Шри-Ланкада әлемдегі ең үлкен сапфир ресми түрде жұртшылыққа ұсынылды. «Таза Жер жұлдызы» (Star of Pure Land) деп аталған бұл асыл тас геммологтардың бағалауынша 300–400 млн АҚШ долларына бағалануы мүмкін. Тастың иелері оны сатуға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы Associated Press хабарлады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Әлемде жалғыз бұл сапфир Star of Pure Land компаниясына тиесілі. Компания бұл тасты 2023 жылы басқа да қымбат асыл тастармен бірге сатып алған. Сапфир Шри-Ланканың Ратнапура қаласының маңынан табылған. Бұл қала әлемде «асыл тастар қаласы» ретінде танымал.
Шри-Ланка сапфирлері өзінің ерекше жарқылымен, тазалығымен және тұнық түсімен әйгілі. «Таза Жер жұлдызы» осы қасиеттерді ғана емес, сирек кездесетін астеризм құбылысын да көрсетеді. Тастың жылтыратылған бетіне жарық түскен кезде айқын алты сәулелі жұлдыз бейнесі көрінеді.
Мамандардың айтуынша, мұндай көлемдегі және сападағы жұлдызды сапфирлер әлемде өте сирек кездеседі. Осы себепті «Таза Жер жұлдызы» халықаралық асыл тас нарығында айрықша қызығушылық тудырып отыр.