Көк жарық ми жұмысын тікелей өзгертеді – ғалымдар

/
Көк жарық ми жұмысын тікелей өзгертеді – ғалымдар
сурет: istockphoto.com

Смартфон, компьютер мониторлары мен диод шамдар шығаратын көк жарық адамның ми қызметінің негізгі параметрлеріне тікелей әсер етеді. Мұндай қорытындыға бельгиялық ғалымдар келіп, зерттеу нәтижелерін Neurobiology of Sleep and Circadian Rhythms журналында жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ғалымдардың айтуынша, жарықтың көзге көрінбейтін әсері бұрыннан зерттеліп келеді. Әсіресе көк спектр сергектікке, биологиялық тәуліктік ырғақтарға және зейін деңгейіне жауап береді. Бұл үдерісте меланопсин деп аталатын ерекше пигменті бар тор қабық жасушалары маңызды рөл атқарады. Олар қысқа толқынды жарықты сезіп, миға танымдық қызметтерді басқаратын аймақтарға сигнал жібереді.

Зерттеу барысында 28 ерікті жасөспірім мен ересек қатысқан. Экспериментке дейін бірнеше күн бойы қатысушылар қатаң ұйқы режимін сақтаған. Лабораториялық жағдайда олар кезекпен сарғылт жарыққа (бақылау тобы), орташа деңгейдегі көк жарыққа және жоғары қарқынды көк жарыққа толы бөлмеде отырған. Мидың қозғыштығы транскраниалдық магниттік стимуляция мен жоғары тығыздықтағы ЭЭГ арқылы өлшенді. Сонымен қатар еріктілер зейін мен қозғалыс дәлдігін тексеретін тапсырмаларды орындады.

Нәтижесінде жас ересектерде орташа деңгейдегі көк жарық ми қыртысының қозғыштығын айқын арттыратыны анықталды. Бұл мидың ақпаратты өңдеуге дайын күйге келетінін көрсетеді. Алайда жарық қарқындылығы артқан сайын әсер әлсіреген. Мұны ғалымдар когнитивтік тиімділік пен қозу деңгейінің «кері U-тәрізді» тәуелділігімен түсіндіреді.

Ал жасөспірімдерде көк жарықтың әсері байқалмады. Орташа да, жоғары қарқынды көк жарық та ми қыртысының жұмысында елеулі өзгеріс тудырмаған. Мамандар мұны жас ерекшеліктерімен, көз оптикасының дамуы немесе гаджеттерді пайдалану әдеттерімен байланыстыруы мүмкін екенін айтады.

Соған қарамастан, екі топта да ортақ заңдылық анықталған: ми қыртысының қозғыштығы неғұрлым жоғары болса, тапсырмаларды орындау нәтижесі соғұрлым жақсы болған. Бірақ жарықтың өзі бұл көрсеткішті тек ересектерде ғана өзгерте алған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары