PLOS ONE журналында жарияланған жаңа зерттеу ер адамдардың күн сәулесін жақсы көруі мен психикалық саулығы арасында маңызды байланыс барын көрсетті. 2009–2020 жылдар аралығындағы АҚШ-тың National Health and Nutrition Examination Survey деректерін талдаған ғалымдар күнді жақсы көретін және далада жиі жүретін ер адамдарда депрессия белгілері аз болатынын анықтаған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Зерттеуде «күн сәулесіне ұмтылу» деген жаңа ұғым қолданылған. Бұл көрсеткіш адамның күнді ұнатуы мен күн астында нақты өткізетін уақыты сияқты психологиялық және мінез-құлықтық факторларды біріктіреді. Мұндай бейімділік ағзаның биологиялық ырғақтарымен, мелатонин мен серотонин деңгейімен байланысты.
Күн сәулесін ұнататын адамдар өздерін сергек, көңілді сезінетінін, энергиясы артатынын жиі айтқан. Ал күннен қашқақтайтындар көбіне жарыққа жайсыздық сезінеді немесе күңгірт ортаға бейім келеді. Бұл клиникалық диагноз болмаса да, қоршаған орта психологиясында адамның ашық кеңістіктер мен жарыққа қатынасын түсіндіретін маңызды ұғым ретінде қарастырылады.
Зерттеу авторы Хайфэн Лю бастаған ғалымдар 20–59 жас аралығындағы 7 306 ер адамның деректерін талдаған. Қатысушылар депрессия белгілері, ұйқы проблемалары және ұйқы ұзақтығы жөнінде сауалнамалар толтырған. Сондай-ақ олар күн ашық кезде көлеңкеде қаншалықты жиі болатынын және соңғы 30 күнде таңғы 9-дан кешкі 5-ке дейін далада қанша уақыт өткізгенін көрсеткен.
Нәтижесінде күн сәулесін көбірек ұнататын және далада ұзақ жүретін ер адамдарда депрессия белгілері мен ұйқыға шағымдар сирек кездесетіні анықталған. Алайда олардың ұйқы уақыты сәл қысқарақ болған.
Зерттеушілер бұл деректер күн сәулесінің психикалық денсаулыққа ықпалы барын көрсеткенімен, зерттеу көлденең форматта жүргізілгендіктен, нақты себеп-салдар байланысын дәлелдеуге мүмкіндік бермейтінін атап өтті. Сонымен қатар барлық мәліметтер қатысушылардың өз жауаптарына негізделген.
Соған қарамастан, зерттеу табиғи күн сәулесінің көңіл күй мен ұйқы сапасына әсерін тереңірек зерттеу қажеттігін көрсетеді. Ал әзірге қарапайым кеңес бар: күндізгі жарықтан қашпай, таза ауада көбірек жүру артық етпейді.