26 жастағы Диана Оңғарбайды 26 рет пышақтап өлтірген оқушы 7,5 жылға сотталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қайғылы оқиға 2025 жылдың 21 шілдесінде Шымкент қаласында болған. 16 жастағы оқушы телеграм арналарының біріне «үй тазалаушы» қажет екендігі туралы хабарландыру берген. «Бала деп сөзіме сенбейді» деген оймен ол хабарландыруды өз анасының атынан берген.
26 жастағы Диана Оңғарбай сол хабарландыруды көріп, байланысқа шығып, 15 мың теңгеге күдіктінің үйін жинап беруге келіскен. Диана үй тазалаушы ретінде сол күні бірінші рет тапсырыс қабылдаған.
Күдіктінің үйіне барып, жинап, жұмысын аяқтаған соң ақшасын сұраған. Бірақ бозбала оны арқа жағынан, мойын тұсынан 25 рет, бүйрек тұсынан бір рет пышақтап өлтірген. Жақындары Диананы он күн бойы іздеген. Марқұмның мәйіті қоқыс жәшігінен табылды. Оны қап пен пакетке салып, скотчпен орап тастаған.
Марқұмның анасы Руслан Өтепбайға сұхбат беріп, жан айқайын жеткізді.
«Оның мақсаты үй тазалату емес, қандай қыз келсе де жыныстық қатынасқа түсу болған. Пышақтап өлтіргеннен кейін мәйітті зорлап, қорлаған. Ертесі телефонын сатып жіберген», - дейді марқұмның анасы.
Сот 16 жастағы күдіктіні 7,5 жылға соттаған. Марқұмның жақындары бұған келіспей, істің қайта қаралуын сұрап отыр.
Диананың артында 2 және 5 жастағы екі қызы қалған.