«Жастар Рухы» жастар қанаты Қостанай облыстық филиалының ұйымдастыруымен жыл сайын Қостанай қаласының орталық алаңында бос орындар жәрмеңкесі өтеді. Биыл жәрмеңкеге 90-нан астам ұйым, соның ішінде мемлекеттік органдар, жеке компаниялар мен кәсіпорындар қатысты. Қатысушы ұйымдардың арасында Қостанай облысының барлық 20 аймағынан мансап орталықтарының өкілдері болды. Бұл жұмыс іздеушілерге туған ауылдарындағы бос жұмыс орындары туралы білуге, сондай-ақ «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жұмысқа тұруға бірегей мүмкіндік береді. Осындай жәрмеңке арқылы жұмыс тапқан жас маманның бірі – Аружан Кенжеғали. Аружан Қостанайда өткен жәрмеңкенің көмегімен өзі білім алған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті Жастар саясаты басқармасына әдіскер қызметіне жұмысқа тұрған, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде музыка пәнінің мұғалімдерін даярлау мамандығы бойынша оқыдым. «Жастар рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен вакансиялар жәрмеңкесі болатынын әлеуметтік желіден естіп, барған едім.
Магистратураға түсуге оқталған соң, мектепке мұғалімдікке барғым келмеді. Сондықтан жәрмеңкеге барып, түрлі вакансияларды қарадым. Онда көп вакансия болды, әсіресе, техникалық мамандарға, сонымен қатар ЖОО-ларда жұмыс істегісі келетіндерге қажет жұмыс орындары туралы көп мәлімет айтылды. Әрі ол жердегілер де саған көмектесуге асығып, «Педагогика болса, мына жерге барғың. Ал көлік құрастыруға қызықсаң, ана жерге бара ғой» деп қолдау білдіріп, бағыттайды. Мен ол жерден біздің университеттегі жастар саясаты басқармасына мамандар керек екенін естіп қалдым. Өзім білім алған университет, оның үстіне магистратураға түскелі жүрген кезім. Өзім де сабағыма қиын болмасын деп жақын жерден жұмыс іздеп жүрген едім. Сондықтан бұл вакансия мені қатты қызықтырды. Әрі жастар саясатының жұмысы әрдайым қызық қой. Сондықтан сол вакансия арқылы университетке барып, құжат тапсырып, конкурс арқылы жұмысқа тұрдым. Қазір өз университетімде педагогика және психология факультетінде магистратура бөлімінде оқимын. Сонымен қатар университеттегі жастар саясаты басқармасында әдіскер болып еңбек етемін. Сабағыма да, жұмысыма да үлгеремін. Өте ыңғайлы», – дейді ол.

Бұрын жастар жәрмеңке арқылы жұмыс табу мүмкін емес екенін алға тартатын. Көпшілік оған маңыз беріп қарамай, жұмысты басқа жерден іздеуге тырысатын. Аружан да сондай ойда болса керек.
«2-3-курста оқып жүргенде «Жәрмеңке арқылы жұмыс табу» дегенге мүлде сенбейтін едім. Шынымды айтсам, ол жәрмеңкеге қатты үміт артпай, «Бәлкім, табылып қалар. Мүмкін табылмас» деген оймен бара салдым. Сөйтсем, мұндай жәрмеңкелердің пайдасы зор екен. Біраз адам жұмыс тапқан секілді. Себебі онда көп адам жүрген-тін», – дейді ол.

Жастармен жұмыс істейтіндіктен, Аружан өз ісіне асқан қызығушылықпен қарайтынын алға тартады.
«Осы университетте тәлімгер болып қалсам деймін. Ғылым жолына қызығамын.
Жастармен жұмыс істейтіндіктен, жұмыс істеуге деген ынта-жігерім артып тұрады. «Бүгін тағы жұмыс па, шаршап кеттім ғой» деген оймен емес, керісінше құдды бір мерекеге келгендей күй кешемін. Жастармен бір толқында жүргендіктен, күніңнің қалай зымырап өте шыққанын байқамай да қаласың.
Қазір университетте он бірінші рет өткелі тұрған, студенттер асыға күтіп жүрген қайырымдылық балын ұйымдастыруға қызу дайындық жүріп жатса керек. Университет жастары кейінгі 10 жыл ішінде бұл игі іс-шараны өздері ұйымдастырып, түскен қаражатты ауыр дертке шалдыққан балаларға беруді үрдіске айналдырған.
Біздің университет – Қазақстан бойынша қайырымдылық балын өткізетін жалғыз білім ордасы. Соған төрт түрлі вальс әзірлеп, қызу дайындық болып жатыр. Бұйырса, осы айдың соңында дәстүрлі түрде өткізбекпіз. Одан жиналған қаражатты ауыр дертке шалдыққан екі баланың қажетіне бермекпіз. Былтыр бір баланың ем-домына екі миллионнан артық қаражат жиналған едік. Енді биыл екі балаға көмектспекпіз», – дейді ол.

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ