Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 6,1 пайызға жетті – министр

/
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 6,1 пайызға жетті – министр
Үкімет

Бүгін Үкіметтің бір жылдық қызметінің қорытындыларына арналған баспасөз мәслихатында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров кейінгі 11 айда атқарылған жұмыстар туралы есеп берді., деп хабарлайды turkystan.kz.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 6,1 пайызға артты

Министр алдымен биыл ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 6,1 пайызға артып, 9,2 трлн теңгеге жеткенін атап өтті.  Өсімнің негізгі драйвері егін шаруашылығы болды, онда өндіріс көлемі 7,6%-ға артып, 5,8 трлн теңге болды. Ал мал шаруашылығында көрсеткіштер 3,5%-ға өсіп, 3,3 трлн теңгеге жетті.

«Бұл көрсеткіштер саланың нақты көлем индексі 113% болған былтырғы жоғары базадан бастау алған өндірістің нақты өсімін көрсетеді. Бұл бүгінгі күні агросекторда өткен жылдарға қарағанда едәуір көп өнім өндірілетінін білдіреді», — деп түсіндірді ведомство басшысы.

Айдарбек Сапаров деректердің дұрыстығына арнайы назар аударды. 2024 жылы ведомство жоқ жұмыс көлемдерін алып тастап, статистиканы өзекті ете түсу бойынша ауқымды жұмыс жүргізген болатын. Бұл есептеулер үшін «таза» базаны жасақтауға мүмкіндік берді.

Қазақстан шетелге астық жеткізу көлемін арттырды

Биылғы маркетингтік жылда экспортқа рекордтық көлемдегі 13,4 млн тонна астық жіберілді, бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Жемдік ұнды қоса алғанда, мұндағы көлем 15 млн тоннадан асты.

Ал жаңа орылған егіннен бүгінде 3,9 млн тонна астық экспортталды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,6%-ға артық. Еліміздің жалпы экспорттық әлеуеті 13 млн тоннаға бағаланады. Қазақстандық диқандардың өнімі 45 мемлекетке жеткізіледі.

Айдарбек Сапаров атап өткендей, қарқынды экспорт ішкі нарықты тұрақтандыруда шешуші рөл атқарады. Өйткені, Қазақстанда астық ішкі қажеттіліктен 2-3 есе көп жиналатындықтан, оның артығын экспорттау Қазақстан ішіндегі баға қысымын жеңілдете түседі.

«Жоғары экспорт дегеніміз – тек имидж ғана емес, бұл тікелей экономикалық пайда. Елімізге одан ұлттық валюта бағамын қолдайтын валюталық кіріс түседі. Диқандар сыртқы нарыққа астық сатудан түскен табысын техниканы жаңартуға және өндірісті дамытуға инвестициялай алады»,— деп атап өтті спикер.

Елімізде 2,9 млн тонна картоп жиналды

2025 жылы картоптың жалпы өнімі 2,9 миллион тоннаға жетті, ал мақта өнімі шамамен 430 мың тоннаға жетті. Бұл – соңғы 18 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

Министр майлы дақылдар мен бұршақ дақылдарын өсімнің негізгі өзегі деп атады. Бұршақ дақылдарынан 1,1 млн тоннадан астам рекордтық өнімі алынды, оның ішінде: жасымық – 842 мың, бұршақ – 222 мың, ноқат – 22 мың тонна. Майлы дақылдардың өнімі 4,8 млн тоннаны құрады (күнбағыс – 2,3 млн тонна, зығыр – 1,4 млн тонна, рапс – 522 мың тонна).

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолға алынған әртараптандыру жұмыстарын одан әрі жалғастырамыз. Бұл ауыспалы егісті дұрыс ұйымдастыруға, топырақ құнарлылығын сақтауға және фермерлер үшін тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Айдарбек Сапаров.

2026 жылғы егін егу науқанын қаржыландыруға 1,3 мыңнан астам өтінім түсті

Агротехнологияларды сақтау және уақтылы мемлекеттік қолдау көрсету ауыл шаруашылығы көрсеткіштерінің сапалы өсуін қамтамасыз етті. Егер 2023 жылы орташа өнімділік 11 ц/га болған болса, 2025 жылы ол 17 ц/га-ға дейін өсті, ал озық шаруашылықтарда 40 ц/га-ға дейін жетті.

Мұнда егін егу және егін жинау жұмыстарын жеңілдікпен қаржыландыру (750 млрд теңге, 8,5 млн га алқап) шешуші факторға айналды. Бұл ретте мемлекет 2026 жылғы егін егу науқанын қаржыландыруға қазан айынан бастап кірісіп кетті.

«Бүгінгі таңда 230 млрд теңгеге 1,3 мыңнан астам өтінім келіп түсті, оның ішінде 81 млрд теңгеге 750-ден астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қаржыландырылды. Қол жеткізілген нәтижелерді тыңайтқыштарды енгізу көлемінің 3 есеге (1,8 млн тоннаға дейін) артуымен және ауыл шаруашылығы техникасының тозуы 80%-дан 70%-ға дейін төмендегенінен көруге болады», — деді Айдарбек Сапаров.

Қазақстанда астық элеваторларын салу және жаңғырту бойынша несие беру бағдарламасы іске қосылады

Егіс алқаптарын белсенді әртараптандыруға және дәнді емес дақылдардың жоғары өнімділігіне байланысты еліміздегі сақтау инфрақұрылымын жаңғырту қажеттілігі туындады. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкіметтің жылдық жұмысын қорытындылауға арналған баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

«Егін шаруашылығында сақтау инфрақұрылымының жеткіліксіздігі – өсімге кедергі келтіретін фактор болып отыр. Осыған байланысты элеваторларды кеңейту және жаңғырту жобаларына арналған жеңілдетілген несие беру бағдарламасы әзірленуде, оны 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосу жоспарланып отыр», — деді Айдарбек Сапаров.

Кешенді жоспар және 200 млрд теңге: мал шаруашылығы қалай дамиды

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, аланы дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асыру 2026 жылдан басталады. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет жұмысының жылдық қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Министр келтірген өзекті деректер бойынша ІҚМ саны 8,3 млн басқа, қой мен ешкі – 21,3 млн, жылқы – 4,4 млн басқа жеткен. Әрі қарай өсуді қамтамасыз ету үшін құжат айналым қаражатын толықтыруға, асыл тұқымды мал сатып алуға және шалғай жатқан жайылымдар инфрақұрылымын дамытуға жеңілдікпен несие беруді көздейді. Сондай-ақ етті мал шаруашылығындағы аустралиялық тәжірибені жергілікті жерге бейімдеу бойынша пилоттық жобалар жүзеге асырылуда.

«Мал шаруашылығын қолдау көлемін келешекте арттыра отырып, кемінде 200 млрд теңге қаржы бөлу жоспарлануда. Аталған қаражат сонымен қатар қарқынды өсімге негіз болатын аналық мал импортына жұмсалады», — деп атап өтті ауыл шаруашылығы министрі.

Елімізде өңделген сүт пен құс етін өндіруді ұлғайтуда

Сүт және ашытылған сүт өнімдерінің импортына тәуелділік іс жүзінде жойылды. Бұл туралы Үкіметтің қорытынды баспасөз мәслихатында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.

Дүкен сөрелерінде отандық өнімдер басым. Сүтті өңдеу көлемі 2020 жылы 620 мың тоннадан 2024 жылы 632 мың тоннаға дейін, ал ашытылған сүт өнімдерінің көлемі 227 мың тоннадан 238 мың тоннаға дейін өсті. Көрсеткішті одан әрі кеңейту үшін СҚО-ның тауарлы-сүт фермаларын салу тәжірибесі қолданылуда.

Құс шаруашылығында да оң динамика байқалады: құс етін өндіру соңғы бес жылда 236,5 мың тоннадан 360 мың тоннаға дейін өсті.

«Біз тұтынушыларды отандық өндірістің жоғары сапалы тоңазытылған құс етін алуға дағдыландырдық. 2027 жылға дейін тағы 5 құс фабрикасын іске қосу жоспарлануда, бұл қосымша 240 мың тонна өнім береді және ішкі сұранысты толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Айдарбек Сапаров.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары