University of Zurich зерттеушілері миға әлсіз электр стимуляциясын жасау адамдардың эгоизмін басуы мүмкін екенін анықтады. Бұл туралы BBC хабарлады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тәжірибе барысында еріктілердің басына электродтар бекітіліп, 1-2 миллиампер шамасындағы өте әлсіз ток берілген. Соның нәтижесінде мидың екі аймағының белсенділігі жақсырақ синхрондалып, қатысушылар ақшаны өзіне қалдырудан гөрі, бейтаныс адамдармен бөлісуді жиі таңдаған.
Ғалымдардың түсіндіруінше, мұндай стимуляция шешім қабылдау мен эмпатияға жауап беретін нейрондық желілердің өзара байланысын күшейтеді. Нәтижесінде адам «маған» емес, «бізге» бағытталған таңдау жасайды.
Алайда әсері әлсіз әрі уақытша болған. Стимуляция тоқтағаннан кейін мінез-құлық біртіндеп қалыпты деңгейге оралады.
Соған қарамастан зерттеушілер бұл әдіс болашақта эмпатиясы төмен немесе әлеуметтік өзара әрекетте қиындықтары бар адамдарға көмектесуі мүмкін екенін айтады. Дегенмен мұндай тәсілді кеңінен қолдану үшін қосымша зерттеулер қажет.