Адам ағзасына қанша су керек екені ешқандай формуламен емес, табиғи механизммен анықталады. Бұл туралы kp.ru-ға нейроэндокринолог, РНИМУ доценті Юрий Потешкин мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Маманның айтуынша, суға деген қажеттілікті орталық жүйке жүйесі реттейді.
«Денеге сұйықтық жетіспегенде, ми бірден белгі береді. Біз оны шөлдеу ретінде сеземіз. Бұл – табиғат бізге берген ең дәл сигнал», – деді дәрігер.
Оның сөзінше, жиі айтылатын «35–40 мл су/кг» формулалары тек ерекше жағдайларда, яғни адамның табиғи шөл сезіну жүйесі бұзылғанда ғана қолданылады.
Потешкин артық суды өзіңді күштеп ішудің зиян екенін де ескертті. Кейбіреулер аштықты басу немесе тез арықтау үшін суды көп ішеді, алайда бұл ағзаға жүк түсіреді.
«Бүйрек артық сұйықтықты өздігінен сүзеді. Бірақ суды шамадан тыс көп ішу керісінше стресс туғызуы мүмкін», – деді маман.