Талай ұлтты бауырына басқан қазақ халқына алғысым шексіз – Наргизам Махмудова

/
Талай ұлтты бауырына басқан қазақ халқына алғысым шексіз – Наргизам Махмудова

2016 жылғы 14 қаңтарда 1 наурыз елімізде Алғыс айту күні деп жарияланды. Содан бері бұл күн  ең алдымен еліміздегі тыныштық пен үндестікті, өзара келісім мен бейбітшілікті айшықтайтын күнге айналды. Алғыс айту күні түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды. Бұл айтулы күнде елімізді мекен еткен түрлі этнос өкілдері қиын-қыстау кезеңде құшақ жая қарсы алған қазақ халқына ризашылығын білдіріп, ақжарма тілегін арнап жатады. Осы ретте ұйғыр этномәдени орталығының мүшесі Наргизам Махмудова қазақстандықтарды ерекше мейраммен құттықтап, өзінің жылы лебізін жеткізді.

«Менің аталарым 1960 жылдары қазақ еліне қоныс аударған. Өмірдің түрлі қиын-қыстау кезеңдерінде өздеріне пана іздеп, осы кең байтақ даладан орын тапқан екен. Әкем ол кезде небәрі 2 жаста болыпты. Аталарым тау баурайына орналасқан ауылымызда бау-бақша өсірумен айналысып, алма мен өріктің көшеттерін будандастырып, жаңа сорттарын шығарумен айналысқан. Бүкіл ауыл-аймаққа көшет таратып, еңбегімен елге пайдасын тигізген. Соның арқасында бүгінде біздің ауылымызда гектар-гектар болып жайқалған алма бақтары бар. Бұл – маңдай тер мен адал еңбектің жемісі. Әке-шешем КСРО кезінде білім алған, алғыр, білімді, білікті мамандар болды. Әкешімнен ерте айырылып қалдық. «Жақсыдан тал қалады» дейді халқымыз. Әкемізден бізге үлкен алма бақ, адал есім және еңбекқорлықтың үлгісі қалды. Біздің отбасымыз ешқашан ұлтқа, ұлысқа бөлінген емес. Мүмкін, сондықтан болар, мен қоғамда, этносаралық келісім саласында аянбай еңбек етіп келемін. Бірлік пен татулықтың қадірін жүрегіммен түсінемін. Мен тәуелсіз Қазақстанда дүниеге келдім. Осы елде білім алдым, осы елде еңбек етіп, өмір сүріп келемін», – дейді ол.

Наргизамның айтуынша, алғыс айту – жай сөз емес. Алғыс айту – өткенді ұмытпауға, бірлікті сақтауға жетелейтін шынайы сезім.

«Бұл күннің тарихын бәріміз білеміз. Бұл – тағдыр тауқыметімен Қазақстанға келген түрлі этностың қазақ халқына деген ризашылығының белгісі. Қиын заманда құшағын ашып, бір үзім нанын бөліп берген қазақ халқының кеңдігі мен мейірімі – ұмытылмас тарих. Мен Конституция бойынша тең құқылы азаматпын. Дініме де, этносыма да қарамай, мені қорғайтын, емдейтін, білім беретін мемлекетім бар. Мен өз елімді сүйемін. Бүгін мен ата-анама, бауырларыма, достарыма, дәрігерлерге, әскери қызметкерлерге, тәртіп сақшыларына, ұстаздарға, ең бастысы, дархан мінезді Қазақ еліне шынайы алғысымды білдіремін. Қазақ халқы – тарихта талай ұлтты бауырына басқан халық. Аштықта да, соғыста да, қуғын-сүргінде де адамгершілігін жоғалтпаған ұлт. Сол кең жүректің арқасында біздің отбасымыз да осы қасиетті жерде тамыр жайып, өсіп-өркендеп келеді. Біз үлкен тарихы бар отбасымызбен осындай бейбіт, тәуелсіз елде өмір сүріп жатқанымыз үшін шексіз ризамыз. Алғыс айту – жай сөз емес. Бұл – жүректегі шынайы сезім. Алғыс айту – өткенді ұмытпау. Алғыс айту – бірлікті сақтау. Сондықтан қазақ еліне мың алғыс! Берекелі бірлігіміз мәңгі болсын!», – дейді ол.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар