Құқық, қауіпсіздік, теңдік: Жаңа Конституция нені өзгертеді?

/
Құқық, қауіпсіздік, теңдік: Жаңа Конституция нені өзгертеді?
сурет: GOV.KZ

Жаңа Конституция жобасы еңбек адамының құқығын жай декларация деңгейінде емес, мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде бекітуді көздейді. Қауіпсіз еңбек жағдайы, әділ еңбекақы, кемсітушілікке жол бермеу және әлеуметтік кепілдіктерді күшейту – құжаттағы негізгі бағыттардың өзегіне айналған. Сарапшылардың айтуынша, бұл өзгерістер еңбек қатынастарын құқықтық тұрғыдан реттеп қана қоймай, әлеуметтік әділдікті мемлекет саясатының бағдарына айналдырады. Яғни, жұмысшы өндірістегі «ресурс» емес, конституциялық деңгейде қорғалатын тұлға ретінде танылады. Бұл – еңбек қауіпсіздігін күшейту, жұмыс берушінің жауапкершілігін арттыру және әр азаматтың жақсы өмір сүруіне құқықтық негіз қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.  Конституциясы жобасының 27-бабы әр адамның еңбек құқығын қорғайды. Мұнда әр азаматтың еңбек етуге, қауіпсіздік пен гигиена талаптарына сай еңбек жағдайын талап етуге және еңбекақы алуға құқығы бекітілген. Осы ретте Turkystan.kz тілшісі мамандардан жаңа Ата заңдағы еңбек қауіпсіздігі туралы нормалардың маңызы туралы пікірін білген еді.

Ермек ӘБДІРАСЫЛОВ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы:

Әлеуметтік әділет стратегиялық бағыт ретінде айқындалған

Еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік әділеттілік саласындағы негізгі бағыттар жаңа Конституция жобасындағы нормалар мен ережелерде неғұрлым айқын көрініс тапқан.

Біріншіден, бұл – еңбек ету мен әлеуметтік тұрғыда қорғалу құқығын бекіту. Жаңа Конституция жобасында еңбек адамының рөлі мен қызметкерлердің құқықтарына ерекше мән беріліп, олар мемлекеттің дамуының маңызды негізі ретінде қарастырылады, яғни жай ғана экономикалық ресурс емес, әлеуметтік саясаттың құрамдас бөлігі ретінде айқындалады. Мәселен, Конституция жобасының 27-бабының 3-тармағында Қазақстан Республикасы қауіпсіздік пен гигиена талаптарына сай еңбек жағдайларына құқыққа, еңбегі үшін қандай да бір кемсітусіз сыйақы алуға, сондай-ақ әлеуметтік қорғалуға құқыққа заңға сәйкес кепілдік беретіні жазылған. Бұл еңбек ету құқығының конституциялық құндылық ретінде танылуын, қызметкер мүдделерінің негізгі заң деңгейінде қорғалуын, әлеуметтік қорғалу кепілдіктерінің күшеюін (жұмыспен қамтудың тұрақтылығы, негізсіз жұмыстан босатудан қорғау) білдіреді.

Екіншіден, бұл – қауіпсіз еңбек етуге жағдай жасау. Конституция жобасында қауіпсіз еңбек жағдайларының қағидаттары көрініс тапқан, бұл әсіресе өнеркәсіп пен өндіріс саласында аса маңызды.

Үшіншіден, әлеуметтік әділет конституциялық нормаларда мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде айқындалған. Мұндай императивтер Ата заңның нормалары мен қағидаттарында, атап айтқанда Конституция жобасының Преамбуласында  көрініс тапқан, онда Қазақстан халқы Әділетті Қазақстан идеясын және Заң мен Тәртіп қағидатын басшылыққа ала отырып, Конституцияны қабылдайтыны айтылады. Бұл ұғым еңбек қатынастарындағы әлеуметтік әділеттілікпен ғана шектелмейді. Жаңа Конституция барлық азаматтардың мүмкіндіктерін теңестіруге, құқықтар мен міндеттердің әділ бөлінуіне, негізгі әлеуметтік құқықтарды қорғауға құқықтық негіз қалайды. Мұндай тәсіл әлеуметтік әділеттіліктің конституциялық қағидат ретінде барлық мемлекеттік институттардың қызметінің негізінде жататынын білдіреді.

Төртіншіден, әлеуметтік кепілдіктердің кең ауқымды контексі қарастырылған. Жаңа Конституция жобасында адамның негізгі құқықтары (мысалы, бостандық, заң алдында теңдік, қолсұғылмаушылық құқығы) бекітіледі, бұл – әлеуметтік әділеттіліктің базалық негізі. Сонымен қатар білім беру, ғылым және адами капиталды дамыту басымдықтары айқындалып, бұл да әлеуметтік әділеттілікпен жанама түрде байланысты.

Осылайша, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасында Еңбек қауіпсіздігі және әлеуметтік әділеттілік саласындағы негізгі бағыттар жүйелі көрініс табады. Бұл еңбек және әлеуметтік қорғау құқығын Конституциялық бекіту, қауіпсіз еңбек етуге жағдай жасау, мүмкіндіктер теңдігі мен құқықтар мен міндеттерді әділ бөлу қағидаттарын бекіту арқылы жүзеге асырылады. Ең бастысы, Конституцияның осы қағидаттары мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағдары ретінде «Әділ Қазақстан» идеясын нығайтады.

Абай ДҮЙСЕНБАЕВ, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Философия және саясаттану факультетінің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты:

Әділ әлеуметтік модель қалыптастыратын құжат

Қоғамда еңбек адамының құқығы белгілі бір заңдармен қорғалуы, әдетте жақсылықтың нышаны саналады. Себебі, өткен ғасырда болсын, бүгінгі күні де қарапайым жұмысшыға дұрыс жалақы төлеу, құқығын қорғау, әлеуметтік жағдайын жақсарту, қауіпсіз еңбек етуіне жағдай жасау, тегін медициналық көмек беру сияқты мәселелер қоғамда үлкен резонанс тудыратынын білеміз.

Жаңа Конституция әлеуметтік әділдікті нығайтуға, әр азаматтың қауіпсіз еңбек етуіне, еңбегіне әділ ақы алуына және кемсітушілікке жол бермеуге конституциялық кепілдік береді. Бұл нормалар өндіріс орындарындағы адамдарға аса маңызды. Нақты дәлел ретінде 27 бапта «1. Әр адамның еңбек етуге, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға құқығы бар. Еңбекке мәжбүрлеп тартуға қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін адамды кінәлі деп тану туралы сот актісінің негізінде, не төтенше жағдайда, не соғыс жағдайында жол беріледі.; 2. Қазақстан Республикасы қауiпсiздiк пен гигиена талаптарына сай еңбек жағдайлары құқығына, еңбегi үшiн қандай да бiр кемсiтусiз сыйақы алу, сондай-ақ әлеуметтiк қорғалу құқығына заңға сәйкес кепілдік береді.; 3. Заңда белгіленген тәсiлдерді қолдана отырып, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешу құқығы танылады.; 4. Тынығу, жұмыс уақытының ұзақтығы, демалыс және мереке күндерi, ақы төленетін демалыс құқығына заңмен кепiлдiк беріледi» деп жазылған. Бұл өте дұрыс және маңызды деп білеміз. Себебі, жұмысшының  еңбек нарығында емес, сол нарықтағы әр еңбек адамының өзін қорғалған, құрметке ие және дамуға мүмкіндігі бар екенін сезінетін әділ әлеуметтік модель қалыптастырады. Қарапайым азаматтар үшін бұл – тұрақты жұмыспен қамтылып, қауіпсіз жағдайда еңбек етіп, адал еңбекақы мен мемлекеттің еңбек адамын қорғайтынына берілген кепілдік. Сондай-ақ, Жаңа Конституциядағы негізгі әлеуметтік және еңбек нормаларына мыналарды айтамыз:

Қауіпсіз еңбек жағдайы: Әрбір азаматтың қауіпсіз және гигиеналық талаптарға сай жұмыс орнында еңбек етуіне құқығы бар;

Жақсы жалақы: Еңбекке лайықты және әділ ақы төленуіне кепілдік беріледі;

Кемсітушілікке тыйым: Жұмысқа орналасуда немесе еңбек процесінде жынысына, жасына, ұлтына қарамастан кемсітуге жол берілмейді;

Әлеуметтік әділеттілік: Мемлекет азаматтардың құқықтары мен міндеттерінің теңгерімін сақтай отырып, әлеуметтік қорғауды күшейтеді;

Бұл өзгерістер Жаңа Конституциядағы әлеуметтік әділдік пен еңбек нормаларының қауіпсіздігін реттеуде, қызметкерлердің құқығын қорғауда және мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруда маңызды рөл атқарады.

Олжас ӘДІЛОВ, «Qarmet» акционерлік қоғамындағы «AMANAT» партиясы филиалының төрағасы:

Адам өмірі мен денсаулығы басты құндылық ретінде бекітілген

Өнеркәсіпте, әсіресе металлургия саласында, еңбек қауіпсіздігі – жай талап емес, өмірдің өзі. Қызған пеш, ауыр агрегаттар, жоғары температура мен күрделі технологиялық үдеріс темірдей тәртіп пен нақты қорғаныс стандарттарын талап етеді. Сондықтан жаңа Конституция жобасында еңбек қауіпсіздігі мәселесіне айрықша мән берілген.

Жобаның басты ұстанымы айқын: пеш басында, прокат станының қасында, агрегат жанында тұрған жұмысшы Конституция деңгейінде қорғалуға тиіс. Өндіріс күрделі болуы мүмкін, бірақ адамның қауіпсіздігі ешқашан екінші орында тұрмауы керек.

Жаңа Конституция өндіріс адамдарына түсінікті қағидаттарды қалыптастырады. Ең алдымен, өмір мен денсаулық – бірінші орында. Ешбір металл адам өмірінен қымбат емес. Мемлекет қауіпсіз өндірістік ортаны қалыптастыруға және еңбек қорғау стандарттарының сақталуын күшейтуге міндетті.

Екіншіден, жұмыс берушінің жауапкершілігі. Қауіпсіздік корпоративтік мәдениеттің өзегіне айналады: жарамды құрал-жабдық, заманауи қорғаныс құралдары, уақтылы нұсқама, апаттың алдын алу тек техника қауіпсіздігі емес, конституциялық талап.

Үшіншіден, жұмысшы құқығын қорғау. Металлург еңбек қауіпсіздігі бұзылған жағдайда өз құқығын қорғай алатынына сенімді болуы керек. Бұл — бақылаушы органдарға жүгіну мен сот арқылы қорғаудың нақты тетіктері.

Төртіншіден, цифрлық қауіпсіздік. Өндіріс автоматтандырылып, цифрлық бақылау жүйелері енгізілген сайын жұмысшылардың дербес деректерін қорғау мәселесі де өзекті бола түседі. Конституциялық нормалар осы бағытта қосымша кепілдік береді.

Металлургия – сын-қатері жоғары сала. Сондықтан еңбек қауіпсіздігін Конституция деңгейінде бекіту ұзақ мерзімде нәтижелер береді. Жаңа Конституция металлургтерге жақсы таныс қағидатты бекітеді: өндіріс тиімді ғана емес, қауіпсіз де болуға тиіс. Металды қайта балқытуға болады, агрегатты ауыстыруға болады, бірақ адам денсаулығы – орны толмас құндылық.

Осылайша, конституциялық өзгерістер өнеркәсіп саясатының жаңа философиясын қалыптастырады. Онда өндірістің дамуы еңбек адамының қауіпсіздігімен тікелей байланысты. Бұл – әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды қадам.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары