«Салық кодексі – 2026»: Астанада кәсіпкерлерге арналған жаңа ережелер талқыланды

/
«Салық кодексі – 2026»: Астанада кәсіпкерлерге арналған жаңа ережелер талқыланды

Қазақстандық салық кеңесшілері қауымдастығы (ҚСКҚ) «AMANAT» партиясының қатысуымен Астана қаласында «Салық кодексі – 2026: бизнеске арналған бағдарлар» атты конференция өткізді. Іс-шара офлайн форматта өтіп, оған 250-ден астам азамат қатысты. Сондай-ақ өңірлердегі өкілдер бейнеконференцбайланыс арқылы қосылды.

Жиынға мемлекеттік органдардың, кәсіптік және академиялық қоғамдастықтың өкілдері, кәсіпкерлер, салалық қауымдастықтар, салық кеңесшілері, бухгалтерлер мен заңгерлер қатысты. Талқылаудың негізгі тақырыбы – жаңа Салық кодексінде қарастырылған салықтық реттеу мен әкімшілендірудегі өзгерістер, сондай-ақ бизнестің жаңа ережелер жағдайында жұмыс істеуіне қатысты практикалық мәселелер.

Конференция барысында кейбір нормалар мен ережелердің іс-жүзінде қолданылуы жөнінде қосымша түсіндіру жұмыстары жүргізілуі қажет екені мәлімделді. Қатысушылар бұл нормаларды қолдану барысында даулы мәселелер мен түрлі қателіктер жиі туындайтынын атап өтті. Осыған байланысты бизнес өкілдеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізу және оларды сүйемелдеу шаралары барлық өңірде жүйелі түрде жалғасуы қажет екені айтылды.

Іс-шараның ашылу салтанатында «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек сөз сөйледі. Ол жаңа нормалардың тиімді жүзеге асуы үшін кәсіпкерлермен тұрақты диалог орнатудың және оларға қабылданған өзгерістерді барынша түсінікті әрі ашық түрде жеткізудің маңызын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында жаңа Салық кодексі туралы айта отырып, бұл реформаның – қатардағы «фискалдық науқан» емес, салық жүйесін қайта құру екенін атап өткен еді. Сондықтан реформаны іске асырудың бастапқы кезеңінде ықтимал шығындарды есептеп, оны барынша азайту жолдарын қарастыру маңызды. Бұл процесті бақылай отырып, кәсіпкерлердің жаңа салық жүйесіне бейімделуіне қолдау білдіру қажет. Бұл ретте кәсіптік қоғамдастықтың рөлі ерекше. Бизнес өкілдерінің жаңа салық жағдайына бейімделуі қоғамдастықтың жұмысына тікелей байланысты. Жақын арада партия жанынан жасанды интеллект негізіндегі арнайы цифрлық платформаны іске қосу жоспарланып отыр. Ол кәсіпкерлерге жаңа жағдайда туындайтын практикалық сұрақтарға жедел жауап алуға мүмкіндік береді. Бұл жұмыс офлайн форматта да ұйымдастырылады. Өңірлерде бухгалтерлер мен салық кеңесшілеріне арналған консультациялық сессиялар өткізіледі. Оларға заңгерлер және салалық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысады», – деді Дәулет Кәрібек.

Конференция бағдарламасы төрт тақырыптық сессияны қамтыды. Онда арнайы салық режиміндегі өзгерістер, негізгі салықтар бойынша жаңашылдықтар, салықтық әкімшілендірудің трансформациясы және салық даулары бойынша сот практикасы талқыланды. Сонымен қатар бухгалтерлердің, заңгерлердің және кәсіпкерлердің қолданбалы мәселелеріне қатысты практикалық секциялар мен сараптамалық пікірталастар ұйымдастырылды.

«Салық заңнамасындағы өзгерістер бизнеске ауыртпалық тудыратын фактор емес, керісінше түсінікті әрі болжамды процесс болуы керек. Кәсіпкерлердің жаңа нормаларды зерделеуге, соған сәйкес өз бизнес-процестерін бейімдеп, қажет болса уақтылы түзетулер енгізуге мүмкіндік алуы маңызды. Сондықтан мемлекет, кәсіптік орта және бизнес арасында ашық әрі өзара түсіністікке негізделген диалог орнату, жаңа талаптарды кәсіпкерлердің нақты жағдайын ескере отырып, қысымсыз енгізу – ортақ міндетіміз», – деді Қазақстандық салық кеңесшілері қауымдастығы басқармасының төрағасы Сәкен Карин.

«AMANAT» партиясы Қазақстандық салық кеңесшілері қауымдастығымен бірлесіп, отандық бизнестің жаңа жағдайға барынша жеңіл бейімделуіне ықпал етуді көздейді. Алдағы уақытта өңірлерде осындай іс-шараларды өткізу, сондай-ақ жауапты мемлекеттік органдарға ұсыныстар енгізу үшін азаматтармен кері байланыс орнату жоспарлануда. Негізгі мақсат – шағын бизнестің жаңа Салық кодексі нормаларына ауысуын қамтамасыз ету, сондай-ақ компаниялардың тұрақтылығы мен тиімділігін сақтай отырып, олардың қызметін жаңартылған құқықтық негізде ұйымдастыруға қолдау көрсету.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары