Инфляция икемге көнбей тұр

/
Инфляция икемге көнбей тұр
сурет: istockphoto.com

Үкімет пен Ұлттық Банк халықтың табысын жыл сайын «инфляция + 2-3 пайыз» формуласымен өсіруді көздеп отыр. 

«Инфляция + 2-3%»

Үкімет пен Ұлттық Банк бірлесіп әзір­леген 2026-2028 жылдарға арналған мак­ро-э­кономикалық тұрақтандыру бағдар­ла­ма­­сында халық табысы жыл сайын «инфля­ция + 2-3%» деңгейінде өсуге тиіс деген мақсат қой­ды. Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлей­ме­нов бұл туралы 17 желтоқсанда өткен Үкі­­мет отырысында мәлімдеген болатын. Алай­­да құжаттың толық мәтіні жарияланған жоқ, яғни жауаптылар бұл мақсатқа қалай, қайт­іп жетуді көздеп отырғандары әзірге бей­мәлім.
Егер әңгіме нақты жалақы емес, атаулы жа­лақы турасында болса, қуануға әлі ертерек деген сөз. Атаулы жалақының статистикалық өсімін халықтың табысы расымен өскен-өспегенін дәлелдейтін индикатор деп қарау дұрыс нәтиже бере бермейді. Керісінше, ол шынайы жағдай мен ресми көрсеткіштердің арасындағы қайшылықты ашып көрсетеді. Мәселен, Ұлттық статистика бюросының дерегіне қарасақ, Қазақстандағы орташа номиналды жалақы 2025 жылдың үшінші тоқсанында 429 368 теңгеге жетті, бұл 2024 жылдың осы кезеңіндегі жалақыға қарағанда 10 пайызға артық. Жалпы, орташа есеппен ал­ғанда, жалақы бірнеше пайызға өскені туралы ресми деректерді тоқсан сайын оқи­мыз. Қағазда бәрі өсіп жатыр. Бірақ бұл өсім инфляцияның «жемі» екені әдемі, алты таң­балы сандардың тасасында қалып қала бере­ді.Ал енді Еуразиялық экономикалық ко­миссияның дерегіне қарайық. 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қоры­тындысы бойынша елімізде нақты табыс 0,4 пайызға қысқарған. Қырғыз Рес­публикасы, Беларусь пен Ресейде де атаулы жалақы өсіп отыр, бірақ өсім ин­фляцияны басып озған. Нәтижесінде, нақ­ты жалақы Қырғыз Республикасында 10,9 пайызға, Беларусьте 10 пайызға, Ре­сейде 4,5 пайызға өскен. Демек, мәселе жа­лақының өсуінде емес, ол өсім яғни инфляцияны қаншалықты жеңе ала­ты­нында. Еліміздегі атаулы табыстың қағаз жү­зіндегі өсімі экономикадағы құры­лым­дық мәселелерді бүркемелеп тұр. Өнім­ділік баяу өсіп келеді, еңбек нары­ғы­ның сапасы аймақтар мен салалар бойын­ша әртүрлі, ал инфляцияның қы­сымы онсыз да буып тұр. Мұндай жағ­дай­да атаулы жалақы қанша өссе де, ха­­лықтың тұрмыс деңгейін шын мәнінде жақсарта алмайды.
Тағы бір жайт бар. Кейінгі он жыл­да Қазақстанның ЖІӨ-і шамамен 55 пайызға өскен. Алайда осы кезеңде ме­дианалық жалақы небәрі 24 пайызға ға­на өскен. Экономист Бақберген Тоқ­та­сын­ның есептеулеріне сәйкес, теңгемен есептегенде нақты жалақы 2011 жылдан бері 1,6 есеге өскенімен, долларға шақ­қан­да ол керісінше екі еседен астам тө­мен­деген. Яғни өсім бар, бірақ оны валю­талық және инфляциялық фактор­лар «жеп қойған». 
– Макроэкономикалық өсім жұмыс­шы­лардың көбінің табысына табыс қоса ал­ған жоқ, тіпті олардың тұрақты валю­тада өлшенетін кірісіне мүлде айнала алған жоқ, – деген қорытынды жасайды сарапшы.

Таргеттеу талаптан шықты ма?

Halyk Finance сарапшылары Қазақ­станда инфляциялық таргеттеу режимі ен­гізілгеніне 10 жыл толғанын еске са­лып, ауқымды зерттеу нәтижесін ұсынды. Сарапшылар Ұлттық Банктің осы бағыт­тағы жетістігін «икемді әрі даулы» деп бағалайды: базалық мөлшерлеме жоғары бол­ғанына қарамастан, инфляция айы­лын жияр емес.
Неліктен? Сарапшылар мәселе тек орталық банктің саясатына бай­ла­нысты емес екенін айтады. Олардың ай­туынша, Үкіметтің қыруар шығыны мен жеңілдікті қаржыландыру, эконо­ми­к­а­дағы шикізатқа тәуелділік, қаржы на­рығының дамымауы мен мемлекеттік ба­ғалы қағаздардың өтімділігі төмен болуы – инфляция қысымын қалып­тас­ты­рып отырған басты мәселелер. Соны-мен қатар Қазақстан сыртқы сынақтарға өте сезім­тал, бұл монетарлық саясаттың тиім­ді жұмыс істеуіне мұрша бермейді.
Ұлттық Банк халық пен бизнестің инфляцияны күтуін басқару қажет еке­нін мойындаса да, нақты қадамдар жа­салған жоқ. Сарапшылар атап өткендей, банк бұл тақырыпты ашық тек 2025 жыл­дың шілдесінде ғана көтеріп, «бар­лық мүдделі органдарды» бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Бірақ іс-қимыл жос­пары әзірленбеген, кең көлемде тал­қы­ланбаған. 
Halyk Finance монетарлық саясат тиім­ділігін арттыру үшін бұрыннан бел­гілі тәсілдерді қайта қарауды ұсынады: мем­лекеттің араласуын азайтып, өнім­ділік пен әртараптандыруды арттыру, ақша-кредит саясаты мен фискалдық сая­сатты үйлестіру. Сарапшылардың пі­кірінше, қарсыциклдік фискалдық ере­желер монетарлық құралдардан әл­де­қайда күшті әсер етеді.
Қорыта айтқанда, сарапшылардың айтуынша, он жылдық тәжірибе көрсет­кендей, базалық мөлшерлеме инфля­ция­ны таргеттеудің жалғыз құралы емес, ол жал­ғыз өзі ешқандай ұшпаққа шығара ал­майды, құрылымдық реформалар мен жан-жақты ойластырылған үйлесімді сая­сатсыз ол жарым-жартылай ғана жұ­мыс істейді.

Баға өсіміне болжам қандай?

Қарашаның қорытындысы бойынша жылдық инфляция төмендеп, 12,4 пайыз деңгейінде тұрақтады. Бұл ретте Қолдан­балы экономиканы зерттеу орталығы­ның (AERC) сарапшылары 2026 жылдың І тоқсанынан кейін инфляцияның жаңа толқыны болады деп болжап отыр. 
AERC бас директоры Жәнібек Айға­зин­нің айтуынша, Қазақстандағы қазіргі инфляция тек сыртқы факторлардың әсері­нен ғана емес, ішкі экономикалық ше­­­­шімдердің нәтижесінде де қалыптасып отыр. Атап айтқанда, жанар-жағармай баға­сын кезең-кезеңімен босату, сондай-ақ энергетика және коммуналдық сек­торды жаңғырту аясында жүзеге асы­рылып жатқан «тарифті  инвестицияға айырбастау» бағдарламасы бағаның өсуіне ықпал етті. Тарифтердің қымбат­тауы мен инфрақұрылымдық жобалар тауар­лар мен қызметтердің өзіндік құ­нын арттырып, ел ішінде проинфляция­лық орта қалыптастырып отыр.
Мемлекеттің экономиканы ынта­ландыру саясаты да бағаға түс­кен жанама қысымды күшейткен. «Бәй­те­рек» холдингі арқылы ірі жобаларды іске асыру экономикаға қомақты қаржы құюмен қатар жүреді. Сарапшының сө­зінше, бұл да – инфляциялық үдерістерді үдететін факторлардың бірі.
Ішкі орта инфляцияға бейім тұра­тынын көрсетіп отыр. Сыртқы орта да сон­дай. Айырбас бағамы инфляцияға тіке­лей әсер етеді. Сондықтан Үкімет 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңы­на дейін барлық тұтынушылар үшін ком­муналдық қызметтер тарифін өсіруге мораторий енгізді. Бірақ мен мұны уақыт­ша шара деп есептеймін. 2026 жы­лы бірінші тоқсаннан кейін баға өсімі қай­та жалғасады, – дейді Жәнібек Айға­зин.
Оның айтуынша, ең алдымен азық-тү­лік тауарлары мен қызметтер қым­баттайды. Бұл сегменттер әдетте шығын­дардың өсуіне және халықтың инф­ля­ция­­л­ық күтулеріне ең жылдам жауап бере­ді. Ал баға динамикасын айқындай­тын негізгі фактор ретінде сарапшы сыртқы ортаны, нақтырақ айтқанда, теңге бағамын атайды. Қазақстанда ин­фляцияға тигізетін айырбас бағамының әсері әкімшілік жолмен бағаны тежеу шараларынан әлдеқайда күштірек болып отыр.
Қаржы нарығының кәсіби қатысу­шы­лары арасында жүргізілген Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының кезекті сауалнамасы да  болжамдардың біркелкі емес екенін көрсетеді. Қысқа мерзімде тең­геге қатысты болжамдар жақсар­ға­ны­мен, инфляция, экономикалық өсім мен мұнай бағасы бойынша болжамдар керісінше, көңіл көншітпейді.
Бір айда 1 доллар 517,1 теңге дең­гейін­де болады деп күтіледі (бұ­ған дейін – 532,8). Бұл Ұлттық қордан шет­ел валютасының сатылуы, квази­мем­лекеттік сектор субъектілерінің опера­ция­лары, салық кезеңінің әсері, мемле­кет­тік бағалы қағаздарға бейрезиденттер ағыны және реттеушінің қатаң ритори­касымен түсіндіріледі. Яғни, қысқамер­зім­ді тұрақтылық негізінен әкімшілік және тактикалық факторлар есебінен туын­дап отыр. Алайда бір жылдық бол­жам­дағы көрініс басқаша. 12 айдан кейін бағам 553,6 теңге деңгейіне әлсірейді деп бол­жануда. Бұған шикізат экспорты кірістерінің ықтимал төмендеуі және келесі жылы Ұлттық қордан трансферт­тердің шамамен екі есе қысқаруы себеп болмақ. Бұл теңгенің ортамерзімді перс­пективада сыртқы табысқа және фис­калдық саясатқа тәуелді екенін тағы бір мәрте айқындайды.
Жалпы, сарапшылар алдағы 12 айда инфляция 11,7 пайыз деңгейінде болады деп болжап отыр, бұған дейінгі болжам – 11,2 пайыз. Инфляцияның өсуі баяула­маған жағдайда, қаңтар айында базалық мөлшерлеме 18 пайыз деңгейінде сақ­та­лады деп күтеді. Дегенмен бір жыл ішінде ол 16,5 пайызға дейін төмендеуі мүмкін.

P.S. 

Ұлттық Банк төрағасы сұхбаттарының бірінде айтқандай, инфляция, ең алдымен, қарапайым халыққа ауыр тиеді. Шындығына келгенде, халық тапқан нанын инфляциямен бөлісіп жеп отыр. Осылайша, жалақы мен жалпы ішкі өнімнің өсімі елдің нақты, шынайы табысына оң әсер ете алмайды. 
Осы аптада Үкімет баға мен инфляцияға қатысты екі жиын өткізіп, жос­парларын талқылады, әуелде айтып өткен «инфляция + 2-3%» бағ­дар­ламасы тағы бар. Дегенмен сарапшылар көрсетіп, түсіндіріп, айтып жүр­ген мәселелер сол күйі қалса, жоба-жоспарлардың нәтижесі жансыз ста­тистика ғана болмақ.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары