Абай облысы Полиция департаменті азаматтарды интернет-сауда алаңдарында және хабарландыру сервистерінде жиілеген алаяқтық фактілері туралы ескертеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қаскөйлер көбіне сатып алушыларды шектен тыс төмен бағамен, сондай-ақ «шұғыл сатамын», «соңғы баға», «қазір алып кетеді» сияқты сөздермен асықтырып, алдауға тырысады.
Кең таралған тәсілдердің бірі – шынайы емес тауардың фотоcын, тіпті видеосын жіберу немесе хабарландыруға қою. Кейін «басқа сатып алушы бар» деп сылтауратып, алдын ала төлемді немесе толық ақыны аударуды талап етеді. Ақша түскен соң байланыс үзіледі: телефон өшіріледі, аккаунт жойылады, ал тауар мүлде жеткізілмейді.
Полиция қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады:
• Бейтаныс сатушыға алдын ала төлем жасамаңыз, төлемді маркетплейстен тыс аудармаңыз.
• Тек платформаның қауіпсіз мәміле және ресми төлем қызметтерін қолданыңыз.
• Сатушыны міндетті түрде тексеріңіз: пікірлер, тіркелген уақыты, белсенділігі, жарияланым тарихы.
• Бағаны салыстырыңыз: тым арзан баға – күмәнді белгі.
• Мүмкін болса, тауарды қолма-қол кездесіп, тексергеннен кейін ғана төлеңіз.
• Ешкімге SMS-кодтарды, банк картасының деректерін, құпиясөздерді айтпаңыз.
Егер алаяқтыққа тап болсаңыз немесе күмәнді әрекет байқасаңыз, дереу полицияға 102 нөмірі арқылы хабарласыңыз.