«Чувство меры». Орыстарда бұрыннан берік қалыптасқан, өздері едәуір жиі қолданатын осындай сөз тіркесі бар. Қысқа да нұсқа, дәлме-дәл қазақша баламасын табу қиындау. Тарата айтсақ, әрненің парқы мен шегін, соның ішінде кісі баласы өзгенің де, өзінің де шамасын білетін қасиетін тап басып бейнелейтін сөзсаптам. Яғни, «бәрінің шама-шегін жіті сезіну» (Абайша айтқанда, «әр нәрсенің өлшеуін») әм «шамаңды білу» қасиетін, «ішкі цензураңды» аңдататын әдемі тіркес.
Меніңше, мұны байырғы қазақ бір-ақ сөзбен «сұңғылалық» десе керек-ті...
Көзімнің жеткені – талғампаздықтан сәл бөлектеу, сирек те серек осы қасиеттен біздің қазақтың қазіргі қалың оқырманы мен жазарманы, соның қатарында, әсіресе «ақындарының» көбі мақұрым. Мазмұны оны жазушының өзінен басқаның ішін пыстырып жіберетін бірсарынды, езбе «публицистикалық-саяси» сөзуарлыққа бейім, дыбыс қуалауға құмар, соңына жеткенше ішегің үзіле жаздайтын «шындығы» шұбалған шетсіз-шексіз шумақтарға әуес, тақырып талғай бермейтін кей «шайырдың» графомандығы да – соның «жемісі», сірә.
Таласа оқылса, талғамға татыса, мақұл ғой, балладасының өзі батпандай бір кітап, арнаулары алты кітап болатын ақындар бар. Тоқтайтын тұсты, қаламын қаңтаратын кезді сезінбейтіні көп. Өзін-өзі қызықтап кетеді. Онша оқылмайтын болған соң олқысының орнын, ішкі қуаты кемшіндігін, мазмұн-мәні жұтаңдығын «музыкамен» жауып, «креатив поэзия» жасауға тыраштанушылар шықты тағы да.
Қысқасы, қазақша қайырсақ: «шөп те өлең, шөңге де өлең», өңге де өлең...
Әттең, ондайға тоқтау салып, тежеу мүмкін емес сияқты. Өйткені «Айтушы мен тыңдаушы көбі надан, Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы» (Абай хәкім). Құнанбайдың дана перзенті қойып кеткен сол «диагноз» бәз баяғыша, еш өзгерместен өзекті болып отырғаны – үшбу «дертке» дауа жоқ екеніне дәлел ме деймін. Қайтерсің...
Батырболат АЙТБОЛАТҰЛЫ