Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Мұрат Іргебаев Қытай Халық Республикасының Елшілігі өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды turkystan.kz Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін ҚХР нарығына экспорттау мәселелері, соның ішінде фитосанитариялық талаптарды сақтау және қолдану тетіктері талқыланды.
Қазақстан тарапы Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасының инспекциялық қызметін жандандырудың маңыздылығын атап өтті. Бұл Қытайға экспорттауға рұқсат етілген өңірлер мен ауыл шаруашылығы өнімдері түрлерінің тізбесін кеңейтуге мүмкіндік береді. Экспорттық мүмкіндіктердің кеңеюі жеткізілім көлемін арттырып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететіні айтылды.
Отандық компаниялардың өкілдері мен уәкілетті мемлекеттік органдар қолданыстағы рәсімдер аясында инспекцияларды өткізуге және барлық қажетті ақпаратты ұсынуға дайын екендіктерін растады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара түсіністік пен іскерлік ықпалдастықты жалғастыруға мүдделілік білдіріп, қаралған барлық мәселелер бойынша алдағы уақытта да бірлесіп жұмыс істеуге келісті.