Жүгіргенде уақыт неге баяулайды? – ғалымдар түсіндірді

/
Жүгіргенде уақыт неге баяулайды? – ғалымдар түсіндірді
сурет: istockphoto.com

Italian Institute of Technology зерттеушілері физикалық белсенділік, әсіресе жүгіру, адамның уақытты қабылдауын бұрмалайтынын анықтады. Экспериментке қатысушылар жүгіру кезінде уақыт аралығын орта есеппен 9 пайызға ұзағырақ деп бағалаған. Басқаша айтқанда, субъективті түрде бір минутқа созылғандай көрінген жүгіру іс жүзінде шамамен 55 секундқа ғана тең болған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеу барысында 22 еріктіге экранда екі секунд көрсетілген бейнелер ұсынылып, келесі бейненің дәл сондай уақытқа созылған-созылмағанын бағалау тапсырылды. Бұл сынақ үш түрлі жағдайда өткізілді, бір орында тұрып, артқа қарай жүру кезінде және жүгіру жолында жүгіріп бара жатып. Нәтижелер бірізді шықты: қозғалыс күрделенген сайын уақыт «созылып» қабылданады.

Бұған дейін мұндай эффект көбіне физиологиялық факторлармен, жүрек соғу жиілігінің артуымен, тыныстың жиілеуімен түсіндіріліп келген. Алайда жаңа зерттеу басқа механизмді алға тартады. Ғалымдардың байқауынша, артқа қарай жүру кезінде де (жүрекке түсетін жүктеме аз болса да) уақыт 7 пайызға ұзағырақ сезіледі. Бұл шешуші фактор физикалық шаршау емес, когнитивтік жүктеме екенін көрсетеді.

Зерттеу авторларының пікірінше, жүгіру мидан қозғалысты, тепе-теңдікті және кеңістікті бір мезетте бақылауды талап етеді. Осы күрделі моторлық міндеттерге назар бөлінгенде, мидың «ішкі сағаты» басқаша жұмыс істей бастайды. Нәтижесінде уақытты өлшеу дәлдігі төмендеп, аралықтар ұзағырақ болып көрінеді.

Scientific Reports журналында жарияланған бұл жұмыс уақытты қабылдау тек эмоцияға немесе физиологияға ғана емес, зейіннің қалай бөлінетініне де тәуелді екенін көрсетеді. Күнделікті өмірде де осыған ұқсас құбылысты байқауға болады: кезек күткенде минуттар созылып кетеді, ал күрделі немесе қызықты іспен айналысқанда уақыттың қалай өткенін байқамай қаламыз.

Ғалымдар бұл нәтижелер уақытты қабылдауды зерттеуде когнитивтік факторларды ескерудің маңызын арттыратынын айтады. Ал жүгірушілер үшін бұл жаңалықтың практикалық мәні бар: кейде жолдың «бітпей қойғаны» әлсіздіктен емес, мидың артық жұмысынан болуы мүмкін.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары