Кивидегі С дәрумені тері саулығына пайдалы екені дәлелденді

/
Кивидегі С дәрумені тері саулығына пайдалы екені дәлелденді
сурет: istockphoto.com

Жаңа зерттеу кивиден алынған С дәрумені теріні косметикадан да тиімді жақсартатынын көрсетті. Мұндай қорытындыны Отаго университетінің ғалымдары жасап, жұмыстың нәтижесін Journal of Investigative Dermatology басылымы жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеуге Жаңа Зеландия мен Германиядан 24 ересек адам қатысқан. Олар сегіз апта бойы күн сайын SunGold сортының екі кивисін жеп отырған. Бұл екі жемістің құрамындағы С дәруменінің мөлшері шамамен 250 мг болған. Тәжірибе алдында және кейін еріктілердің тері үлгілері алынып, оның қалыңдығы, серпімділігі, жасушалардың жаңару жылдамдығы және қорғаныс қабілеті өлшенген.

Ғалымдардың айтуынша, рационға киви қосқаннан кейін терідегі С дәруменінің деңгейі айтарлықтай артқан.

Тәжірибе нәтижесі:
– тері қалыңдаған – бұл коллаген синтезінің күшейгенін көрсетеді;
– сыртқы қабаттағы жасушалардың жаңаруы жылдамдаған;
– қорғаныс функциялары жақсарған.

Мамандардың түсіндіруінше, тері витамин С-ні ең тиімді түрде қан арқылы қабылдайды, ал кремдер молекуланы терінің сыртқы қабатынан өткізе бермейді.

Зерттеуде С дәрумені жоғары киви қолданылғанымен, осындай әсерді цитрус жемістері, жидектер, болгар бұрышы және брокколи сияқты басқа өнімдер де бере алады. Ғалымдар күніне шамамен 250 мг С дәруменін қабылдау терінің оңтайлы деңгейін сақтау үшін жеткілікті екенін айтады.

Алайда организм бұл дәруменді қор ретінде жинамайды, сондықтан мамандар «күніне бес порция көкөніс пен жеміс» ережесін ұстанып, міндетті түрде С дәруменіне бай өнімді қосуға кеңес береді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары