Мерекелік дастархандағы барлығы сүйіп жейтін салаттар денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін, деп хабарлайды turkystan.kz health.mail.ru-ға сілтеме жасап.
Дәрігердің айтуынша, Жаңа жылда ең жиі тұтынылатын "селедка под шубой" мен "оливье" салаттары асқазан-ішек жолына ғана емес, ұзақ мерзімді перспективада жүрек-қантамыр жүйесіне де салмақ түсіреді. Әсіресе тұз мөлшері жоғары "селедка под шубой" қауіпті. Тұзды тағамды жиі және көп мөлшерде жеу қан тамырлары қабырғасының қалыңдауына, бүйрек қызметінің нашарлауына, тіпті остеопороз қаупінің артуына әкелуі мүмкін.
Бұл салаттағы көкөністер де мінсіз емес. Қайнатылған қызылша мен сәбіздің гликемиялық индексі жоғарылайды, соның салдарынан тағам қандағы қант деңгейін күрт көтеруі мүмкін. Сондықтан диабетпен ауыратын адамдар үшін бұл салат айрықша тәуекел тудырады.
Ал классикалық оливьеде холестерин мөлшері назар аударарлық деңгейде. Бір порцияда шамамен 170 мг холестерин бар, ал дені сау адам үшін тәуліктік шекті норма – 300 мг. Мерекелік кеште бірнеше порция жеу және оны өзге ауыр тағамдармен толықтыру атеросклероздың дамуын жеделдетуі ықтимал.
Мамандар Жаңа жылда салаттардан мүлде бас тарту қажет демейді, бірақ мөлшерді қадағалап, мәзірді жеңіл тағамдармен теңестіруге кеңес береді. Әйтпесе мерекенің өзі емес, оның салдары ұзақ есте қалуы мүмкін.