Жетісу облысында полиция қызметкерлері ер адамды қауіпті жағдайдан құтқарып қалды, деп хабарлайды turkystan.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Бүгін, 11 ақпан күні шамамен сағат 17:30-да «102» арнасына шұғыл хабарлама түсті. Қаланың 36 жастағы тұрғыны масаң күйде бесінші қабаттағы балконға шығып, өзіне қауіп төндірмек болған.
Полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел жетті. Учаскелік инспекторлар Мади Болатбек пен Мақсат Сейітберлі байыппен әрі сенімді әрекет етті. Тактикалық шеберлік пен кәсіби қарым-қатынас дағдыларын қолданып, олар азаматпен сенімді байланыс орнатып, қауіпті жағдайдан шығуына көмектесті.
Полицейлердің әрекетінің арқасында ер адам қауіпсіз жерге шығарылды. Кейін оның алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Жағдай тұрақталғаннан кейін азамат медициналық айықтырғышқа жеткізіліп, қажетті психологиялық көмек көрсетілді. Қазіргі уақытта оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ, азамат мамандардың бақылауында.