Адамзат 2039 жылға қарай өлімді жеңуі мүмкін. Осындай батыл уәдені америкалық миллиардер әрі биохакер Брайан Джонсон беріп отыр. Ол қартайуды «техникалық ақау» ретінде қарастырады және оны деректер, жасанды интеллект пен медициналық эксперименттер арқылы жоюға болады деп есептейді, деп хабарлайды turkystan.kz fortune.com-ға сілтеме жасап.
48 жастағы Джонсон қазірдің өзінде өмірін радикал бақылауға алған. Ол өзінің денсаулығын бағалайтын басты «дәрігер» ретінде жасанды интеллектіні пайдаланады, ал биологиялық көрсеткіштері бойынша жасы небәрі 31-де. Бұған жету жолында ол ұйқыдан бастап тамақтану мен гормондарға дейінгі барлық процесті алгоритмдерге бағындырған.
Ең көп талқыланған қадамдарының бірі – 17 жастағы ұлынан қан плазмасын құюы. Бұл әрекет қоғамда этикалық дау тудырғанымен, Джонсон мұны қартаюды баяулатудың ықтимал тәсілі ретінде түсіндіреді.
Дегенмен ол өзі де қауіптің барын жасырмайды. «Бессмерттікке апарар жолда әлі шешілмеген “багтар” көп. Соның бірі – қатерлі ісік немесе ауыр жанама әсерлерді кездейсоқ қоздыру қаупі», – дейді ол.
Ғалымдар мұндай мәлімдемелерге абай қарайды. Қартаю – бір ғана механизм емес, күрделі биологиялық процесс. Ал жеке эксперименттер медицина үшін әмбебап шешім бола алмайды. Соған қарамастан, Джонсон сынды биохакерлер Кремний алқабында жаңа тренд қалыптастырып отыр: өмірді ұзарту енді философиялық сұрақ емес, инженерлік міндет ретінде қарастырыла бастады.
Бессмерттік әзірге ғылыми факт емес. Бірақ оған ұмтылу – XXI ғасырдың ең қымбат әрі ең даулы жобаларының біріне айналып үлгерді.