Жаңа ғылыми зерттеу депрессия адамның өмірдегі мән сезімін тікелей емес, жалғыздықты күшейту және өз-өзіне деген бағасын төмендету арқылы әлсірететінін көрсетті. Бұл байланыс жас кезеңдеріне қарай әртүрлі көрініс береді. Зерттеу нәтижелері Journal of Humanistic Psychology журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Өмірдің мәнін сезіну психологтар үшін адамның негізгі рухани қажеттіліктерінің бірі саналады. Ол адамның өмірін тұтас, мағыналы және белгілі бір мақсатқа бағытталған деп қабылдауымен байланысты. Мамандар бұл сезімнің психологиялық әл-ауқатпен тығыз байланысы бар екенін бұрыннан айтып келеді.
Депрессия кезінде адамдар өзін өмірден шет қалғандай, бағыт-бағдарсыз сезінеді. Депрессия мен өмірдің мәнін жоғалту арасындағы байланыс белгілі болғанымен, бұл үдерістің нақты қалай жүретіні толық түсіндірілмеген еді.
Жаңа зерттеудің авторлары осы олқылықтың орнын толтыруды мақсат етті. Олар депрессия мен өмір мәнінің төмендеуі арасындағы байланысты екі аралық фактор арқылы түсіндіруге болатынын ұсынды – жалғыздық және базалық өзін-өзі бағалау. Жалғыздық – әлеуметтік байланыстардың жетіспеуі немесе оқшаулану сезімі болса, ал базалық өзін-өзі бағалау адамның өз құндылығы, қабілеті мен эмоционалдық тұрақтылығы туралы ішкі, көбіне бейсаналы бағасын білдіреді.
Зерттеушілердің болжамынша, депрессия алдымен жалғыздық сезімін күшейтеді, жалғыздық өз кезегінде адамның өзін-өзі бағалауына соққы береді, ал бұл ақырында өмірдің мәнін сезінудің әлсіреуіне әкеледі. Сонымен қатар ғалымдар бұл тізбектің жас ерекшеліктеріне қарай өзгеретінін де тексерген. Өйткені жасөспірімдердің өмірлік сұрақтары мен орта жастағы адамдардың уайымдары бірдей емес.
Зерттеуге Қытайдан барлығы 1 255 адам қатысқан. Қатысушылар төрт топқа бөлінген: кіші сынып жасындағы жасөспірімдер, жоғары сынып оқушылары, студенттер және орта жастағы ересектер. Жасы 11-ден 76 жасқа дейінгі қатысушылар онлайн форматта бірнеше стандартталған сауалнама толтырған.
Нәтижелер депрессия деңгейі жоғарылаған сайын өмірдің мәнін сезіну төмендейтінін көрсетті. Статистикалық талдау ғалымдар ұсынған «тізбекті медиатор» моделін растады: депрессия → жалғыздық → өзін-өзі бағалаудың төмендеуі → өмір мәнінің әлсіреуі.
Авторлардың айтуынша, бұл қорытындылар депрессиямен жұмыс істеуде тек симптомдарды азайту ғана емес, адамның әлеуметтік байланыстарын нығайту мен өзіне деген көзқарасын қалпына келтірудің де маңызын көрсетеді. Мұндай тәсілдер әсіресе жас кезеңдеріне бейімделген психологиялық қолдау бағдарламаларын әзірлеуде пайдалы болуы мүмкін.