Елордадағы 5573 әскери бөлімі көктемгі шақырылымның алғашқы легін қабылдады. Павлодар қаласынан келген 38 сарбаз Ұлттық ұлан сапында Отан алдындағы борышын өтейді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жас жауынгерлерді әскери бөлім басшылығы қарсы алып, бөлімнің тыныс-тіршілігімен таныстырды. Сарбаздарға казармалар, оқу сыныптары мен қызметтік аумақтар көрсетіліп, әскери бөлімдегі күн тәртібі мен қызметтің негізгі талаптары түсіндірілді. Сонымен қатар оларға әскери киім-кешек пен қажетті жабдықтар табысталды.
Әскери бөлімде жас сарбаздардың жаңа ортаға бейімделуіне ерекше назар аударылуда. Тәжірибелі офицерлер мен сержанттар алғашқы күннен бастап жас жауынгерлерге бағыт-бағдар беріп, әскери өмірге тез үйренуіне қолдау көрсетіп келеді.
Павлодардан келген сарбаздардың бірі қатардағы Ибрахим Әбіл әскери қызметтің жауапкершілігі жоғары кезең екенін атап өтті.
— Әскерге келу — мен үшін маңызды шешім. Мұнда тәртіпке үйреніп, өзімді шыңдаймын деп ойлаймын. Бізді жақсы қарсы алып, барлық жағдайды түсіндіріп берді, — дейді жас сарбаз.
Алдағы уақытта жас толым жауынгерлік оқу пунктінен өтіп, саптық және жауынгерлік машықтарды меңгереді. Кейін олар әскери бөлімнің күнделікті қызметіне тартылатын болады.