Атырауда 9 қаңтарда жоғалып кеткен 59 жастағы Талғат Назаровты іздеу жұмыстары ресми түрде аяқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл туралы «Ақ Жайық» басылымы жазды. Ер адамның мәйіті Жайық өзенінен табылған.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 28 қаңтар күні ер адам шамамен екі метр тереңдікте, бұған дейін оның жеке заттары табылған жерден шамамен 100 метр қашықтықтан анықталған. Мәйіт полиция қызметкерлеріне тапсырылды.
Басылымның ақпаратынша, Талғат Назаров Атырауға Көкарна ауылынан келген. Туыстарының айтуынша, ол дәрігерден кеңес алу үшін қалаға барған, алайда үйіне қайтып оралмаған. Бірнеше күннен кейін Жайық өзенінің жағалауынан оның телефоны мен бас киімі табылған.
Жоғалған адамды құтқарушылар, полицейлер, Ұлттық ұланның әскери қызметкерлері және еріктілер іздеді. Құтқарушылар жағалау сызығын және өзен түбін тексеріп, сүңгуірлік түсу жұмыстарын жүргізді, суасты дронын және ұшқышсыз аппаратты қолданды. Жұмыстарды қатты ағыс, су астындағы көрінудің төмендігі және күрделі гидрологиялық жағдай қиындатқан.
Ер адамның қаза болу мән-жайы анықталып жатыр.