Темір жетіспегенде байқалатын белгілер

/
Темір жетіспегенде байқалатын белгілер
сурет: istockphoto.com

Терінің шамадан тыс бозаруы, еріннің көгеруі, тырнақтың сынғыштығы мен шаштың түсуі, сондай-ақ бор, мұз немесе топырақ жеуге құмарту ағзада темір жетіспеуінің клиникалық белгісі болуы ықтимал. Бұл туралы «Газете.Ru»-ға берген сұхбатында терапевт-дәрігер, профпатолог Светлана Бурнацкая мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Дәрігердің айтуынша, терінің бозаруы өздігінен нақты диагноз қоюға жеткіліксіз. Ол басқа шағымдармен – әлсіздік, ентігу, бас айналу, жүрек қағысының жиілеуімен бірге бағалануы керек. Егер мұндай белгілер екі аптадан ұзақ сақталса, міндетті түрде дәрігерге көрініп, жалпы қан талдауын және ферритин деңгейін тексеру қажет.

Қауіпті белгілердің қатарына тұрақты шаршау, зейіннің төмендеуі, ауыз бұрышындағы жаралар, дәм сезудің бұзылуы (бор, мұз, топырақ жеуге әуестік – «пика» құбылысы), аз ғана қозғалыста ентігу, тахикардия, тері мен шаштың құрғауы жатады. Бұл симптомдардың әсіресе етеккірі көп келетін әйелдерде немесе асқазан-ішек жолының созылмалы аурулары бар адамдарда байқалуы алаңдатады.

Маман созылмалы стресс, ұйқының қанбауы және өмір ырғағының жоғары болуы да темірдің сіңуіне кері әсер ететінін атап өтті. Кортизол гормонының әсерінен асқазан мен он екі елі ішектің шырышты қабатының қызметі бұзылып, тұз қышқылының бөлінуі азаяды. Ал бұл қышқыл темірдің ағзаға сіңетін түрге ауысуы үшін қажет.

Темір тапшылығы жеңіл деңгейде болса және айқын анемия анықталмаса, тамақтануды түзету жеткілікті болуы мүмкін. Темірге бай өнімдер қатарына сиыр бауыры мен тілі, сиыр еті, устрица, жасымық, қарақұмық, асқабақ дәні мен күнжіт жатады. Дәрігер темір препараттарын зертханалық дәлелсіз қабылдауға болмайтынын ескертті, өйткені темірдің артық мөлшері ағза үшін уытты.

Сарапшылар әсіресе күз-қыс мезгілінде алдын алу мақсатында қан талдауын және ферритин деңгейін тексеріп отыруды ұсынады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары