақтоғай ауданының полиция бөліміне шамамен сағат 15:00-де хабарлама түсті. Уайымдаған әйел бірнеше сағат бұрын жұбайы – шаруа қожалығының басшысы Талап Омаров пен сол шаруашылықтың тракторшысы Қонақпай Сағитов шөп әкелуге шығып, әлі оралмағанын, әрі олармен байланыс үзілгенін жеткізді.
Хабарды алған бойда Ақтоғай ауданы полиция бөлімінің учаскелік инспекторының көмекшісі Исабек Кенжебаев іздеу жұмыстарына кірісті. Оның айтуынша, жоғалған азаматтар тәжірибелі жүргізушілер болғандықтан, жай ғана адасып кетуі екіталай еді.
– Хабар түскен соң дереу ауыл тұрғындарын іздеуге шықтым. Мен Талап пен Қонақпайдың тәжірибелі адамдар екенін білетінмін. Іздеу жұмыстарына ауыл әкімі Ризабек Кетиков пен екі ауыл тұрғыны да қосылды. Сол күні ауа райы өте қолайсыз болды: қатты аяз, боран, көріну мүмкіндігі мүлдем жоқ. Осындай жағдайда олар бағытынан жаңылған болуы мүмкін деп ойлап, бірден Ертіс өзенінің жайылмасына қарай орналасқан жайылымдарға бет алдық. Іздеу жұмыстары алты сағаттан астам уақытқа созылды. Кешкі сағат 21:00 шамасында оларды тауып алдық. Мен үшін ең бастысы – ауыл тұрғындарын аман-есен үйлеріне қайтару еді, – деді Исабек Кенжебаев.
Ал Талап Омаров сол күнгі жағдайды былай еске алады:
– Таңертең ерте әріптесіммен бірге шөп әкелуге шыққанбыз. Бәрі жақсы басталды. Алайда біраз уақыттан кейін ауа райы күрт бұзылып, қатты боран соқты. Көзге түртсе көргісіз жағдай болды. Ауылға қарай бағыт алғанымызбен, уақыт өте келе жолдан жаңылып қалғанымызды түсіндік. Біресе бір бағытқа, біресе екінші бағытқа жүріп, жол іздедік. Ақыры жанармайымыз таусылып, байланыс та үзіліп қалды. Аяз күшейіп, күн де бата бастады. Далада он сағаттан астам уақыт жүрдік. Үмітіміз азайғанымен, бізді іздейтіндерін білдік. Бізді іздеп келген учаскелік инспекторды көрген сәтте бірден: "Исабек, сен кереметсің, ең мықтысың!" дедім. Исабек Кенжебаевқа адамдарды қатты боран кезінде құтқарғаны үшін, адамгершілігі мен жоғары кәсібилігі үшін шексіз ризамын. Қиын ауа райына қарамастан, ол батылдық танытып, бүкіл ауылды жұмылдырды. Соның арқасында мен қазір отбасым мен жақындарымның жанындамын. Исабектің бұл ісі – қоғамға адал қызмет етудің, азаматтық жауапкершілік пен борышқа беріктіктің айқын үлгісі. Оған зор денсаулық, амандық және қызметіне табыс тілеймін, – деді Талап Омаров.
Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, өңір полицейлері арасында осындай кәсіби шеберлік пен жанқиярлықтың үлгісі болатын оқиғалар аз емес. Қиын жағдайда жауапкершілік пен жанашырлық таныту – нағыз полицейге тән қасиет. Мұндай мысалдар тәртіп сақшылары үшін абырой мен батылдықтың жай ғана сөз емес, өмірлік ұстаным екенін дәлелдейді.