Өзін-өзі бақылау бақыт әкеле ме, әлде бақыт өзін-өзі бақылауды күшейте ме? Психологиядағы қалыптасқан түсінікке күмән келтірген жаңа зерттеу осы сұраққа басқаша жауап ұсынады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Social Psychological and Personality Science журналында жарияланған зерттеу нәтижесіне сәйкес, адамның психологиялық әл-ауқаты өзін-өзі бақылаудың салдары емес, керісінше, оның алғышарты болуы мүмкін. Яғни алдымен ішкі күйі орнықты, эмоциялық тұрғыдан өзін жақсы сезінетін адамдар ұзақ мерзімді мақсаттарға жетуде әлдеқайда төзімді әрі тәртіпті болады.
Көп жыл бойы психологияда өзін-өзі бақылау табысты өмірдің кілті деген түсінік үстемдік етті. Қысқа мерзімді ләззаттан бас тартып, ұзақ мерзімді мақсатқа жұмыс істеу денсаулықты, мансапты және қаржылық тұрақтылықты жақсартады, ал бұл өз кезегінде бақытқа жеткізеді деп есептелді. Алайда осы логиканы дәлелдейтін нақты себеп-салдарлық деректер жеткіліксіз болып шықты.
Зерттеу авторы, Сингапур Ұлттық университетінің доценті Лиле Цзяның айтуынша, бұрынғы еңбектердің басым бөлігі тек корреляцияға сүйенген. Бұл екі құбылыстың қатар жүретінін көрсеткенімен, қайсысы қайсысына әсер ететінін анықтай алмайды. Ал ұзақ мерзімді зерттеулерде қолданылған әдістер де бұл байланысты нақтылауға мүмкіндік бермеген.
Осы олқылықты толтыру үшін ғалымдар үш кезеңнен тұратын, бір жылға созылған лонгитюдті зерттеу жүргізді. Алғашқы зерттеуге Азия елдерінің бірінде жұмыс істейтін 377 ересек адам қатысты. Әр алты ай сайын қатысушылардың өзін-өзі бақылау деңгейі мен психологиялық әл-ауқаты арнайы шкалалар арқылы өлшенді. Ғалымдар деректерді талдау үшін күрделі статистикалық модельдерді қолданған.
Нәтиже тосын болды: уақыт өте келе психологиялық әл-ауқаттың жоғары болуы өзін-өзі бақылаудың артуына ықпал еткен, ал кері байланыс, яғни өзін-өзі қатты бақылаудың бақытты етуі айқын байқалмаған. Бұл тұжырым эмоциялардың адамның ойлау көкжиегін кеңейтетінін айтатын Барбара Фредриксонның «кеңейту және жинақтау» теориясымен де үндеседі. Позитивті эмоциялар адамның ішкі ресурстарын арттырып, тәртіп пен табандылықты жеңілдетеді.
Зерттеу авторлары бұл қорытынды өзін-өзі жетілдіру мәдениетіне маңызды түзету енгізетінін айтады. Мәселе тек ерік-жігерді күшейтуде емес, алдымен адамның ішкі жағдайын жақсартуда. Демек, ұзақ мерзімді мақсаттарға жетудің ең тиімді жолы – өзіңізді қатаң бақылауға алу емес, психологиялық саулықты бірінші орынға қою.