Таңертеңгі жарық психикаға қалай әсер етеді?

/
Таңертеңгі жарық психикаға қалай әсер етеді?
сурет: istockphoto.com

Таңертеңгі уақытты әлсіз жасанды жарықта өткізу тіпті дені сау адамдардың өзін депрессияға тән биологиялық өзгерістерге ұшыратуы мүмкін. Мұндай қорытындыға неміс ғалымдары келді. Зерттеу нәтижелері Journal of Psychiatric Research журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Адам ағзасының ішкі «биологиялық сағаты» – циркадтық ырғақтар – ең алдымен жарыққа тәуелді. Көздің тор қабығына түскен жарық гипоталамустағы супрахиазматикалық ядроны белсендіреді. Бұл орталық гормондардың бөлінуін, дене температурасын және ұйқы мен сергектік циклдерін реттейді. Табиғи жағдайда бұл жүйе таңертеңгі жарық пен түнгі қараңғылықтың айқын айырмасына сүйенеді.

Алайда қазіргі өмір салты бұл тепе-теңдікті жиі бұзады. Көп адам күннің негізгі бөлігін табиғи жарықтан әлдеқайда әлсіз кеңселер мен үй-жайларда өткізеді. Ғалымдар дәл осы фактордың, яғни таңғы жарық тапшылығының психофизиологиялық әсерін тексеруді мақсат еткен.

Экспериментке 20 дені сау жас адам қатысып, олар бес күнге екі топқа бөлінді. Таңғы сағат 8:00-ден 12:00-ге дейін бір топ 55 люкс шамасындағы көмескі жылы жарықта болды: бұл нашар жарықтанған бөлмеге тән деңгей. Екінші топ дәл осы уақытты 800 люкс болатын жарық, салқын түсті жарықта өткізді, ол жақсы жарықтанған кеңсеге жақын.

Нәтижесінде көмескі жарықта болған топта кортизолдың тәуліктік ырғағы бұзылғаны анықталды. Гормон деңгейі күннің екінші жартысында және кешке дейін жоғары болып қалған; бұл депрессия кезінде жиі байқалатын көрініс. Сонымен қатар ұйқы құрылымы да өзгерген: жалпы ұйқы уақыты орта есеппен 25 минутқа қысқарып, терең баяу толқынды ұйқы түннің кешірек кезеңдеріне ығысқан.

Субъективті бағалаулар да бұл өзгерістерді растады. Көмескі жарықтағы қатысушылар өзін ұйқышыл әрі көңіл күйі төмен сезінгенін айтса, жарық ортада болған топта мұндай шағымдар тіркелмеген. Олардың гормондық ырғақтары мен ұйқы архитектурасы физиологиялық қалыпқа жақын болған.

Зерттеушілердің пікірінше, бұл деректер қоғамдық денсаулық пен сәулет саласы үшін маңызды. Таңертеңгі уақытта жарықты күшейту биологиялық ырғақтардың бұзылуы мен психикалық ауытқу қаупін азайтудың қарапайым әрі тиімді жолы болуы мүмкін.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары