Бос қиял мен құрғақ уәдеге ермей, өмірге шынайы көзқараспен қараған жөн – Тоқаев

/
Бос қиял мен құрғақ уәдеге ермей, өмірге шынайы көзқараспен қараған жөн – Тоқаев
Ақорда

Бүгін Қызылордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтіп жатыр. Отырыста сөз сөйлеген Мемлекет басшысы түрлі жоспарлар құрып, стратегиялар жасауды құптай бермейтінін, құрғақ уәде беруге түбегейлі қарсы екенін жеткізіп, өмірге шынайы көзқараспен қарауға шақырды.

«Кез-келген мемлекеттің күші – халықта.

Азаматтарымыздың жасампаздық қуатының арқасында еліміз кез келген кедергі мен тосқауылға қарсы тұрып, орасан зор табысқа жетеріне кәміл сенемін.

Өздеріңіз білесіздер, мен түрлі жоспарлар құрып, стратегиялар жасауды құптай бермеймін. Себебі, бос қиялға беріліп, құрғақ уәде беруге түбегейлі қарсымын. Болашаққа бағдар жасап, жоспар құрғанда өмірге шынайы көзқараспен қараған жөн деп санаймын», - деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы адам капиталының сапасын арттыру мәселесіне айрықша тоқталды.

«Біз білім, ғылым және жоғары технология саласына қомақты инвестиция салатын болдық. Себебі адам капиталының сапасын арттыру – айрықша маңызды міндет.  

Бұл, әсіресе, ел дамуының қазіргідей тарихи, бетбұрысты кезеңінде халқымыздың болашағына тікелей әсерін тигізеді. 

Ең бастысы – бұл жоспарлар жұртты құр уәдемен жарылқайтын тұсаукесер рәсімдері мен форумдардың көлеңкесінде қалып қоймауы керек. Біз пиар-акциялар мен көз алдайтын жалған ілгерілеуге емес, нақты жетістікке ұмтылуымыз қажет.

Цифрландыру және жасанды интеллект жылын сән қуып, ұрандату үшін жариялаған жоқпыз. Бұл шешім бүкіл мемлекеттік аппаратқа нақты міндет жүктеп отыр. Бұл – стратегиялық міндет.

Сондықтан мемлекет үшін айрықша маңызды осы міндетті орындауға қатысты талап та өте жоғары болмақ. Бұл бағыттағы жұмыстың нәтижесі нақты әрі көзге көрінетін көрсеткіштермен өлшенуге тиіс. Атап айтқанда, шешім қабылдау мерзімін қысқартуға, еңбек өнімділігін арттыруға және қызмет сапасын жақсартуға оң ықпал етуі керек»», - деді Президент.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары