Михаэль Шумахер мүгедектер арбасымен жүре бастады

/
Михаэль Шумахер мүгедектер арбасымен жүре бастады
сурет: FrankHoermann/SVEN SIMON/picture alliance

Төсекке таңылып жатқан атақты неміс автошабандозы Михаэль Шумахер орнынан тұрды. Daily Mail басылымының жазуынша, спортшы қазір Испаниядағы Майорка аралында орналасқан жеке үйінде тұрып жатыр және мүгедектер арбасының көмегімен үй ішінде қозғала алады. Оған тәулік бойы дәрігерлер мен күтушілерден тұратын арнайы медициналық топ қарайды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алайда Шумахердің санасы мен айналасында болып жатқан оқиғаларды толық түсіну қабілетіне қатысты күмән әлі де бар. Бұған дейін оның «жабық адам синдромына» ұшырауы мүмкін екені айтылған. Бұл жағдай кезінде адам есін сақтағанымен, қозғалып немесе сөйлей алмайды.

Еске салайық, Михаэль Шумахер 2013 жылы Альпіде шаңғы теуіп жүріп ауыр бас-ми жарақатын алған. Осыдан кейін ол ұзақ уақыт комада жатты. 2021 жылы жарық көрген деректі фильмде оның отбасы спортшының өздігінен жүре алмайтынын әрі толыққанды қарым-қатынас жасай алмайтынын мәлімдеген еді.

Daily Mail жариялаған соңғы мәліметтерге сәйкес, қазір Шумахер терапевт пен медбикенің көмегімен мүгедектер арбасында қозғала алады. Дегенмен мамандар мұны денсаулықтағы түбегейлі оң өзгеріс деп бағалауға асықпайды.

«Марс» клиникасының бас дәрігері, травматолог-реабилитолог, профессор Андрей Королевтің айтуынша, мұндай жаңалықтар кейде науқастың жақындары оның есімі ақпарат кеңістігінен мүлде жоғалып кетпесін деген ниетпен тарауы мүмкін.

Маманның пікірінше, егер 2021 жылы Шумахердің өздігінен қозғалып, сөйлесе алмайтыны айтылса, бірнеше жылдан кейін кенеттен айтарлықтай оң динамика болуы екіталай. Ал мүгедектер арбасында қозғалу – көбіне сыртқы көмектің нәтижесі және бұл оның когнитивтік қабілеттерінің қалпына келгенін білдірмейді.

Қазір 57 жастағы Михаэль Шумахер – Формула-1 тарихындағы ең ұлы спортшылардың бірі. Ол Ferrari құрамында 1996-2006 жылдары өнер көрсетіп, қатарынан бес рет әлем чемпионы атанды. Бұған дейін Benetton командасымен тағы екі мәрте чемпион болған.

Сарапшылардың айтуынша, Шумахердің жағдайы туралы нақты қорытынды жасау үшін ресми әрі толық медициналық ақпарат қажет.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары