Жұмыртқа әлемдегі ең танымал тағамдардың бірі саналады. Ол маңызды қоректік заттарға бай, организмнің қалыпты жұмысын қолдайды. Дегенмен, сарапшылар жиі талқылайтын сұрақ мынау - жұмыртқаның қай бөлігі пайдалырақ: сарысы ма, ағы ма? turkystan.kz зерттеп көрді.
Жұмыртқаның сарысы дәрумендер мен минералдарға бай. Онда A, D, E, K дәрумендері мен B тобының дәрумендері бар. Сондай-ақ сарысында темір, фосфор, селен сияқты минералдар кездеседі. Сарысынан алынатын майлардың құрамында Омега-3 полиқанықпаған май қышқылдары да бар (егер тауық дұрыс қоректендірілсе). Бұл заттар жасуша мембраналары мен жүрек-қан тамырларының жұмысын қолдайды. Сондай-ақ онда холестерин концентрациясы жоғары. Дегенмен соңғы зерттеулерге қарағанда, сау адамға жұмыртқаны орнымен жеу «жаман» холестеринге қатты әсер етпейді. Негізгі әсер басқа тағамдардағы трансмайлар мен тез сіңетін көмірсулардан болады.
Жұмыртқаның ағы май мен холестеринге бай емес, бірақ оңай сіңетін ақуызға өте бай. Ол бұлшық еттің өсуі мен тіндерді қалпына келтіру үшін қажет. Ақуызы аз мөлшерде B тобы дәрумендері (мысалы, рибофлавин) мен калий, натрий сияқты минералдарға ие. Калориясы төмен болғандықтан, жұмыртқаның ағын салмағын бақылап, диета ұстайтын адамдар көп жейді.