2025 жыл жақсы жыл болды. Ұлттық аналитикалық орталық өткізген республикалық сауалнамаға қатысқан ел азаматтары өтіп бара жатқан жылға осындай баға берген.
Сонымен, бұл жыл несімен есте қалмақ, қандай өзгерістер мен айтулы оқиғалар болды, көз жүгіртіп көрейік.
Өтіп бара жатқан 2025 жылды қазақстандықтар салыстырмалы түрде оң бағалады. Ұлттық аналитикалық орталық өткізген республикалық сауалнамаға елдің барлық аймағынан мыңдаған респондент қатысқан.
«2025 жыл сіз үшін қандай болды?» деген сұраққа респонденттердің 11 пайызы «жыл сәтсіз өтті» деп жауап берген, 37 пайызы табысты болды десе, ал қалған 52 пайызы жыл әдеттегідей, қалыпты яғни айтарлықтай жағымды не жағымсыз оқиғалар болмады деген.
Олар 2025 жылдың басты жетістіктері деп спорт, технология және цифрландыру, киноиндустрияның дамуы, өнеркәсіп, мектептер мен ауруханалардың құрылысы сияқты әлеуметтік инфрақұрылымды атаған. Есте қаларлық оқиғалар қатарында әлемдік жұлдыздардың концерттері және Абайдың 180 жылдығы сияқты маңызды мерейтойлар, жаңа мектептер мен ауруханалардың ашылуы, жолдарды жөндеу және қала инфрақұрылымын жақсарту, жасанды интеллект саласындағы жаңалықтар, Президенттің халықаралық деңгейдегі кездесулері бар.
Сарапшылардың пікірінше, бұл позитивті оқиғалар тек эмоциялық әсермен шектелмей, білім, денсаулық сақтау, экология және технология салаларында нақты өзгеріс барын көрсетеді. Мысалы, жаңа мектептер мен ауруханалардың ашылуы білім мен денсаулық саласында нақты инфрақұрылымдық серпін берсе, жасанды интеллект пен суперкомпьютер жобалары цифрландыру мен технологиялық дамудың көрінісі ретінде қарастырылады. Сауалнама деректері бойынша, қазақстандықтардың 71 пайызы елдің даму бағытын дұрыс деп бағалайды, ал 77 пайызы Президенттің қызметін қолдайды.
Сыртқы саясат
Әлемдегі ахуал әлі де бұлыңғыр, геосаяси қақтығыстар жаңа деңгейге өтіп, белгісіздік күшейді. Осы жағдайда Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясатын ары қарай жалғастырды. Бұл саясат прагматизмге және Орталық Азияның жалпы мүддесі ескерілетін шешімдерге негізделеді. Президент бірқатар елге түрлі дәрежедегі сапарлармен барып, мән-маңызы жоғары кездесулер өткізіп, келісімдерге келді.
2025 жылы еліміз екі ірі саммиттің ұйымдастырушысы болды. Маусымда Астанада екінші «Қытай – Орталық Азия» саммиті өтті, нәтижесінде Астана декларациясы және Мәңгілік көрші, достық және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Қарашада Президент Вашингтонда өткен «Орталық Азия – АҚШ» (C5+1) саммитіне қатысты, мұнда маңызды минералдар мен жасанды интеллект саласындағы жобалар және АҚШ-пен 17 млрд долларлық коммерциялық келісімдер жарияланды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ресей Федерациясына ресми сапармен барып, жан-жақты стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойды, ал Қытайға ресми сапар барысында ШЫҰ кеңейтілген саммитіне қатысты.
БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесін реформалау және бейбітшілікті қолдау механизмдерін жаңғырту бойынша ұсыныстар айтты. Астанада VIII Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтті, Астана бейбітшілік декларациясы қабылданды. Astana International Forum, Digital Bridge 2025 және Astana Think Tank Forum Астананың халықаралық диалог орталығы ретіндегі статусын нығайта түсті.
Жаһандық бастамалар
2025 жыл Қазақстанның сыртқы саясатында жаңа кезең ретінде ерекшеленді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы алаңдарында көтерген бастамалары елдің халықаралық процестердегі рөлін қайта айқындады. Бұл ұсыныстар жекелеген дипломатиялық қадам емес, жаһандық басқару жүйесін жаңғыртуға арналған көзқарасты көрсетті.
2025 жылғы басты халықаралық бастамалардың бірі – БҰҰ жүйесін, әсіресе Қауіпсіздік кеңесін реформалау жөніндегі Қазақстанның ұсынысы. БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесін Азия, Африка, Латын Америкасы және Таяу Шығыстың жетекші елдері есебінен кеңейтуді көздейтін кешенді тәсіл ұсынды.
Бұл бастаманың өзегінде орта державалардың рөлін күшейту идеясы тұр. Қазіргі халықаралық қатынастарда ірі державалар арасындағы келіспеушілік шиеленісе түскен жағдайда, дәл осы орта деңгейдегі елдер тұрақтандырушы фактор бола алады. Қазақстан осы арқылы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің өкілдік сипатын арттырып, шешім қабылдау тетіктерін күшейтуді мақсат етеді.
Қазақстанның бастамасымен 2026 жыл Орнықты даму мақсаттары үшін Халықаралық еріктілер жылы болып жариялануы – елдің жаһандық әлеуметтік күн тәртібіндегі орнын айқындайтын маңызды қадам. Президенттің айтуынша, еріктілер қозғалысы қоғамды біріктіретін әрі экологиялық, әлеуметтік және гуманитарлық мәселелерді шешуге қабілетті пәрменді ресурсқа айналып отыр.
Қазақстан 2025 жылы ядролық қарусыздану мәселесінде де бұрынғы ұстанымында қалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ЯҚТШ мен Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың әлеуетін күшейту үшін келіссөздерді қайта жандандыруға шақырды. Сонымен қатар БҰҰ аясында биологиялық қауіпсіздік жөніндегі тұрақты халықаралық орган құруды ұсынды.
2025 жылы Қазақстан бастамасымен Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы резолюцияның қабылдануы – дипломатиялық тұрғыдан маңызды жетістік. Бұл орталық өңірдегі жобаларды үйлестірумен қатар, Ауғанстанды экономикалық және гуманитарлық процестерге тартуға мүмкіндік береді. Президент атап өткендей, кейінгі бес жылда Орталық Азиядағы ішкі сауда көлемі екі есеге өсіп, 10 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл өңірдің «біртұтас әрі тәуелсіз» ойыншы ретінде қалыптасуына негіз қалайды. Сонымен бірге Алматыда климат және жасыл энергетика мәселелері бойынша өңірлік жобалық офис ашу туралы ұсыныс айтылды.
Қазақстанның 2026 жылы өңірлік экологиялық саммит өткізу туралы бастамасы климаттың өзгеруі, су ресурстары және жасыл энергетика саласындағы үйлесімді саясатты қалыптастыруға бағытталған. Саммиттің БҰҰ және халықаралық қаржы институттарының қатысуымен өтуі экологиялық мәселелерді нақты шешімдер деңгейіне шығаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Каспий мен Арал теңіздерін сақтау мәселесін халықаралық деңгейге көтеру, Арал теңізі мен Әмудария және Сырдария өзендерінің халықаралық күні туралы шешім – экологиялық проблемалардың жаһандық маңызын айқындайды.
Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының 25-саммитінде Қазақстан жоғары технологиялар мен цифрландыруды стратегиялық басымдық ретінде ұсынды. Жасанды интеллект бойынша Эксперттік форум құру, 2027 жылы Қазақстанда алғашқы халықаралық ШЫҰ конференциясын өткізу және су ресурстары жөніндегі ғылыми орталық ашу елдің технологиялық күн тәртібін айқын көрсетеді. Президенттің бағалауынша, алдағы жылдары жасанды интеллект нарығы бірнеше триллион долларлық көлемге жетуі мүмкін. Осы тұрғыда Қазақстан ШЫҰ шеңберінде цифрлық ынтымақтастықты күшейтуді ұсынып отыр.
Жаңа Жібек жолы
Биыл Қазақстан Орталық Азиядағы транзит хабы ретінде халықаралық күн тәртібінде жиі қарастырылып, жиі атала бастады. Достық – Мойынты екінші теміржол желісінің іске қосылуы елдің транзиттік әлеуетін жаңа деңгейге көтерді. Өткізу қабілеті тәулігіне 12 пойыздан 60 пойызға дейін өсті. Бұл Қазақстанның тек транзиттік аймақ ретіндегі емес, континентальды жүктердің белсенді қатысушысы ретіндегі рөлін күшейтті.
Қазір Қазақстан аумағы арқылы бес халықаралық теміржол дәлізі өтеді. Олардың қатарында Қытай – Еуропа бағытын жалғайтын Транскаспий халықаралық көлік бағыты, Солтүстік–Оңтүстік (Ресей – Түрікменстан – Иран) және Солтүстік дәліз (Қытай – Ресей – Еуропа) бар. Кейінгі бес жылда транзит көлемі 2020 жылғы 21,8 млн тоннадан 2024 жылы 27,4 млн тоннаға дейін өсті, ал контейнерлік тасымалдар 37 пайызға артты. 2025 жылдың он айында транзит көлемі 24,9 млн тоннаны құрап, жыл қорытындысы бойынша 31-33 млн тоннаға жетеді деп күтілуде. Ұзақмерзімді перспективада, 2035 жылға қарай, транзиттік ағынды 100 млн тоннаға дейін жеткізу мақсаты қойылған.
Ішкі саясат
2025 жылы ішкі саясатта да айтарлықтай оқиға көп болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары елдің басқару моделін жаңғыртуға, институттардың тиімділігін арттыруға және ұлттық дамудың ұзақмерзімді бағдарын айқындауға бағытталды. Бұл үрдістер цифрлық трансформациядан бастап, сот жүйесін реформалауға және аумақтық дамудың жаңа модельдерін қалыптастыруға дейінгі кең ауқымды қамтыды.
Қыркүйектің басында Мемлекет басшысы «Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде: цифрлық трансформация арқылы өзекті міндеттерді шешу» атты жыл сайынғы Жолдауын жариялады. Құжатта жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар экономиканың ғана емес, мемлекеттік басқару жүйесінің, әлеуметтік саясаттың және адами капиталды дамытудың негізгі қозғаушы күшіне айналатыны атап өтілді. Жолдау цифрландыруды жекелеген салалық реформа ретінде емес, елдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын стратегиялық фактор ретінде қарастыруымен ерекшеленді.
2025 жылы Ақмола облысындағы «Бурабай» курорттық аймағында өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысы ішкі саяси диалогтың маңызды алаңына айналды. Екі күнге созылған талқылау барысында әлеуметтік-экономикалық даму, құқық үстемдігі, тіл саясаты, діни келісім және азаматтық қоғам институттарын нығайту мәселелері қамтылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтай барысында институционалдық тұрақтылық пен ұлттық бірегейлікті сақтау өзара тығыз байланысты екенін атап өтті. Бұл форум мемлекет пен қоғам арасындағы ұзақмерзімді келісімнің мазмұнын айқындауға бағытталған саяси платформа ретінде көрінді.
8 қыркүйектегі Жолдауында Мемлекет басшысы Парламентті реформалау мәселесін көтеріп, бір палаталы модельге көшу мүмкіндігін қоғамдық талқылауға шығаруды ұсынды. Бұл бастама өкілді биліктің тиімділігін арттыру және заң шығару үдерісін жеделдету қажеттілігінен туындап отыр. Реформа «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын сақтай отырып, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті жаңа деңгейге шығаруды көздейді. Мұнда басты назар демократиялық бақылауды әлсіретпей, басқарушылық тиімділікті арттыруға аударылған.
2025 жылы Президенттің Жарлығымен елдің ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен басым бағыттары бекітілді. Құжатта заң үстемдігі, қоғамдық тәртіп, «еститін мемлекет» қағидаты, инклюзивтілік және әлеуметтік бірлік негізгі бағдар ретінде белгіленді. Бұл Жарлықтың саяси маңызы – идеологиялық ұстанымдарды институционалдық деңгейде бекітіп, мемлекеттік бағдарламалар мен реформалар үшін ортақ нормативтік негіз қалыптастыруы. Осылайша, ішкі реформалардың сабақтастығы мен үйлесімділігі қамтамасыз етіледі.
2025 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда кассациялық соттар жұмысын бастады. Бұл өзгеріс Жоғарғы соттың жүктемесін азайтып, сот актілерінің сапасын арттыруға және азаматтардың әділ сотқа қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді. Кассациялық сотының енгізілуі құқық үстемдігін нығайту жолындағы институционалдық реформаның жалғасы ретінде бағаланады.
2025 жылғы қыркүйекте Президент Алатау қаласына ерекше әлеуметтік-экономикалық даму аумағы мәртебесін беру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл шешім қаланы іскерлік белсенділік пен инновациялық дамудың стратегиялық орталығы ретінде қалыптастыруды көздейді. Алатаудың жаңа мәртебесі өңірлік дамудың теңгерімді моделін қалыптастырып, экономикалық өсімнің жаңа нүктелерін ашуға бағытталған.
Заңдағы өзгерістер
2025 жылы заңға бірқатар өзгеріс енді. Олардың қатарында қосылған құн салығының өсуі, тіркеу шегінің төмендеуі және жаңа акциздердің енгізілуі көзделген жаңа Салық кодексі, тұрғын үй заңнамасын реформалау тетігінің жаңартылуы, қылмыстық және әкімшілік заңнаманы оңтайландыру, сондай-ақ кассациялық соттардың іске қосылуы бар. Бұл өзгерістер Қазақстан заңнамасын азаматтар үшін неғұрлым қолайлы, ашық әрі қазіргі заманның талаптарына жауап беретін жүйеге жақындатуға бағытталған.
2025 жылғы 10 қаңтарда Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістер азаматтардың тікелей сезінген алғашқы реформаларының бірі болды. 13 наурыздан бастап бірқатар айыппұл мөлшері қайта қаралды.
2025 жылғы 9 сәуірде қабылданып, 10 маусымда күшіне енген жаңа Су кодексі азаматтарға өзен-көлдерге еркін кіруге рұқсат берді, тіпті олар жеке кәсіпкерге жалға берілген аумақта орналасса да, халық тегін әрі еркін кіре алады. Әрине, дау-дамай әлі де бар, бірақ құқықтық негіздің нақты жазылуы – уақыт өте келе қалыптасатын құқықтық мәдениеттің іргетасы.
24 мамырда күшіне енген тұрғын үй реформасы әлеуметтік әділеттілік мәселесіне тікелей әсер етті. Мемлекет азаматтарды санаттарға бөлуден бас тартып, соңғы бес жылда баспанасы болмаған барлық мұқтаж адамдар үшін бірыңғай кезек енгізді. Жылдар бойы жылжымай тұрған кезек енді шын мәнінде қозғала бастайды деген үміт бар.
2025 жылғы шілдеден бастап кейбір ұлттық парк аумақтарындағы жерлерді ерекше жағдайларда жеке меншікке беру мүмкіндігі пайда болды. Бұл норма бірден пікірталас туғызды. Алайда заң логикасы экологияны құрту емес, керісінше, реттеу және жауапты пайдалануға жол ашу. Егер белгілі бір нысан ұлттық парк құрылғанға дейін болған болса, оны рекреациялық немесе сауықтыру мақсатындағы жер санатына ауыстыруға мүмкіндік берілді.
2025 жылы қабылданған жаңа Салық кодексі 2026 жылдан бастап күшіне енеді. Алайда ондағы ең әлеуметтік маңызы бар нормалардың бірі – барлық зейнетақы төлемдерін жеке табыс салығынан босату. Енді тек бюджеттен төленетін емес, жинақтаушы зейнетақы қорларынан және зейнетақы аннуитеттері бойынша алынатын төлемдерден салық салынбайды. Сонымен қатар ескі автокөлік иелері үшін көлік салығының төмендеуі де тұрмыстық шығынды азайтатын нақты жеңілдікке айналды.
1 қыркүйектен бастап әкімшілік құқық бұзған азаматтарға айыппұл немесе қамаудың орнына қоғамдық пайдалы еңбекпен өтеу мүмкіндігі берілді. Маңыздысы – мұндай жұмыс тек азаматтың келісімімен ғана тағайындалады. Яғни, бұл міндет емес, таңдау.
16 қыркүйектен бастап Қылмыстық кодексте мәжбүрлеп некеге тұрғызу дербес қылмыс ретінде бекітілді. Бұл норма Қазақстанның зорлық-зомбылыққа қарсы қағидатын заң жүзінде нығайтты.
2025 жылдың аяғында Қазақстан Еуроодақтан кейін жасанды интеллект туралы жеке заң қабылдаған екінші юрисдикцияға айналды. Заң 2026 жылы күшіне енеді, алайда қазірдің өзінде ЖИ арқылы жасалған контентті таңбалау, дипфейктерге жауапкершілік енгізу секілді нормалар ақпараттық қауіпсіздікке негіз қалап отыр.
Экономика
2025 жылы Қазақстан экономикасы жаһандық тұрақсыздық жағдайында серпінді өсім көрсетіп, құрылымдық тұрғыдан жаңа кезеңге өтті. Макроэкономикалық деңгейде 2025 жыл соңғы он жылдағы ең жоғары нәтижелердің бірімен есте қалды. Қаңтар-қазан айларында нақты жалпы ішкі өнімнің өсімі 6,4 пайызға жетті. Әсіресе, көлік пен қоймалау логистикасының қарқынды дамуы Қазақстанның транзиттік әлеуетін күшейтіп, елдің халықаралық байланыстарын арттырды. Құрылыс саласындағы ірі инфрақұрылымдық жобалар да жалпы экономикалық серпінге елеулі үлес қосты.
Инвестициялық белсенділік те айтарлықтай өсті. 2025 жылдың тоғыз айында негізгі капиталға салынған инвестициялар 13,5 пайызға артты. Қаражаттың басым бөлігі құрылыс нысандарын салу мен жаңғыртуға бағытталды, ал негізгі қаржыландыру көзі ретінде компаниялардың меншікті қаражаты алдыңғы орынға шықты. Бұл бизнестің ішкі сенімі артқанын білдіргенімен, инвестиция құрылымында технологиялық жаңаруға жауап беретін жабдық үлесінің әлі де төмен болуы белгілі бір тәуекелдер сақталып отырғанын аңғартады.
Соған қарамастан, өңдеу өнеркәсібіндегі инвестициялық серпіліс ерекше назар аудартады. Бұл салада капитал салымдарының өсімі 30 пайыздан асты. Машина жасау, металл өңдеу, тамақ және жеңіл өнеркәсіп бағыттарына салынған инвестициялар елдің технологиялық базасын күшейтті. Ресей, Нидерланд, Оңтүстік Корея, Бельгия және Қытайдан келетін шетелдік капитал жаңа өндірістік тізбектердің қалыптасуына жол ашты.
Экономика тірегінің бірі шағын және орта бизнес те тұрақты өсім көрсетіп отыр. 2025 жылдың күзінде елде 2,17 миллионнан астам белсенді ШОБ субъектісі тіркелді. Бұл бір жылда 6,4 пайыз өсім байқалды деген сөз. ШОБ-тың жалпы қосылған құндағы үлесі 38,6 пайызға жақындап, өңірлік дамудың негізгі драйверіне айналып отыр. Әсіресе, ірі қалаларда бұл сектордың аймақтық өнімдегі үлесі 60 пайыздан асады.
Цифрландыру экономикалық саясаттың өзегіне айналды. 2025 жылы іске қосылған eGov Business платформасы кәсіпкерлер үшін бірыңғай цифрлық экожүйе қалыптастырды. Кәсіпорын туралы деректер, лицензиялар, филиалдар, цифрлық сенімхат және ондаған мемлекеттік қызметтің бір жүйеге біріктірілуі уақыт шығынын азайтып, қауіпті сейілтті.
Салалық тұрғыда көлік-логистика кешені экономиканың ең жылдам дамыған бағыттарының бірі болды. Он айдың қорытындысы бойынша сектордағы өсім 20 пайыздан асты. Транзиттік тасымал көлемінің ұлғаюы, теміржол, автокөлік және құбыр инфрақұрылымының дамуы Қазақстанды Еуразия кеңістігіндегі маңызды логистикалық хабқа айналдыру стратегиясының іске аса бастағанын көрсетеді. Цифрлық декларациялау мен Digital Trade Corridor сияқты шешімдер логистикалық рәсімдерді едәуір жеңілдетті.
Индустриялық саясат аясында 2025 жылы өңдеуші кәсіпорындар мен машина жасау зауыттары іске қосылды. Жалпы, құны 1,5 трлн теңге болатын 190 жоба жоспарланып, олардың басым бөлігі нақты іске асу кезеңіне өтті. Кейінгі үш жылда Қазақстанда бұрын өндірілмеген өнім түрлерінің шығарыла бастауы экономиканың сапалық трансформациясын айқын көрсетеді.
Шикізат секторында да маңызды серпін бар. Теңіз кен орнын кеңейту жобасының толық қуатқа шығуы мұнай өндіру көлемін 40 млн тоннаға дейін жеткізді. Бұл Қазақстанға 2025 жылы мұнай өндіруді 10 пайызға жуық арттыру жоспарын мерзімінен бұрын орындауға мүмкіндік берді.
Экономикалық өсімнің ұзақмерзімді негізі ретінде кадр мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында бірқатар маңызды қадамдар жасалды.