Елдегі референдумды бақылау үшін 359 халықаралық байқаушы аккредиттелді

/
Елдегі референдумды бақылау үшін 359 халықаралық байқаушы аккредиттелді

Қазақстанда республикалық референдумға жүйелі дайындық жалғасуда, оның аясында дауыс беру рәсімдерінің ашықтығы мен оларға сенімді қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуда. Бұл үдерісте халықаралық байқаушылардың қатысуы маңызды рөл атқарады.

Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерманның хабарлауынша, 2026 жылғы 9 наурыз сағат 18:00-дегі жағдай бойынша, яғни аккредиттеуге өтінімдерді қабылдау аяқталған сәтте Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Орталық референдум комиссиясына 38 шет мемлекет пен 11 халықаралық ұйымнан 359 байқаушының кандидатурасын ұсынды.

Оның айтуынша, халықаралық байқаушылардың қатысуы референдумның ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етудің маңызды элементі болып табылады. Қазақстан Республикасы халықаралық байқау институтын дамыту жөніндегі өз халықаралық міндеттемелерін дәйекті түрде орындап келеді.

Халықаралық байқаушылардың қатысуының құқықтық негізі «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 6-бабының 4-тармағында көзделген. Оған сәйкес, референдум өткізу кезінде шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың аккредиттелген байқаушылары қатыса алады.

Шетелдік байқаушылар референдумды байқауға Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясы Төрағасы мен Сыртқы істер министрінің шақыруы бойынша қатысады, ал олардың аккредиттелуі Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы негізінде Орталық референдум комиссиясы арқылы жүргізіледі.

Халықаралық байқау институтын ашу туралы шешім 2026 жылғы 12 ақпанда қабылданды. Аккредиттеу рәсімі 2026 жылғы 9 наурызда Астана уақытымен сағат 18:00-де аяқталды.

Халықаралық байқаушылардың қатысуы – Қазақстан Республикасында референдумды дайындау және өткізу процесінің ашықтығын қамтамасыз етудің маңызды элементі.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары