Атырау облысында көші-қон заңнамасын бұзудың 300-ге жуық дерегі анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Атырау облысы аумағында көші-қон заңнамасын бұзушыларды анықтау және заңсыз көші-қон арналарын жолын кесу мақсатында 25 ақпан мен 4 наурызы аралығында "Мигрант" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Іс-шара барысында көші-қон заңнамасын бұзудың 278 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталды.
Сот шешімімен 14 шетелдік Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары шығарылды.
Шара кезінде тәртіп сақшылары шетел азаматтарының өңірге келуін және олардың заң талаптарын сақтауын бақылауға алуда. Ішкі істер органдарында уақытылы тіркелмеген немесе рұқсатсыз еңбек қызметін жүзеге асырып жүрген шетел азаматтары анықталып, оларға қатысты тиісті шаралар қолданылуда.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзған шетелдіктерге әкімшілік айыппұл салу немесе ел аумағынан шығару туралы шешім қабылдануы мүмкін. Ал заң талаптары жүйелі түрде бұзылған жағдайда, Қазақстан Республикасына қайта кіруге бірнеше жылға тыйым салынуы ықтимал. Сонымен қатар заңсыз жұмыс күшін пайдаланған жұмыс берушілерге де қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілік қарастырылған.