Ауылда қаладан кем емес заманауи кофехана ашқан жас кәсіпкер

/
Ауылда қаладан кем емес заманауи кофехана ашқан жас кәсіпкер
Жеке мұрағатынан

Жақында Threads желісінде Жымпиты ауылында ашылған кофехана туралы пост кеңінен талқыланды. Жылы лебізін аямаған жұрт кофехана иесіне тілегін қарша боратты. Нәтижесінде ол жазба 1 млн қаралым жинады. Тіпті сол кофені ішу үшін басқа қалалардан арнайы барған кофесүйер адамдар да болды. Turkystan.kz сайтының тілшісі ауылдағы жұртшылық үшін арнайы кофехана ашқан кәсіпкер Әсем Шукатовамен аз-кем тілдескен болатын.

Өзім – баристамын, өзім ыдыс жуамын

«1995 жылы Батыс Қазақстан облысына қарасты Сырым ауданы Жымпиты ауылында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Отбасымызда бес ағайындымыз: екі ағам, екі апам бар. Мен – үйдің кенжесімін. Ағаларым мен апаларым отбасылы, бәрі бөлек тұрады. Әкем 2008 жылы, анам 2021 жылы дүниеден өтті. 2012 жылы осы ауылдағы жалпы білім беретін Қадыр Мырзалиев атындағы орта мектепті бітіріп, Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне «Мәдениеттану» мамандығына оқуға түстім. Университетті аяқтаған соң ауылыма келіп мемлекеттік мекемелерде жұмыс істедім. Сырым ауданы әкімінің аппаратында,  соңғы 2 жыл Бөрлі ауданы, Ақсай қаласында дене шынықтыру және спорт бөлімінде еңбек еттім. Оқушы кезімнен бірнеше спорт түрімен айналысып, аудандық, облыстық, республикалық жарыстарға қатысып жүрдім. Мемлекеттік қызметте істегенде мемлекеттік қызметшілер арасындағы облыстық спартакиаданың бірнеше дүркін жеңімпазы, республикалық спартакиаданың жүлдегері атандым. Қазір өз кофеханамды дамытуға толықтай ден қойдым. Өйткені бұл кәсіп менің бүкіл уақытым мен күш-жігерімді талап етеді. Өзім – баристамын. Қонақтарға сапалы кофе әзірлеймін, қызмет көрсетемін, ыдыс-аяқ жуамын, тапсырыс қабылдаймын. Есеп-қисап пен әлеуметтік желілерді жүргіземін. Яғни кофехананың әрбір ұсақ-түйегіне дейін өзім жауаптымын», – дейді ол.

Әсем бастапқыда ауылда кофе мәдениеті қаладағыдай дамымағандықтан, халық қабылдай ма, сұраныс бола ма деген күмән басым болғанын да жасырмайды. Дегенмен тәуекелге бел буып, бірден іске кіріскен.

«2024 жылы Ақсай қаласында жұмыс істеп жүрген кезімде, жаз мезгілінде саябаққа серуендеуге жиі шығатынмын. Бір күні саябақ ішінде орналасқан шағын ғимараттан адамдардың қолдарына түрлі сусын ұстап шығып жатқанын байқадым. Қызығып, ішіне кірсем бір бұрышта коктейльдер, лимонадтар әзірлеп, сатып жатыр екен. Сол жерден алғаш рет bubble tea ішіп көрдім. Оның ерекше дәмі маған қатты ұнады. Сол сәтте-ақ неге осындай орынды өз ауылымда ашпасқа деген ой келді. Адамдар серуендеп жүргенде, балалар ойнап жүргенде тынығып, шөлін басатын жайлы бір орын болса деген арман пайда болды. Жымпиты ауылына келген сайын осы идея ойыма оралатын. Құрбыларымызбен бас қосып, кофе ішкенді ұнататынбыз, алайда ауылда дәмді кофе ішіп, еркін отырып әңгімелесетін жайлы орынның жетіспейтіні анық сезілетін. Жымпитыда кофе негізінен жанар-жағармай бекеттерінде және бір-екі кафеде ғана бар. Алайда бұл орындарда көбіне автоматты кофемашиналар қолданылады. Ол жерлерге бару үшін көбіне көлік қажет, ал жаяу жүретін тұрғындар, балалармен серуендеп жүрген ата-аналар мен жастар үшін бұл қолайсыз еді. Осы себептер мені туған ауылымда жаяу да, көлікпен де оңай жетуге болатын, адамдар демалып, бас қосып, сапалы кофе, лимонадтар мен bubble tea сияқты сусындар ішетін шағын әрі жылы атмосферасы бар кофехана ашуға итермеледі. Бұл жоба – тек кәсіп емес, ауыл тұрғындары үшін жайлы кездесу орны болсын деген ниеттен туған бастама. Уақыт өте келе ауыл тұрғындары да дәмді кофе, жылы атмосфера, әдемі орын бар екенін естіп-біліп, көптеп келетін болды», – дейді ол.

Мемлекеттік бағдарлама арқылы несие алдым

Әсем кофеханасын іске қосу үшін «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алған.

«Кәсіп ашу үшін ең алдымен қандай мемлекеттік бағдарламалар мен қаржылай көмек түрлері бар екенін егжей-тегжей зерттедім. Ең керегі – ғимарат болды. Құрбыларыммен ауылда бос тұрған ғимараттарды араладық. Қазіргі кофехана орналасқан ғимаратты көріп, иесімен келісіп, 2024 жылдың қазан айында оны сатып алуға бел будым. Бұл ғимарат 10 жыл бұрын салынып, сол күйі жөндеу жұмыстары жасалмай, айналасын шөп басып кеткен екен. Мемлекеттік мекемеде жұмыс істей жүріп, болашақ кофехананың тұжырымдамасын әзірлеп, атауын ойластырдым, логотипін жасадым. Интерьерін, мәзірде қандай сусындар болатынын қағазға түсіріп жүрдім. Әр детальді алдын ала ойластыруға тырыстым, себебі кофехана тек сусын сататын орын емес, адамдар қайта-қайта келгісі келетін жайлы кеңістік болуы керек деп есептедім. Осылайша, ресми қадамдарға көшпей тұрып, идеялық және жоспарлық жағынан толық дайын болуға мән бердім. Ғимаратты, оған керекті жиһаздарды өз қаражатыма сатып алдым. Үлкен ағам жөндеу жұмыстарын жүргізді, мен қолғабыс еттім. Ал кофехананы толық іске қосу үшін 2025 жылдың мамыр айында жылдық мөлшерлемесі 2,5% болатын «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясында жеңілдетілген несиеге құжат тапсырдым. Сөйтіп қыркүйек-қазан айларында 4,1 млн теңге көлемінде несие алдым. Несие қаржысына кофемашина, кофе үгіткіш аппарат, тоңазытқыштар мен қалған жиһазды алдым, – дейді ол.

Көп жұмыс қаржыға келіп тірелсе де, Әсем қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, процесті тоқтатпай алға жылжуға тырысқан.

«Кофехана 2025 жылдың 21 қарашасында іскер әйелдер форумы аясында ашылды. Алғашқы екі аптада келушілер өте көп болды. Кейін жұмыс тұрақталып, тұрақты клиенттер қалыптасты. Қазір орта есеппен күніне 30–40 адам келеді, кей күндері одан көп болуы мүмкін. Босай қалған кездері шикізатқа тапсырыс беремін, кофехананың ішкі шаруаларын реттеймін. Кофехана аптасына 7 күн жұмыс істейді. Қазір жалғыз өзім жұмыс істеймін, әзірге тұрақты қызметкерлер жоқ. Мұнда бариста да өзім, ыдыс жуушы да өзім. Тауарды да өзім жеткізіп аламын. Бәріне үлгеру оңай емес. Дегенмен бұл кезеңді мен кәсіптің бастапқы сатысындағы қалыпты процесс деп қабылдаймын. Алдағы уақытта, жұмыс тұрақталған соң қызметкерлер алып, міндеттерді бөліп, жүйелі жұмысқа көшу жоспарда бар. Бұдан өзге техникалық қиындықтары да бар. Ауа-райына тәуелдісің. Кейде электр жарығы мен ауыз су уақытша болмай қалған кездері жұмысты уақытша тоқтатуға тура келеді. Кофехана толықтай электр энергиясына тәуелді. Фильтрленген ауыз су қолданылады. Жалпы бұл жалғыз адамның емес, көпшіліктің көмегімен жүзеге асқан жоба деуге болады. Бауырларым мен ағамның достары, өзімнің достарым да көмектесті. Құрбыларым тек сыйлық беріп қана қоймай, ішкі интерьерді жасауға, заттарды орналастыруға, тазалық жұмыстарына дейін белсенді атсалысып, әрдайым жанымнан табылды. Әріптестерім мен достарым да қалыс қалмай, өз қолдауларын білдіріп отырды. Сондықтан бүгінгі кофехана – менің ғана емес, жақындарымның ортақ еңбегінің жемісі», – дейді ол.

Негізгі идеяларды Pinterest-тен алдым

Желі қолданушылары бұл кофехананың дизайны, атмосферасы ерекше екенін айтып, көп пікір қалдырды. Тіпті, арнайы дизайнер жалдаған болар дегендер де бар. Алайда Әсем ғимаратты ешбір дизайнердің көмегіне жүгінбей, өзі әрлеп, безендірген екен.

«Кәсіби дизайнерлерге жүгінген жоқпын. Негізгі идеяларды Pinterest, Instagram сияқты әлеуметтік желілерден алдым. Үлкен қалаларға барған сайын түрлі кофеханаларды аралап көріп, олардың стилін, атмосферасын, детальдарын бақылап жүрдім. Осы көрген-білгенімнің бәрін жинақтап, өз талғамыммен ұштастырып, кофехананың дизайнын өзім ойластырып шықтым. Яғни бүгінгі интерьер – менің көзқарасым мен ізденісімнің нәтижесі. Қажетті жиһаздардың бір бөлігін арнайы тапсырыспен жасаттым, ал орындықтарды дүкеннен сатып алдым. Диван мен бар үстелін ағам екеуміз бірге жасадық. Кәсіби кофемашина мен кофеүгіткіш аппаратты Master Coffee компаниясынан алдым. Кофені де дәл осы компаниядан тапсырыспен тұрақты алдыртып отырамын, себебі сапасына сенемін. Ал кофеге арналған сүт пен кілегейді негізінен Орал қаласынан алып келемін. Сусындарға арналған кейбір шикізатты Алматы қаласынан тапсырыс беріп, алдыртамын. Алматыдан Оралға, Оралдан Жымпитыға жеткізуге де біраз қаражат кетеді. Кофеханаларға арналған тіскебасарларды Орал қаласындағы наубайханадан күнделікті алдыртамын. Алғаш рет 2025 жылдың ақпан айында кофе, лимонад, шәй және bubble tea түрлерін жасау бойынша тәжірибе жинақтау үшін Орал қаласындағы кофехананың иесімен келісіп, ақысын төлеп бір апта оқыдым. Алайда сол курста өзім қалағандай нақты білім ала алмадым. Сол себепті ары қарай өзім ізденуге бел будым: YouTube, TikTok және Instagram платформаларындағы рецептер мен әдістерді зерттеп, тәжірибе жасау арқылы үйрендім. 2025 жылдың тамыз айында Астана қаласында Master Coffee компаниясында бариста курсын оқып, кәсіби дағдыларымды жетілдірдім. Қазір мен кофеханада Master Coffee компаниясының 80% арабика және 20% робуста араласқан, орташа «қуырылған» кофесін тұрғындарға ұсынып отырмын. Бұл өте дәмді әрі «жұмсақ» қоспа», – дейді кейіпкеріміз.

Әлеуметтік желі арқылы көп қолдауға ие болған Әсем алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді армандайды.

«Әлеуметтік желілерде өзімді өте белсендімін деп айта алмаймын. Дегенмен қазіргі заманда әлеуметтік желі – кез келген кәсіп үшін маңызды құрал екенін түсінемін. Сондықтан оны өз жұмысымның бір бөлігі ретінде қабылдаймын. Ал Threads-тағы жағдай тіпті қызық болды. Сол жазбаға дейін Threads платформасын дұрыс пайдаланбаған екенмін: жазба қалдырамын, бірақ ешкім лүпіл де баспайды. Кейін байқасам, аккаунтым жабық болып шықты. Аккаунтты ашқан соң, кофеханам туралы бір жазба қалдырдым да, өз жұмысыммен айналысып, кофе әзірлеуге кірісіп кеттім. Біраз уақыт өткен соң құрбыларым мен туыстарым хабарласып, «Әсем, Threads-ті қарашы» деп айтты. Қарасам, жазбам көп адамның назарына ілігіп, кең таралып кеткен екен. Бұл жағдай маған әлеуметтік желідегі шынайылық пен оны дұрыс қолданудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті әрі кофеханамның танылуына үлкен серпін берді. Арнайы тапсырыспен кәсіби жарнама жасап көрмедім. Тек жергілікті ауылдағы блогерлер өз бастамаларымен кофехананы әлеуметтік желілерінде жариялаған болатын. Ашылған сәттен бастап осылай танымал болып кетеді деп мүлдем ойламаппын. Бәрі адамдардың шынайы пікірлері арқылы тарады. Алдағы уақытта жаз мезгілінде кофехана маңынан жазғы алаң жасақтап, келушілерге сыртта таза ауада отыратын жайлы орын ұсынғым келеді. Сонымен қатар мәзірді де кеңейтіп, жаңа сусындар мен десерттер қосу жоспарымда бар. Одан бөлек, сұраныс артып жатса, қазіргі ғимаратты да кеңейту ойымда бар», – дейді ол.

Ақбота ӘБІЛТАЙ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары