Павлодарда туысқанын сабаған тұрғын жауапқа тартылды

/
Павлодарда туысқанын сабаған тұрғын жауапқа тартылды
istockphoto.com

Павлодар облысында ер адам 60 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жыл басынан бері қылмыстық-атқару жүйесінің пробация қызметтерінің есебінен қоғамдық жұмыстарға сотталған 2300-ден астам адам өтті. Бүгінде қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар жасаған мыңға жуық адам сот тағайындаған сағаттарды қоғам игілігі үшін еңбекпен өтеп жүр. Сотталғандар көшелерді, саябақтарды, аулаларды, балалар алаңдарын тазалау, көгалдандыру және аумақтарды абаттандыру жұмыстарымен айналысады.

Мұндай жұмыстар арнайы білім мен біліктілікті талап етпейді. Олар күніне пробация қызметкерлерінің бақылауымен төрт сағаттан артық жұмыс істемейді. Осындай жағдайлардың бірі Павлодар облысында болды.

Ер адам туысымен жанжал барысында оған жеңіл дене жарақаттарын салған. Сот оған 60 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындады. Жазасын өтеу барысында сотталған азамат барлық белгіленген сағаттарды толық өтеп, тәртіп бұзушылықтарға жол бермеген және пробация қызметінің есебінен шығарылды. Қызметкерлердің айтуынша, ол өз әрекетіне қорытынды жасап, мінез-құлқын қайта қараған.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінде қоғамдық жұмыстардың басты мақсаты — адамды еңбек арқылы түзеу және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу екенін атап өтті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары