Қазіргі уақытта ҚР ІІМ Ұлттық ұланы қатарында Бауыржан есімді 249 әскери қызметші Отан алдындағы борышын өтеп жүр. Бұл есім еліміздің тарихында да, әскери дәстүрде де ерліктің, ар-намыстың және Отанға қалтқысыз қызмет етудің нышанына айналған.
Бауыржан есімі еліміздің Қарулы күштерінде айрықша орын алады. Бұл, ең алдымен, аты аңызға айналған қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, жазушы әрі ойшыл Бауыржан Момышұлының өмір жолымен тікелей байланысты. Оның тағылымға толы ғұмыры мен майдандағы тәжірибесі Отан қорғаушылардың талай буынына рухани бағдар болды. Ал тәртіп, жауапкершілік пен отансүйгіштікке негізделген қағидаттары бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Алматы қаласындағы Ұлттық ұланның 5571 әскери бөліміне Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының есімі берілуі ерекше символдық мәнге ие. Жеке құрам үшін бұл зор мәртебе ғана емес, сонымен қатар әскери-қызметтік міндеттерді орындау барысында кәсібилік, табандылық пен адалдық танытып, ұлы батырдың атына лайық болу қажеттігін еске салатын жоғары жауапкершілік.
— Бауыржан Момышұлы мен үшін ерлік пен тәртіптің, шынайы патриотизмнің жарқын бейнесі. Оның есімі маған ерекше жауапкершілік жүктейді. Бұл мені аңызға айналған батырдың даңқты жолын лайықты жалғастыруға міндеттейді. Ұлттық ұлан қатарында қызмет ету – мен үшін үлкен абырой. Негізгі мақсатым – әскери антқа адал болып, еліміздің азаматтарының тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, — дейді 5517 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі сарбазы қатардағы Бауыржан Төлемағамет.
2025 жылы Қазақстанда аңызға айналған қолбасшының туғанына 115 жыл толуы кең көлемде аталып өтуде. Осыған орай Ұлттық ұлан бөлімшелерінде әскери-патриоттық рухты нығайтуға, тарихи жадты сақтауға және жас әскери қызметшілер арасында қаһарманның өнегесін кеңінен насихаттауға бағытталған еске алу, тәрбиелік және ақпараттық іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Айта кету керек, Бауыржан Момышұлының «Соғыс психологиясы» және «Ұшқан ұя» еңбектері құқықтық тәртіп әскерлеріндегі мемлекеттік-құқықтық және жауынгерлік даярлықтың рухани-тәжірибелік негізіне айналды.
Бүгінде Ұлттық ұлан сапында Бауыржан есімді жүздеген ұландықтың қызмет етуі – әскери дәстүрлердің сабақтастығы мен қазақ халқының жауынгерлік даңқы тарихында мәңгілік орын алған тұлға мұрасының айқын белгісі ретінде қабылданады.