Президент: Елдегі автокөлік жолдарын халықаралық стандарттарға сай жаңғырту – маңызды міндет

/
Президент: Елдегі автокөлік жолдарын халықаралық стандарттарға сай жаңғырту – маңызды міндет
istockphoto.com

Бүгін Қызылордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтіп жатыр. Отырыста сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қазақстанның батыс пен шығыс арасындағы транзит дәлізі ретіндегі рөліне тоқталып, елдегі автокөлік жолдарын жөндеу мәселесіне айрықша назар аударды.

«Елдегі автокөлік жолдарын халықаралық стандарттарға сай жаңғырту – айрықша маңызды міндет.

Бұл, біріншіден, Қазақстанның батыс пен шығыс арасындағы транзит дәлізі ретіндегі рөлін арттыра түседі. Екіншіден, облыстар арасындағы көлік байланысын барынша жақсартады.

Жақында Қызылорда – Жезқазған жолының Қызылордаға тиесілі бөлігі салынып бітті.

Жыл соңына дейін Ұлытау облысындағы бөлігінде көлік қозғалысы толық ашылады. Жолдың жалпы ұзындығы – шамамен 400 шақырым.

Ең бастысы, биыл елімізде бұрын-соңды болмаған  ауқымды инфрақұрылымдық жобалар басталады.

«Батыс Қытай – Батыс Еуропа» – Қазақстандағы ең негізгі жолдың бірі. Алайда, оның Қызылорда – Ақтөбе арасындағы бөлігі – тар, көлік апаттары жиі болып жатады. Мен осыған дейін бұл жолды кеңейту туралы тапсырма бердім.

Биыл осы бағытта төрт жолақты жаңа күре жолдың құрылысы басталады. Қазіргі жолдың көбі облыстардың ішкі жолы болып қала береді.

Сондай-ақ мен былтырғы Жолдауымда «Бейнеу – Сексеуіл» жолының құрылысын тездетуді тапсырғанымды білесіздер. Ондағы жұмыстар да биыл басталмақ. Жоба жүзеге асқан соң «Орта дәліздің» қашықтығы 900 шақырымға қысқарады, яғни, Ақтау, Құрық порттарына тура жол ашылады.

Қарағанды – Жезқазған бағытындағы жол талай жылдан бері тозып тұр. Биыл ескі жолдың қапталына екі жолақты жаңа жол салуға кірісеміз Кейін ескі жолды да жаңғыртып, төрт жолақ ету жоспарлануда.

Бұдан бөлек, Сарыағаш маңындағы көлік қозғалысы да өте тығыз. Сондықтан, осы жылы «Сарыағаш айналма жолының» құрылысы қолға алынады.

Барлық жұмыстың сапалы әрі уақытылы орындалуын тікелей бақылауда ұстайтын боламын. Себебі, бұл жобалар Қазақстанның халықаралық көлік-логистика орталығы ретіндегі әлеуетін мейлінше нығайта түседі», - деді Президент.

 

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары