Конституциялық реформа Әділетті Қазақстан ұғымын түбегейлі бекітеді – Дархан Қыдырәлі

Конституциялық реформа Әділетті Қазақстан ұғымын түбегейлі бекітеді – Дархан Қыдырәлі

Қызылордада өткен V Ұлттық құрылтайда еліміз үшін маңызды ойлар айтылды. Түбегейлі саяси реформалар жасалып, Конституцияға түбірлі өзгерістер енетінін, бір палаталы Құрылтай жасақталып, Халық  кеңесі құрылатынын білдік. Бұл бастамалардың өзектілігі неде? Құрылтай мен Халық кеңесінің құзіреттілігі қандай болмақ? Осы сұрақтар төңірегінде академик, сенатор Дархан Қыдырәлімен сөйлескен едік.

–  Дархан Қуандықұлы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Turkistan га­зе­тіне берген «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» деген кө­лемді сұхбатында биыл елімізде үл­кен бетбұрыстар болады деген еді. Кү­ні кеше Қызылорда қаласында өт­кен V Ұлттық құрылтайда Мемлекет бас­шысы ел Конституциясына түбе­гей­лі өзгерістер жасалып, саяси ре­фор­малар болатынын мәлімдеді. Қы­­зылордада өткен Ұлттық Құрыл­тай­дың мән-маңызы туралы әңгіме­лес­сек деп едім.
– Жыл өте қарқынды басталды. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы  Turkistan газетіне сұхбат берді. Мемлекет бас­шысы дәстүрге айналған бұл сұх­ба­тында елдегі саяси-әлеуметтік мәселелерді жан-жақты қамтып, күрмеуі қиын күрделі мәселелерге де тоқталып, бағыт-бағдары­мызды айқындаған маңызды мәселелерге тоқталды. Сұхбатта биыл еліміздің бола­шақ даму жолына бағыт-бағдар болатын түбегейлі өзгерістер жылы болады деді. Сол үшін Қызылордада өтетін Ұлттық құ­рыл­тайды асыға күттік. Қандай ауқымды жаңалықтар болады екен деп елеңдедік. 
Бұл құрылтайдың Қызылордада өтуі­нің айрықша символикалық мәні бар. Осы­дан 100 жыл бұрын Қызылордада өт­кен жиын да V құрылтай екен. Осы жо­лы да V Ұлттық құрылтай өтті. 
1926 жылы Қызылордада өткен құ­рыл­­тайда «Қазақ» атауы қайтқан, ұлтымыз өз атымен аталған, тарихи әділеттілік қал­пына келген жиын болса, бұл жолғы құрылтайда еліміздің ұзақмерзімді саяси да­муының бағдарын айқындап, саяси архитектурасын жүйелеуге бетбұрыс жа­са­ған құрылтай болды. Қызылорда – Қа­зақстанның астанасы болып қана қоймай, аз жылдың ішінде елдің рухани түлеуіне тірек болған киелі қала. Президенттің к­е­зекті құрылтайды Қызылордада өткізуге шешім қабылдауы – тарихи сананы жаң­ғыртып, мемлекеттік сабақтастықтың маңыз­дылығына мән бергені деп ойлай­мын. Мен үшін бұл құрылтай – ұлттық кодтар мен символдар сөйлеген, тарихи әді­леттілік пен ұлттық бірегейлікке баса мән берген кеңес болды. 
– Қызылорда құрылтайының бас­ты ерекшелігі не болды? 
– Бұған дейін ел арасында «Сенат т­арап, Мәжіліс қана қалады» деген ой бол­ды. Президент өз сөзінде Сенат не Мә­жіліс­ті жою емес, түбегейлі парламенттік ре­форма болатынын айтқан болатын. Мі­не, сол сөзі осы құрылтайда нақтылан­ды. Енді елімізде бір палаталы Парламент құрылып, оның Құрылтай деп аталатыны белгілі болды. Құрылтай қалай жасақ­тала­ды, оның құзіреттілігі қай деңгейде бола­ды, Құрылтай депутаттары қалай сай­ла­нады деген сұрақтар елді елең еткізді. Әри­не, құрылтайдың толық мазмұнын білу үшін ел Конституциясына енетін жаңа­лықтарды күтуіміз керек. 
Бұған дейін арнайы жұмыс тобы құры­лып, елдің өтініш-тілектері қаралды. Со­лар­дың бәрін ескере отырып, алдағы конс­титуциялық өзгерістерді Президент Жар­лығымен арнайы құрылған Консти­туция­лық комиссия анықтайтын болады. Пре­зиденттің «Жаңа Конституция жазған­мен пара-пар» дегені бекер емес. Саяси ре­формаларды түпкілікті жасау үшін Ата Заңға жасалатын өзгерістердің маңызы өте зор. Осы арқылы біз тұтас жүйені жаңар­­­­тып, саяси реформаның жаңа ке­зеңіне қадам басқанымызды Президент өзінің бастамашылдығымен нақты қолға алып отыр деуге болады. Яғни, конс­ти­туция­лық реформа арқылы Әділетті Қа­зақстан ұғымын түбегейлі бекітуге мән бері­ліп отыр. Қызылорда құрылтайының ең басты мәні осы дер едім. Тәуелсіздіктің 35 жылдығында жасалған бұл қадам елі­міздің саяси архитектурасын «қайта жүк­теу», жаңаша құрылымдау деуге болады.
– Парламенттің Құрылтай деп ата­ла­тынын естіген жұрт әртүрлі пікір айтып жатыр. Бұл атауды өзіңіз қалай қабылдадыңыз?
– Сенаттың да, Мәжілістің де атын қал­­­­дырмай, Құрылтай деп атау – Прези­дент айтқан түбегейлі парламенттік ре­фор­ма болатынының айғағы дер едім. Мә­жіліс сөзі – біраз елде қолданылатын, құ­лақ­сіңді  сөз болғанымен, құрылтайдың та­рихы да, мәні де одан әлдеқайда терең. Құрылтай – түркілік көне танымға етене жа­қын сөз. Біздің жыл санауымыздан бұрын­ғы ерте ғасырларда-ақ құрылтайлар өткен. Ғұн заманында, Мөде қаған тұсында да елді біріктіріп, келешегіне бағыт болар үл­кен құрылтайлар өткені тарихтан м­әлім. Қазақ хандығының тұсында да ел­дің болашағын анықтаған ұлы құрыл­тай­лар өткен. Тарихтағы «Түркістан құрыл­тайы», «Ордабасы құрылтайы» – соның дә­­лелі. Одан өзге де ірілі-ұсақты құрылтай­лар өткенін білеміз.  
Құрылтай – тағдыршешті шешімдер қа­былданатын, елдің даму бағдарын ай­қын­дайтын, оның қауіпсіздігі мен ішкі-сырт­қы байланысын межелейтін, эконо­микасы мен саяси әлеуетін саралайтын, қоғам мен билік арасында диалог алаңы бо­латын ортақ платформа. Сондай-ақ көне тарихи атау. Құрылтай атауын мен «Ұлы дала» ұғымы сияқты ұлттық коды­мызға, тарихи жадымызға қайта үңілу деп ойлаймын. Тарихи әділеттіліктің орнауы деп білемін. Біздің бұл атауымыз көршілес ел­дерге де ой салуы мүмкін. Өйткені олар­ға да бұл атау жат емес. 
Осыған дейін бес рет өткен Ұлттық құрыл­тай – қоғамдық диалог алаңы бо­лып, елдегі саяси және әлеуметтік өзге­ріс­терге мұрындық болса, енді оның атын ием­денген орган – заң шығарушы мінберге ай­налып отыр. Бұл да жақсылықтың ны­шаны. 
– Мәжіліс пен Сенатты біріктіріп, бір палаталы Құрылтайға айналдыру­дың еліміз үшін маңызы қандай?
– Бір палаталы Парламент –  унитарлы ел­дердің жолы. Өтпелі кезең үшін Сенат керек болды. Сенат – мемлекет болып қалыптасуымызға, Қазақстанның ішкі-сыртқы саясаттағы орнықтылығына, елдің дамуына өзінің үлесін қосқан біре­гей құрылым. Бірақ за­манмен бірге заң өзгереді. Біз қазір ұлттық жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басып отырмыз. Сол үшін бір палаталы Парла­мент – уақыттың талабы. Саяси рефор­ма­лар өз уақытында жүрсе, елдің даму потен­циа­лы артады.
– Құрылтайға депутат болу үшін саяси партияларға мүше болу керек деген байламға қарсы уәждер де ай­ты­лып жатыр. Тек партиялық тізім­мен сайлау өткізу партияға мүше емес бел­сенділердің депутат болып сай­лануы­на кедергі болмай ма?
– Партиялар арасындағы бәсекелестік, элек­торат жинауға құлшыныс  саяси мә­дениеттің дамуын тездетеді. Саяси бәсе­ке­лестік болған жерде, қоғамдағы түрлі көз­қарастар ортақ пікірталасқа айналады. Сондықтан, саяси партиялардың белсен­ділігі артса, одан ел ұтпаса, ұтылмайды. Сая­си партия – өзінің нақты бағдарламасы, жо­басы, жұмыс істеу тәсілі, ортақ ұстаны­мы бар азаматтар одағы. Әдетте, үндері шық­пай, тек сайлау кезінде белсеніп шы­ға­тын партиялар болашақта азаяды, олар­дың орнын үнемі жұмыс істейтін, жүйелі құрылымы бар партиялар басады. Партия фракциялары арасындағы бәсекелестік кү­шейіп, Үкіметті жасақтауға талас кү­шеюі ықтимал. Партия болған жерде, бәсе­келестіктің болатыны заңды құбылыс. Черчилль айтқан сөз бар ғой: «Біз бүгін сай­лауда жеңіске жеттік. Енді бүгіннен бастап келесі сайлауға дайындалуымыз керек» деген. 
Кімде кім өзінің ойын, идеясын өт­кізгісі келсе, саяси партиялар арқылы жұ­мыс істеуді үйренуі керек. Әрине, жеке жү­ріп, ешқандай партияға қосылуды қа­ламайтын белсенділердің болуы заңды. Ол саяси мәдениеті дамыған елдерде де бар. Олар өз ұстанымы мен ұсынысын қоғам­дық ұйымдар, топтар, бірлестіктер арқылы жеткізіп, саяси партияларға ықпал етеді. Ондай үрдіс бізге де жат емес. Сондай-ақ жаңадан құрылатын Халық кеңесінің мүм­кіндігі зор. Қоғам белсенділері сол кеңес арқылы заң шығаруға, биліктің на­зарын өзекті мәселелерге адуаруға ықпал етуіне мүмкіндік туады.
– Ұлттық құрылтай мен Қазақстан ха­лықтары Ассамблеясының орнына Халық кеңесі деген жаңа құрылым пайда болатыны айтылды. Халық кеңе­сі қандай құрылым болады, не­мен айналысады деген сұрақ бар. Осы жаңа құрылымның өкілеттілігі қан­дай болады?
– Әуелі бес рет өткен Ұлттық құрылтай өзі­нің тарихи миссиясын атқарғанын ай­тып өттік. Ал Ассамблеяға келсек, бұрын Мә­жіліс пен Сенатқа Ассамблея үшін ар­найы квота берілетін. Енді барлығы пар­тия арқылы  өтетін болғаннан кейін ол квотаның жойлатыны анық. 
Ассамблея – өзінің 30 жылдық тари­хында еліміздің бірлігіне, этностар ара­сын­дағы ынтымақтың артуына, Қазақ­стан­ды ортақ отанымыз деп түсінетін жас буын­ның қалыптасуына ықпал етті. Өз­деріне жүктелген миссиясын жақсы ат­қарды десек болады. 
Ал енді жаңа құрылым – Халық кеңе­сіне трансформациялануының өзі Ассам­блея­ға берілген әділетті баға деп білемін. Халық кеңесінің  құзіреті де, мүмкіндігі де Ассамблеядан кең екенін түсінуіміз керек. Ассамблея халықтың үнін жеткізетін құры­лымға айналып отыр десек болады. 
Бұл трансформация Мемлекет басшы­сы үнемі айтатын ұлттық бірегейлік пен әділеттілік принципіне толық сәйкес ке­леді. Енді ешкім  белгілі бір этникалық топ­тың немесе Ассамблея мүшесі болғаны үшін ғана Парламентке келмейді, барлық қа­зақстандықтың құқығы мен мүмкіндігі тең болады. Барлық Қазақстан азаматы – тең құқылы, бір үйдің баласындай ортақ игілікке ие. Мұны әділеттілік принципінің негізгі өзегі десек, қателеспейміз. Осы ар­қылы Ассамблея жаңа деңгейге көтеріліп отыр. 
«Кеңес» сөзінің мән-мағынасы ұлты­мыз үшін өте ауқымды. «Халық кеңесі», «Хан кеңесі», «Билер кеңесі» болғанын та­рих­тан білеміз. «Кеңесіп пішкен тон кел­те болмайды» деп жатамыз. Қызылорда құрылтайы ұлттық кодтың жаңғыруына түрт­кі болды дедім ғой. «Құрылтай», «кеңес» сөздері мен Абай, Әл-Фараби, Яс­сауи жолдарының біздің ұлттық ізгілікке бағытымыз екенінің айтылуы тектен тек емес. Біз адаспайтын бағдарымызды тап­сақ қана, өз бет-бейнемізді сақтай аламыз. Өзіміздің ұлттық дәстүрімізді ұлықтай оты­р­ып, оның озығы мен тозығы барын да осы құрылтайда қайта бір бағамдадық. Қыз алып қашу, сыбайластық, орынсыз мал шашпақтық секілді әдеттер ұлттық дү­­ниетанымымызға кері әсер ететінін тү­сінер сәт келді. Халық кеңесі – осы идея­дан туған бірегей атау.
Халық кеңесі  – Ассамблеяның, кон­фес­­­сияаралық, дінаралық келісімнің, қ­о­ғам­дық ұйымдар мен жергілікті мәс­ли­хат­тар­­дың, Ұлттық құрылтайдың басын бі­рік­­тіріп, бәрімен ортақ жұмыс атқаратын ір­­гелі құрылым болмақ. Осы арқылы Ұлт­­тық құрылтай мен Ассамблея жұмысы жаңа масштабта қайта жасақталатынын ұғуы­­мызға болады. Осы арқылы Халық  кеңе­­сі  Сенаттың құзіретіндегі біраз шаруа­ны өзіне алады. 
Халық кеңесі  – қатардағы институт­тар­­дан бөлек, құзіреті Конституция арқы­лы бекітілетін іргелі орган. Мысалы, Ұлт­тық құрылтайдың тұрақты хатшылығы бол­­ған жоқ. Ал Халық кеңесінің тұрақты хат­­шылығы жұмыс істеп, өзіне жүктелген мін­­детті уақтылы атқаруға мүмкіндік ала­ды. Конфессияаралық және дінаралық диа­­логты үйлестіруге, этникалық татулық­ты сақтауға, қоғамдық ұйымдардың жұ­мы­­сын жетілдіруге, заң шығару ісіне ық­пал етіп, қоғамдық пікірді билікке жет­кізу­­ге, әртүрлі топтың ұсыныстары мен ті­лек­­терін тыңдап, оларды шешу жолын қарастыруға, сол арқылы атқарушы би­лікке өз ұстанымын білдіруге заң тұр­ғы­сы­нан құзіретті болады. Былайша айт­қан­да, Парламентке баламалы халықтық Пар­­ламентке айналуы мүмкін. Сондықтан Халық кеңесінің маңызды рөлі болады. Кешегі құрылтайдың негізгі жаңалығының бірі осы Халық кеңесі деп ойлаймын. Өйт­кені бұл тұғыры Конституциямен бекі­тіл­ген мүлдем жаңа орган.
– Құрылтайда қазақстандық дип­ло­матияның маңызы туралы да ай­тылды. Әлем алмағайып заманда күн ке­шіп жатыр. Қазақстандық дипло­матия моделінің айқын ерекшелігі бар ма?
– Қазір жаһандық сенім дағдарысы бе­лең алды. Ойын ережесі тез өзгеріп жа­тыр. Оған бейімделу оңай емес. Қазір ше­­­­караны әскермен қорғау қиын. Қауіп­сіз­дік мәселесінде дипломатияның ат­қа­рар рөлі зор. Бітімгерлік, мәмілегерлік – біз­дің арғы тарихымыздан жалғасқан ар­тықшылығымыз. Қазақстанның көп­век­торлы саясатының негізін қалағандардың бірі  – бүгінгі Президентіміз. Ол кісі Тәуел­сіз Қазақстанның сыртқы саясатының ар­хитектурасының авторы. Ұзақ жыл елі­міздің Сыртқы істер министрі болды. Дип­ломатиялық корпусымыздың өзіндік мо­делін жасады. Көпвекторлы сыртқы сая­сат – біздің қорғанысымыздың берік ір­ге­тасы. Жаһандық бастамаларда Қазақ­станның сөзі әркез өтімді. Давос форумына Қазақстанның алғашқылардың бірі болып шақырылуы соның көрінісі. 
Өткен жылдың соңында Қазақстан «Ибраһим келісіміне» қосылды. Бұл келісім конфессияаралық және дінаралық келісім съезін өткізіп жүрген біздің болмысы­мыз­ға, ұстанымымызға сәйкес келеді. Елімізде ме­кендейтін мұсылман, христиан, иудей­лердің түп атасы – Ибраһим пайғамбар екенін ескерсек, бұл біздің ел тұрғындары үшін жат келісім емес. 
Сондай-ақ «Ибраһим келісімінің» эко­номикалық маңызы да жоғары. Қазір Зангезур дәлізі ашылды. Бұған ар жағынан Америка жалғанып отыр. Израиль Сирия арқылы осы дәлізге шығады. Бұл – Батыс пен Шығысты жалғайтын жаңа Жібек жо­лы. «Ибраһим келісімі» саяси, эконо­ми­ка­лық, логистикалық, технологиялық жә­не басқа да көптеген мүмкіндік береді. Пре­зиденттің кешегі Давостағы кездесуі, бейбітшілік келісімінде қол қоюы осы «Ибраһим келісімінің» маңызын айқындай түседі.  Ресей, Қытай, Еуропа елдерімен, Ор­талық Азиядағы көршілерімізбен, әлем­нің барлық үйегіндегі мемлекеттермен ты­ғыз қарым-қатынасымыз бізге үлкен мүм­кіндіктер сыйлап отыр. Осы жетіс­тік­тері­міз – көпвекторлы саясатымыз бола­шақ Конституциямызда көрініс табатын сияқты. 
– Кейінгі жылдары Орталық Азия елдерінің және түркі елдерінің ынты­мағы күшейіп келе жатқаны бай­қа­лады. Бұл үрдістің дамуына Қазақ­стан­ның қосқан үлесі қандай? 
– Кешегі құрылтайда да түркі дү­ние­сі­нің ынтымағына жол бастар жақсы идея­лар көтерілді. «Құрылтай» сөзінің өзі түр­кілік дүниетанымға бастар жол екенін туыс­қан елдер де түсінеді деп ойлаймын. Құрыл­тайда айтылған бірталай ұғымдар исі түркі дүниесіне ортақ. Кейінгі жыл­да­ры еліміз көршілерімен бірігіп «Алтай – түркілер отаны» атты үлкен форум өткізіп келе жатқаны айтылды. Сондай-ақ Жошы ұлысы мен басқа да тарихи тамырлас­ты­ғымызды  түркі әлемімен байланыстыр­а­ты­ны­мыз  да айтылды. Тарихи көптомдық­тарда түркілік ортақ ұстанымдарды арқау ететіні сөз болды. Бұл мені тарихшы ре­тін­де ерекше қуантты. Сондай-ақ Арал мә­селесін де айналып өткен жоқ. Аралдың тағ­дыры Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжік­стан секілді елдердің бәріне ортақ. Кез келген ел өзі жеке дами алмайды. Орталық Азия­ның бірлігі күшейсе, экономикалық әлеуе­ті де артады. Ортақ нарық пайда бо­ла­ды. Сондықтан да қазір 5+1 форматын­дағы форумдардың аясы кеңейіп келеді. Орталық Азия әлемнің жетекші елдері үшін үлкен алаңға айналуда. 
Сондай-ақ Түркі кеңесінің де маңызы жо­ғары екенін түсінетіндер қатары молая түсті.
 Осы игілікті бастамалардың алдыңғы ле­гінде үнемі Қазақстан жүреді. Біз айна­ламызды достастыруға, ынтамақта өмір сүруге үндейтін елміз. Бұл ұстаным бола­шақ үшін де керек. Ұлы Дала өркениеті ұғы­мын берік ұстау – Қазақстанның алда­ғы уақыттағы бағдары бола береді деп ой­лаймын. Әлем Қазақстанның түркі дү­ниесінің түп мекені екенін біледі.   
– Президент сұхбатында «Мен – мем­лекетшілмін» деді. «Мемлекетшіл тұлға» ұғымының ауқымы қандай?
– Қазір популизмнің заманы емес. Үл­кен істерді үндемей атқару екінің бірінің қо­лынан келмейді. Мемлекетшілдік деге­ні­міз – мемлекеттің мүддесін өз мүд­де­сі­нен жоғары қою әрі ел мүддесі жолында ең­бек ету. Мемлекеттік мүдденің кей сәт­терде ұлттық мүддеден де жоғары тұра­тын кезі болады. Ұлтыңның сөзін бір күн сөйлеп жақсы көріну бар да, ұзақ болашақ үшін жұмыс істеу бар. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Ел бүгіншіл, менікі ер­тең үшін!» деген әйгілі сөзі осындайда еске түседі. Мұндай сәттерде кейбір топ се­нің болашақ үшін істеген ісіңді түсінбеуі мүм­кін. Тарихта ондай сәттер көп кезік­кен. Президент мемлекет мүддесін бірінші орынға қоятын адам. Оны әрбір ісінен байқауға болады. Жасалып жатқан саяси реформалар – халық пен мемлекеттің бо­лашағы үшін ыңғайлы жүйе құрудың те­тігі. Жүйе дұрыс болмаса, мемлекеттік ме­ханизмнің ақауы күшейеді. Ұран­шыл­дықпен істелген істің көбі ұзақ бола­шақ­тың емес, «осы сәт» үшін атқарылатынын саналы жұрт жақсы түсінеді деп ойлай­мын. Мемлекет басшысы популизмнен гөрі прагматизмді ұнатады.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – 
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары