Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сербия президенті Александр Вучич БАҚ өкілдерінің алдында сөз сөйледі, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мемлекет басшысы шақыруын қабыл алып, Астанаға ресми сапармен келгені үшін Президент Александр Вучичке және делегация мүшелеріне шынайы ризашылығын білдірді.
– Сербия – Қазақстанның Балқан түбегіндегі маңызды әрі сенімді серіктесі. Берік достық, өзара қолдау және ортақ мүдде елдеріміздің ынтымақтастығына арқау болып отыр. Мен екі жыл бұрын Белградқа жасаған сапарымды ыстық ықыласпен еске аламын. Сол кездегі келісімдердің табысты жүзеге асырылып жатқанын ерекше ризашылықпен атап өткім келеді. Биыл екі мемлекеттің дипломатиялық қатынас орнатқанына 30 жыл толады. Президент Александр Вучичтің сапары осы мерейлі межеге тұспа-тұс келіп отыр. Осы уақыт ішінде Қазақстан мен Сербия арасында барлық деңгейде өзара сенімді арқау еткен саяси диалог орнады. Нақты шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Үкіметтеріміз нәтижелі жұмыс істеп, Парламентаралық байланыс нығайып келеді. Сауда-экономика және инвестиция саласындағы ынтымақтастық күшейді. Мәдени-гуманитарлық бағытта айтарлықтай табысқа қол жеткіздік. Халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастығымыз тереңдей түсті, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы өзара ынтымақтастықты дамытуға Сербия Президентінің зор үлес қосқанын жеткізіп, еліміз мұны өте жоғары бағалайтынын айтты.
– Сондықтан бүгін Жоғары Мәртебелі Президент Александр Вучичті Қазақстан Республикасының ең жоғары наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттадым. Бұл награда – Қазақ елінің Сізге және бүкіл Сербия халқына деген ерекше құрметі, шынайы ілтипатының белгісі. Мызғымас достық пен қолдауға негізделген серіктестігіміз алдағы уақытта да нығая береді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Вучичпен кеңейтілген құрамда мазмұнды келіссөз жүргізгеніне тоқталды.
– Сауда, көлік-логистика, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект және мәдени-гуманитарлық саладағы ықпалдастық мәселелерін жан-жақты талқыладық. Нақты уағдаластықтарға қол жеткіздік. Сауда-экономика және инвестиция саласындағы байланысты дамыту қажеттігіне баса назар аудардық. Қазір екі елдің арасындағы алыс-беріс көбейіп келеді. Елімізде 60-қа жуық серб компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Дегенмен біздің экономикалық әлеуетіміз бұдан әлдеқайда жоғары. Сондықтан сауда-саттық көлемін ұлғайтуға келістік. Мемлекеттеріміздің мүддесіне сай келетін жаңа инвестициялық жобаларды пысықтауға уағдаластық. Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия бұл жұмысқа баса мән беруі қажет, – деді Президент.
Мемлекет басшысы елімізге Александр Вучичпен бірге ірі кәсіпкерлер келгенін, сапар қарсаңында Қазақстан – Сербия Іскерлік кеңесінің отырысы өткенін еске салды.
– Бизнес өкілдері арасындағы байланысты күшейту қажет екенін атап өттік. Жалпы, біз Сербия кәсіпкерлеріне қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге айрықша назар аудардық. Былтыр Астана мен Белград арасында тікелей әуе рейсі ашылды. Бұл – ықпалдастығымызды дамыту жолындағы маңызды қадам. Сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің транзиттік мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, жүк тасымалдайтын жаңа бағыттар ашу мәселесіне тоқталдық. Инфрақұрылым саласындағы әріптестікті нығайту жолдарын талқыладық. Тиісті министрліктер мен операторларға нақты ынтымақтастық тәсілдерін айқындауды ұсындық. Энергетика саласында аса маңызды минералдарды өндіру және өңдеу, қосылған құны жоғары өндірістерді дамыту үшін өзара іс-қимылды күшейтуге келістік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бейбіт атом энергетикасы бойынша тәжірибе алмасу мүмкіндігі қарастырылғанын жеткізді
– Келіссөз барысында жасанды интеллектіні және заманауи цифрлық технологияны жаппай енгізу стратегиялық тұрғыда маңызды екенін атап өттік. Осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенімізді растадық, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ауыл шаруашылығы саласында зор мүмкіндік бар.
– Біз агроөнеркәсіп кешеніндегі әріптестікті жандандыруға мүдделі екенімізді білдірдік. Соның ішінде өсімдік, тұқым шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайтамыз деп келістік. Сербиялық «Mambikom Agrar» компаниясы Қазақстанда мұздатылған өнімдер шығаратын зауыт ашуға ниет танытып отыр. Бұл қадам аграрлық сектордағы ықпалдастықты жаңа деңгейге көтереді деп сенеміз. Сондай-ақ біз мәдени-гуманитарлық, білім беру және туризм саласындағы қарым-қатынасты дамытуға уағдаластық, – деді Президент.
Мемлекет басшысы келесі жылы Сербияның ЭКСПО көрмесін табысты өткізуіне еліміздің тілектес екенін жеткізді. Бұл ретте Қазақстан «EXPO 2027 Belgrade» көрмесіне қатысып, өз тәжірибесін бөлісуге дайын екенін де баса айтты.
– Жалпы, бүгінгі келіссөздер өте табысты болды. Бірлескен мәлімдеме қабылдадық. Жан-жақты ынтымақтастыққа тың серпін беретін бірқатар маңызды құжатқа қол қойдық. Осы келісімдердің нәтижесінде екі елдің қарым-қатынасы нығая түсетіні сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ тараптар халықаралық және аймақтық мәселелер жөнінде пікір алмасқан.
– Жаһандық геосаяси ахуалдың ушығуына, қақтығыстардың көбеюіне бәріміз алаңдап отырмыз. Әлемдегі көптеген түйткілге қатысты мемлекеттеріміздің ұстанымы – ұқсас. Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының және халықаралық құқық нормаларының талаптары қатаң сақталуға тиіс. Кез келген жанжалды келісім арқылы дипломатиялық жолмен шешу қажет деп санаймыз. Біз болашақта да халықаралық деңгейде күш біріктіріп, тиімді жұмыс істеуге, бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге белсене атсалысамыз деп келістік. Бүгінгі сапар екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсетіні анық. Бұған қос тарап та мүдделі. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Бірлесіп әрекет етсек, ортақ мақсаттарға қол жеткіземіз деп сенемін, – деді Қазақстан Президенті.