Бразилияда өрмекшілерден ешқайда кездеспеген беймәлім паразит анықталды

/
Бразилияда өрмекшілерден ешқайда кездеспеген беймәлім паразит анықталды
сурет: Сан-Паулу университетінің Биология институты

Бразилияның Рио-де-Жанейро штатында өрмекшілерден ғылымға беймәлім паразит кенелер анықталды. Көлемі жарты миллиметрге де жетпейтін бұл ағзалар бірнеше жыл бойы музей қорында сақталған үлгілерді қайта зерттеу кезінде табылған. Зерттеуді Сан-Паулу қаласындағы Бутантан институты мен Сан-Паулу университетінің Биология институтының ғалымдары жүргізді. Нәтижелері International Journal of Acarology ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ғалымдар бірнеше миллиметр ғана болатын жас өрмекшілердің денесінен «алқа» тәрізді тізіліп тұрған ұсақ организмдерге назар аударған. Микроскоппен қарау барысында олардың шамамен 0,5 мм болатын паразиттік кенелердің дернәсілдері екені анықталған. Осылайша Araneothrombium brasiliensis деп аталған жаңа түр сипатталды. Бұл – Бразилияда өрмекшілермен байланысты тіркелген екінші паразиттік кене және осы тұқымдастың ел аумағынан табылған алғашқы өкілі.

Araneothrombium туысы ғылымда алғаш рет 2017 жылы Коста-Рикада сипатталған болатын. Ал жаңа түрдің Бразилиядан табылуы бұл паразиттердің таралу аймағы әлдеқайда кең екенін және бүкіл неотропикалық өңірде кездесуі мүмкін екенін көрсетті.

Қазір ғалымдарға жаңа түрдің тек дернәсілдік кезеңі ғана белгілі. Олар үш түрлі өрмекші тұқымдасына жататын жас дарақтарда паразиттік өмір сүріп, лимфамен қоректенеді. Кенелер өрмекшінің баскөкірек пен құрсақты жалғайтын жіңішке тұсына – педицельге жабысады. Бұл аймақта қорғаныш қабаты жұқа болғандықтан, паразиттерге қолайлы. Табылған барлық дернәсілдердің толық тойынғаны және айтарлықтай үлкейгені олардың қоректену тәсілінің өте тиімді екенін көрсетеді.

Өрмекшілер Рио-де-Жанейро штатындағы Пинейрал аймағынан, үңгірлер мен гроттарға жақын жерлерден жиналған. Мұндай орта Бразилияда бұрын сипатталған тағы бір сирек паразиттік кене – Charletonia rocciai түріне де тән.

Ғалымдардың айтуынша, бұл жаңалықтың музей коллекцияларының арқасында ашылуы – ерекше жағдай. Өрмекшілер ұзақ жылдар бойы қорда сақталып, паразиттер тек қазір ғана байқалған. Бразилияда өрмекшілердің 3000-нан астам түрі белгілі екенін ескерсек, зерттеушілер музей сөрелерінде әлі де талай жаңа түрлер «жасырын» жатуы мүмкін деп отыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары