Ақмола облысының Ақкөл аудандық сотында материалдық сыйақы үшін өзінің банк шотын бөтен біреуге заңсыз бергені үшін Н-ға қатысты «Дропперлік» бабы бойынша қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.
20 жастағы Н өз атына банк шотын ашып, оны сыйақы алу үшін басқа адамға пайдалануға берген.
Сотта Н кінәсін мойындап, әлеуметтік желіде жеңіл табыс туралы жарнама арқылы сілтемеге өткенін, белгісіз адаммен хат алмасу барысында оның нұсқауларын орындағанын, атқарған жұмысы үшін 18 000 теңге алғанын көрсетті.
Сотта куә - алаяқтардың құрбаны болған Б мессенджер «WhatsApp» арқылы жиенінің атынан оған көрсетілген банктік шотқа ақша аударуды сұраған хабарлама келгенін айтты. Б көрсетілген банк шотына 100 000 теңге аударғаннан кейін, оның алаяқтар екенін түсініп, полицияға жүгінген.
Ақша аударымы банк деректерімен расталды. Оған сәйкес Н-ның шотына 100 000 теңге түсіп, бірден басқа тұлғаға аударылған, кейін Н-ның шотына 18 000 теңге түскен.
Сот үкімімен Н.-ға 20 АЕК (86 500 теңге) айыппұл тағайындалып, заңсыз алынған 18 000 теңге мемлекет кірісіне тәркіленді.
Б-ның ақшасын жымқыру фактісі бойынша қозғарған қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында.