Адамның күш-қуаты қай жаста шарықтау шегіне жетеді?

/
Адамның күш-қуаты қай жаста шарықтау шегіне жетеді?
сурет: istockphoto.com

Физикалық мүмкіндіктердің шарықтау шегі – 35 жас шамасы. Швециядағы Каролин институтының ғалымдары осындай қорытындыға келді. Journal of Cachexia, Sarcopenia and Muscle журналында жарияланған зерттеу деректеріне сәйкес, дәл осы жастан кейін төзімділік, бұлшықет күші мен жұмыс қабілеті біртіндеп төмендей бастайды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеу Швециядағы физикалық белсенділік пен дене дайындығын ұзақ мерзім бойы бақылаған бірегей жобаға сүйенеді. Ғалымдар 16 жастан 63 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдерді бірнеше онжылдық бойы қадағалап, физикалық көрсеткіштерін тұрақты түрде өлшеп отырған. Мұндай дерек қоры қартаю мен физикалық форма арасындағы байланысты нақтырақ көрсетуге мүмкіндік берген.

Нәтижелерге қарағанда, құлдырау үрдісі адамның қаншалықты белсенді екеніне қарамастан басталады. Алайда қозғалыс пен жаттығу бұл үрдісті баяулатады. Тіпті ересек жаста ғана спортпен жүйелі түрде айналыса бастаған қатысушылардың өзі физикалық көрсеткіштерін 5–10% жақсарта алған.

Зерттеу авторларының айтуынша, бұл дерек «кеш бастау» деген ұғымның жоқ екенін көрсетеді. Қартаюды тоқтату мүмкін емес, бірақ оның қарқынын басқаруға болады. Келесі кезеңде ғалымдар физикалық форманың неге дәл 35 жас шамасында шарықтайтынын және жаттығулардың не себепті қартаюды тек баяулата алатынын, бірақ толық тоқтатпайтынын биологиялық тұрғыда түсіндіруге ниетті.

Қысқасы, уақыт бәрібір өз дегенін істейді. Бірақ қозғалыс – соған қарсы қойылатын ең тиімді, әрі қолжетімді құрал.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары